Ермек МЕДЕНОВ, әнші, саксофонист: Өнерге келуімізге ата-анам себепші болды

– Ермек аға, әңгімемізді балалық шағыңыздан бастайық. Туып-өскен жеріңіз жайлы айтсаңыз. Кішкентай кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы, Шар ауданы, Кезеңсу ауылы. Кішкентай кезімде бала армандар өте көп болды. Ата — анамның айтуы бойынша кішкентай кезімнен әнге, музыкаға әуес болған екенмін. Ес білгеннен кейін сазгер болуды армандадым. Сол кезде менің жаныма жақын адам белгілі сазгер Теміржан Базарбаев ағамыз болды.
– Өнер әлеміне қалай келдіңіз? Ең алғашқы қадам қалай жасалды?
–Өнерге бізді әке-шешеміз алып келді. Әкем – суретші, анам – физика пәнінің мұғалімі. Екеуінің мамандықтары бөлек болса да, өнерге өте жақын болды. Әкем баянда, гитарада ойнаса, ал анам домбыра тартатын. Жанұямызбен өнерге жақын екенімізді бізді білетін барлық адамдар айта алады. Отбасында үш баламыз. Әпкем – Назым, мен және қарындасым Айдана. Алғашқы рет музыкалық мектеп, ары қарай музыкалық колледж, содан кейін арман қуып Алматыға келіп, «Құрманғазы» атындағы консерваторияның түлегі болдық.
–Қарындасыңыз Айдана Меденова бүгінде жастардың сүйікті әншісі. Айдана кішкентай кезінде қандай еді? Қызықты естеліктермен бөліссеңіз.
– Қарындасым Айдана жанұямыздың кенжесі. Ерке болса да еңбекқор болып өсті. Кішкентай кезінен бос уақыты жоқ болатын. Музыкалық үйірмелерге, түрлі жарыстарға белсене қатысты. Қызықты сәттер өте көп. Кішкентай кезінде сабағына, үйірмелеріне жетелеп апаратынмын. Есімде қалғаны музыкалық мектептен шығамын дегенше бір жерге барып келейін деп кетіп қалғанмын. Қайтып келсем жоқ. Жоғалтып алдым деп айғайлап жүрсем, үйге келіп алыпты. Ол кезде бес жаста еді. Үйде ештеңе болмағандай, ойнап жүр. Өзім жетелеп жүріп, арасында осылай адасып қалатынмын.
– Екеуіңіз шығармашылықта жиі байланыста боласыздар ма? Бір-біріңізге бұл салада қаншалықты ақыл немесе сын айтасыздар?
– Әрине. Музыкалық бағытта Айданамен жиі кеңесемін. Ол жаңа идеяларымен бөліседі. Мен де жаңа ән шықса оған жіберіп тұрамын. Өзіне ұнағанын таңдап алады. Үнемі қолдау көрсетіп тұрамыз. Бір-бірімізден ешқашан ақылымызды аяған емеспіз. Білмей, байқамай жатқан жерлерді, айтып, көрсетіп жіберуді сын деп қабылдамаймыз. Ол нағыз жанашырлық деп айтқан дұрыс шығар.
– Саксофонда керемет ойнайтыныңызды білеміз. Тағы қандай аспаптарда ойнай аласыз? Не себепті дәл осы аспап сіздің серігіңізге айналды?
– Кішкентай кезімнен саксофонды жақсы көремін. Бұл аспапта ойнауыма әкем себепші болдыОл кезде саксофон қатты танымал аспап болмаған тәрізді, соған қарағанда әкем мені елден өзгешелеу болсын деген шығар. Батырхан Шүкенов ағамызға еліктеп өстім. Бұл аспаптың үні жаныма жақын, өзіме қатты ұнайды. Музыкант болғаннан кейін кез келген аспапта ойнай аламын. Фортопиано, үрлемелі аспаптар, баян т.б.
–Ән қоржыныңыздағы әндердің сөзіне қаншалықты мән бересіз? Сіздің «төлқұжатыңызға» айналған деп қай әнді атар едіңіз.
– Әншінің бағын асыратын – әні. Сөзі мен әні бір-бірімен үйлесім тапса халықтың жүрегінен орын алады. Әннің сөзіне ерекше мән беремін. Ән мен мәтін бір-бірін тапқанда ғана ән ғұмырлы болмақ. Саят Қамшыгер, Ринат Зайтов секілді көптеген ақын ағаларыммен шығармашылық байланыстамын. Барлық әндерім жаныма жақын. Ал ұнап жатқанына xалық өзі бағасын берер деп ойлаймын.
– Көп әншілер балаларының өнер адамы болғанын қаламайды. Әсіресе қыз баланың. Сіздің ойыңыз қандай?
– Өнер жолы – өте ауыр жол. Қыз балаға өнер жолында жүру қиын. Қарындасым Айдана «Кешью» тобында жүргенде алаңдап, қайда жүрсе де хабарласып, жағдайын біліп отыратынмын. Тезірек отбасын құрса екен деп армандайтынмын. Шүкір, қазір отбасылы, екі баланың анасы. Баланың кез келген таңдауын қолдау – әрбір ата-ананың міндеті деп білемін. «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген xалық нақылы осы жерде орынды болатын сияқты.
– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Арманыңыз?
– Биылғы жылы шығармашылығымызда көптеген жаңалықтар болды. Марқұм анамызға арнап «Анашым-ай» атты әнімізге бейнебаян түсірдік. Бұл көптен бері ойымызда жүрген, анамызға деген сағынышымызды басып, еске алу ретінде жазылған ән болатын. Алдағы уақытта әндеріме бейнебаян түсіріп, халықтың назарына ұсынғым келеді. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Арман да көп, жоспар одан да көп. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жақындарымыз, отбасымыз, балаларымыз бақытты өмір сүрсе екен.
– Отбасында бала тәрбиесіне әке ретінде қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Отбасында бала тәрбиесі үшін ананың орны қандай маңызды болса, әкенің де рөлі сол дәрежеде жоғары. Ата-анамыз ұлағатты ұстаздар болғандықтан, бізді барынша білім нәрімен сусындатып, жақсы тәрбие берді. Ата-анамызға бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялы алақандарымен мәпелеп өсіргендеріне үлкен алғыс айтамын. «Баланы тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле, балаң саған қарап өседі» деген сөз бар. Сол себепті, әке ретінде бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараймын. Басты талабым – әділетті болу, ешкімді алдамау, адамдардан қолыңнан келгенше көмегіңді аямау. Баланы ұрсып тәрбиелегеннен гөрі, ісіңмен көрсетіп, ақыл айтып, білмегенін үйретіп отырсақ жеке тұлға болып қалыптасуына пайдасы зор деп ойлаймын.
– Әнші болсам, сазгерлікпен айналыссам дейтін кішкентай оқырмандарымызға қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз?
– Қадірлі балалар, егер де өз бойыңнан қандай да бір талантты байқасаңдар, тоқтап қалмай, соны дамытуға талпыныңдар. Үнемі еңбектеніңдер. Жалқаулық, еріншектік ешкімнің ісін алға басқызбайды. Кім біледі, сендердің де араларыңнан болашақта Шәмші аталарың секілді атақты композиторлар шығатын болар. Жан-жақты болыңдар. Өздеріңді қай жағынан болсын кәсіби дамытуды үйреніңдер. Сонда мақсаттарыңа жетесіңдер.

Сұхбаттасқан – Гүлім Еркінбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *