КӨК БАЙРАҚТАЙ ЖЕЙДЕ

Нұрлан ҚҰМАР

1983 жылы туған. 2000 жылы Алматыдағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияны тәмамдады. 2000-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін және магистратураны үздік бітірген. Қазірде «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Үркер» және «Ана тілі» газетінің Әлеумет және ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етуде. Назарларыңа жазушының жас оқырмандарға арналған қысқа әңгімелерін ұсынып отырмыз.

 

КӨК БАЙРАҚТАЙ ЖЕЙДЕ

Асан ата-анасымен бірге Алматыға қайтып барады. Елдің ыстық ықыласы-ай! Жол жүргелі отырған балаларына атасы ақ батасын арнады.
Содан кейін жылдағы әдетінше Асанға қараған.
–Бұйымтайың болса, айта отыр, балам!
— Ата,- деді Асан ерекше іш тартып, әрі қысылған қалыппен. «Көзі неткен сұғанақ еді»,- деп айып ете көрмеңізші! Сіздердің «Алтын тойларыңыздан» тәбәрік әкетсем деп едім. Айтсам бар ғой. Көп сыйлықтың ішінен бір көк жейде ұнап қалды.
— Үйбәй-ау, қалағаның сол болса, несін аяймыз.
— Киімім көп, әзір кимеспін,- деп сандыққа салып тастаған көк жейдені атасы тауып әкеліп тұр. Тура Қазақстанның көк байрағы секілді көркем жейде көзге ерекше көріне ме, қалай ? Осыны атамды сағынғанда иіскеп, күтіп кисем,-деді Асан.
Жиналып отырған туысқандар да сол сәт үнсіздік танытты. Әркім өз ойымен әуре.
-Еліме, Жеріме адал қызмет етемін,- деп, ант беріп, көк байрақты сүйген Елбасының келбеті Асанның көз алдынан көлбеңдеді.
Тізерлеп тұрып, Жалауға тағзым еткен жас сардарлар көкейінен кетер ме?!
— Ту желбіресе, көңілім көтеріледі!- дейтінін қайтерсің қарындасы Айнұрға.
Расында да қалада жүргенде қашанда кеңселердің төбесіндегі көк байрақты көргенде қатты қуанушы еді. Қазір де сол, көк жейдеге сүйсіне қарап қалды.
— Тәуелсіздікті қорғайтын ұрпақ біздерміз ғой. Туған өлкені, Сіздерді өте жақсы көремін. Атамның көкпеңбек жейдесіне терең құрметпен қарайтыным анық.
Асан жейдені кеудесіне басты…

АЛҒАШҚЫ БЕСТІК

Қанат «Ана тілін» ашып, «Тұрмыс — салт жырларына» көзін жүгіртті. Кеше оқымап еді, «екі» алды. Содан кейін жұмыстан шаршап келген анасы бар ашуын бұған төкті.
— Жетесіз, зейінсіз, еріншек, тасжүрек. Дүниедегі ең оңбаған адам Қанат болып шықты. Анасы күнұзаққа жұмыста жүріп табанын тоздырады. Ұлы болса оп-оңай тақпақты жаттамай, төзімін сарқиды.
Қас қылғандай тағы да жаттауға тақпақ беріліпті. Үй тапсырмасын көріп, көңіл — күйі құлдырап, Қанат еріксіз кітапқа көз жүгіртті.
Әкем жоқ деп жылама,
Байғүс қыздар, жар-жар.
Әке орнына қайын атаң
Онда болар, жар-жар.
Он бөліп, ыңырсып, он рет оқыды.
Немересінің дауысын естіп, Бәтіш әжей орнынан үш ұмтылып әрең тұрды.
— Апырай, мынау «жар-жар» ғой. Бүкіл түпнұсқасы көкірегінде сайрап жатыр. Көзі жылтырап, Қанатқа сүйсіне қарайды.
— Иә, «Ауыз әдебиетінің үлгілері»- деп жазып қойыпты. Ескі нәрселер емес пе?
Қанат осыны айтып, қолдау күткен-ді.
— Жоқ-ә? Мұндай мұралар ескіре ме? Бүгінгі өмірге нақ осылар жетпей жатыр. Әрі өзі білетін «Жар-жарды» айтып, Қанатқа бірнеше рет қайталатып отырды. Әжесі толқыды, немересі шыдап бақты.
Ертесінде Қанат оқулықта жоқ жар-жарды төгіп тастады. Мұғалім де, оқушылар да жымың-жымың етеді.
— Бағаң- Бес! Жарайсың!
Сол сәт денесін жеп-жеңіл сезінді. Тіпті жан-жағы көңілденіп кеткендей болған. Қанат үйіне қарай құйындатып ұшты. Әрине, алғашқы бестігімен әжесін қуантатындығы күмәнсіз.

МЕН СОҒЫСТЫ ЖЕК КӨРЕМ

-Әже, кітап оқып отырсыз ба? Ұйқыдан оянған Гүлімнің дауысы тым шат естіледі.
Әжесі әлдеқандай сарғыш тартқан фотосуретке тесіліп қарап қалыпты. Басын көтерер емес.
-Бұл кім? Ескі суретке сонша неге қарадыңыз?
-Менің әкемнің бейнесі. Сендердің бабаларың. Соғысқа кетті де оралмады.
-Әже, соғыс деген не? Атамыз бір жерде адасып жүрген болар. Бәлкім келіп қалар. Гүлім әжесінің бетінен сүйіп, көз-жасын сүртіп әлекке түсті.
-Туу, соғыс па, айтып жатқандарың. Ол – жаман нәрсе. Кинолардан көргем. Пух-пух, пах-пах. Адамдар бірін-бірі атады. Оқтар зу-зу, зың-зың ұшады. Гүліммен тетелес Ғани сұқ саусағын кезеп, жан-жаққа оқ жаудырды. Өзі атады, өзі құлайды. Біресе еңбектейді, біресе жаудан тығылған болып бұрыш-бұрышқа қашады.
— Бөлмені шаңдаттың ғой, әрі-бері жүгіріп.
Гүлім ұрысса, Ғани сықылықтап күледі.
Әжесі қос құлынын бауырына басып, өткен өмір жайлы естелік айтты. Үлкен кісінің бостан-босқа ағыл-тегіл жыламайтынын титтей жүректер лезде сезді.
Жеңіс күнін еліміз атап өтуде. Қызылды-жасылды шарларды көтерген балалар қандай шат. Әлемде бейбітшілік болсыншы. Теледидар мерекелік шеруді көрсетіп жатты.
-Әже, мен жаңағыдай соғыс ойынын енді көрсетпеймін,-деді Ғани дауысы дірілдеп.
-Адамдар неге бірін-бірі өлтіреді? Не жетпейді оларға? Тып-тыныш табиғатты неге отқа орайды? Қалаларды не үшін қиратады?
Гүлімнің бұл сұрақтарына әжесі түсінікті етіп жауаптар қайырды. Әжесінің әңгімесін ұйып тыңдағандықтан болар, көзіне жас тығылды. Соғыс кезінде өлген адамдарды аяды.
-Мен соғысты жек көрем. Ғанидың жанарынан сол сәт от ұшқындады…

Еркін мен Ерік әлденеге керілдесті. Бірін-бірі итеріп, таласулары тоқтар емес. Бір кезде Ерік ызаланып қолындағы ойыншық темірқалақпен Еркіннің тізесінен салып қалды. Еркін шыңғырып жылады.
-Ерік, сен не істедің? Еркіннің тізесінде жара бар еді. Мінекей, сол жарылды. Енді қайттім? -Еркіннен екі жас үлкендігі бар Айша шыр-шыр етеді.
Ерік те қатты қорқып кетті. Үңіліп қараса оймақтай жарадан қан аралас ірің ағып жатыр екен.
-Мен кез келген жараны жаза аламын. Әке-шешем дәрігерлер ғой. Ендеше, маған сеніңдер. -Айгүл жүгіріп келіп тапқырлық танытты. Ол алдымен жарақаттанған жерді таза мақтамен сүртті. Әлдеқандай қышқыл иісі бар сұйық қоспамен қотырды жуды. Үйінен әкеліп жараға арналған майды жақты. Сосын ақ дәкемен Еркіннің тізесін орап-орап тастады.
-Сен жақсы қызсың. Не істеу керек екенін білесің. -Ерік шалқалап күледі. Айгүлді қалай мақтарын білмей, не болса соны айтып, көңілдене бастады.
-Айгүл аса мейірімді. Мен досымды мақтан етемін. -Айша құрбысын құшақтап, бетінен сүйді.
-Мен өскенде дәрігер боламын. Бәлкім атам секілді сынықшы болармын. Егер көшеде құлап қалсаңдар немесе жарақат алсаңдар маған келіңдер. Мен сынықты саламын, жараларды емдеймін.
Біраздан бері қабағын ашпай түнеріп отырған Еркін Айгүлге қарап езу тартты. –Рахмет саған дәрігер қыз,-деді шынайы көңілмен.
Еркін жадырап еді, бөлме іші де жарқырап кеткендей болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *