Аяулы жас оқырман!

Бәріңді де өскелең ұрпақтың мерекесі — Балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сендер балалық шақ деген ғажайып кезеңде бақытты өмір сүріп жатырсыңдар. Өздеріңнің бақытты екендіктеріңді сезіне білудің өзі де бақыт. Алаңы аз, қызығы мен қуанышы көп бұл шақты мәнді де мағыналы, мазмұнды өткізу өз қолдарыңда, ұл-қыздар.
Ата-аналарың жандарыңда болса, денсаулықтарың мықты болып тәуелсіз, болашағы жарқын елде өмір сүрсеңдер сендерден бақытты жан жоқ шығар. Әлем балаларының біраз бөлігі қиын жағдайларда өмір сүруде. Ашаршылық, соғыс, үлкендер тарапынан зорлық-зомбылық, әлімжеттік көру, түрлі ауыртпашылықтар балалардың психикасына әсер етуде. Отбасындағы келеңсіз жайттар мен түсініспеушілік ұрпақтың рухани жағынан соққы алуына апарып жүр. Ондай жайттар сендерден аулақ болсын!
Ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру, сол үшін барлық жағдайды жасау әр адамның қасиетті парызы. Әр ата-ана өзінің перзентін ерекше жақсы көріп, барлық қатерлерден сақтап, қорғауға тырысады. Аялап, әлпештеп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», сол үшін басын бәйгеге де тігуге даяр. Жас ұрпақ қашанда әке-шешенің үмітін ақтау үшін алға талпынып, оқып, ізденіп, еңбек етсе сол сенім үддесінен шыға білгені. Ешқашанда ата-аналарыңды ренжітпеңдер, балалар!
Сендерге ең бірінші үлгі өздеріңнің ата-аналарың. Соларға қарап өссеңдер, жақсы қасиеттерін бойларыңа жинасаңдар көптеген ырыздық-несібеге кенеліп, бақытты өмір сүретіндерің рас. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалымыз осының бір дәлелі.
Сөзімді жас ұрпаққа жазылған төмендегі өлеңіммен аяқтайын.

Қазына менен ұраным

Қырмызы қызым — қазынам, ал ұлым менiң — ұраным,
Түсiнсең егер елiмнiң тасына бiткен қынамын.
Сезiмiм — бұлақ тасыған, тап-таза, тұнық суы бар,
өзенге қосыл, бұлағым!

Тамшылардайын ойнақтар көңiлiм менiң, көңiлiм,
Жанарларында сыр тұнған Көкшенiң сексен көлiмiн.
Батыраштарға жол жабық, Ақан боп келген әрбiр жан
қонағы жүрек төрiнiң.

Алдымда жүрген ағалар асқар да алып шыңдайын,
Соңымда жүрген балалар, шыңдарға жету сындайын.
Қан тамырларың бүлкiлдеп, дүрсiлдеп кеудең соғып тұр,
жүрегiңдi, елiм, тыңдайын.

Қазына-қызды қастерлеп, асқақтат ұран-ұлыңды,
Арнаймын мен де сол жолға күш-қуат, жiгер-жырымды.
Арыстандайын айбатты, арыстардайын қайратты
желбiрет, елiм, туыңды!…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *