Әкеңмен ақылдас, ұлым!

— Ана, мен сізден бір нәрсе сұрайын деп едім.
— Сұрай ғой, ұлым.
— Ер-азаматқа төрт әйел алса болады екен ғой, Пайғамбардың төрт әйелі болыпты.
— Балам, жол болсын. Неге сүйеніп айтып отырсың?
— «Әдебиет» сабағынан Абай ата жайлы ашық сабақ өткен еді. Апай «Абай аталарыңның төрт әйелі болған», — деп айтты. Содан Абай атамыздың әйелдерін атап шықтық.
— Дұрыс, «Білгенге – маржан» дейді емес пе! Соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) де төрт әйелі болған екен. Мұның барлығы бағзы заманда көпбалалы отбасы болып, бәрі жиналып тату-тәтті өмір сүру үшін жасалынған дәстүр, балам.
— Ұлым-ай, сен мұндай әңгімелерді әкеңмен бөліссең жақсы болар еді.
— Ана, әкемнен барып сұрап едім, машинаның астынан шықпай: «Ой, боқмұрын!» деп ұрсып тастады. Әкеммен сөйлесейін десем, үнемі маған ұрсады да отырады.
— Балам, әкеңнің бірнәрсені жөндей алмай иті шығып отырғанда барасың да, қойып қаласың. Содан әкең саған оқыс жауап береді.
— Ана, «иті» қалай шығады?
— Балам, ашуы кеп, сіркесі су көтермей тұрған адамды осылай атайды. Теңеу ғой. Әдеби тілде қалай айтады, әсірелеуді?
— Гипербола дейді.
— Дұрыс, балам.
— Әкеммен жақсылап сөйлесу үшін не істеймін?
— Әкеңнің жалғыз өзі шаруасын тындыра алмай жатқанын көріп тұрып, көмектеспейсің. Теледидарды өшірсең, ойнап кетесің. Балалармен кетсең, көше-көшені аралап жүріп тауып әкелемін. Әкеңнің қасына барып:
— Әке, қалыңыз қалай? Әкеліңіз, мен көмектесіп жіберейін. Әке, шөлдеп қалдыңыз ба? Әке, маған айтыңыз, керек затқа қол жалғап жіберейін, — десең, әкең ұлының ержете бастағанына, ақылы кіріп келе жатқанына қуанып кетеді. Екеуің бір-біріңе қолғабыс ете отырып, талай әңгімені айтып тастайсыңдар.
— Ана, осы мен бір нәрсе айтсам, бәрі мені ұнатпайтын сияқты.
— Кім тағы саған сөйлеп жүрген?
— Сол апай, Абай атаға арналған ашық сабақта: «Абай , төрт әйелді не үшін алды?» десем, Апай:
— Өзің төрт әйел ал, сонда білесің, — деді.
Балалар ду күлді.
— Балам, мұндай нәрселерді көңіліңе алма. Апайың өзі жас. Айтқаны болмаса, мәселені талдап, жөн-жосықты түсіндіре алатын жағдайда емес. Айтылған көп нәрсені ойыңа түйіп, анау-мынау майда-шүйдеге мән берме. Кейін әр нәрсенің өз уақыты, сын сағаты келеді. Сонда түсінесің.
— Ана, мен сізден тағы бір нәрсе сұрайыншы.
— Сұрай ғой, күнім.
— Мен шашымды өзгертіп, сырға тақсам, не дейсіз?
— Балам, сенің айтып отырғаның мұсылман баласына жат нәрсе. Сен – болашақтың ер-азаматысың. Отбасыңның иесісің. Сондықтан, көшеде жүрген балалардың жаман әдетіне үйір болма. Қалай ойлайсың, ертең сенің ұлың құлағына сырға тағамын десе, құптайсың ба?
— Не, қызтекесің бе? – деп ұрсамын.
— Көрдің бе, балам. Балаңның бұл ісін құптамайсың. Өзің сырға тағып, әйел затына ұқсап, шашыңды түрлі-түске бояп жүрсең, ұл-қызыңа қандай өнеге көрсетесің?
— Анада қыздармен осы әңгімеге байланысты
айтысып қалдық. Қыздар бізге тура сіздің айтқаныңызды айтты. Сонда бір бала: «Сендер айта беріңдер. Шыңғысханнан бері қарай әскерлер сырға тағады» деп қалды.
— Балам, мәнін білмеген нәрсені айтып, сүйкімсіз болудың қажеті жоқ. Әр кезеңнің өз міндеттері бар. Қалай болғанда да сен мұсылмансың. Тегі мұсылман баласы әйел затының әшекейіне жармаспайды.
— Ана, сіз әйел заты деп көп қайталадыңыз (қалжыңдап). Сіз затқа ұқсайсыз ба?
— Ұлым, қыздар, жасы үлкен тәтелер, барлық аналар әйел заты болып есептеледі.
— Ана, мен әкеме барып, көмектесейін. Әйтпесе, әкемнің «иті» қауып алар (мәз болып күледі).
— Күнім-ай, сол, осы сенің-ақ қалжыңың қалмайды-ау…
Жанастан КУЧУКОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *