Ғажайып көзілдірік (ертегі)

Ерте, ерте, ертеде, қаншалықты ерте десеңіз, қой мен қасқыр, ит пен мысық бір-бірімен дос кезінде, Қимас деген ауыл болыпты. Ауыл тұрғындары өте бейбіт, ынтымақты екен, есіктеріне құлып салмайды екен. Өтірік, ұрлық деген өте аз кездесіпті. Бір күні ауыл адамдары балаларын көрші ауылдағы бір ұстазға оқуға береді. Бірақ бұл ұстаздың жаман ниетін байқамайды. Ұстаз оқушыларға: «Адам өзімшіл болу керек. Әйтпесе, мына өмірде ештеңеге қолың жетпейді. Біреуде он алтын болса, сенде он бес алтын болғаны жақсы. Көршіңде есек болса, сенде тұлпар болсын. Жұрттан әркез байлығыңмен артық бол» деп қателікке ұрынған ақылын айтатын
көрінеді. Бұл ақылмен уланған бала-лар оқу біткесін, ауылға оралғанда көп өтпей, тыныш өмір бұзыла бастайды. Көптеген үйлерде ұрлық болып, мал-
мүлік жоғала бастайды.
Содан адамдардың
көңіл-күйі болмай, көршісімен ренжісіп, бірін-бірі күдікті ретінде көре бастайды.
Осы жағдайды көріп жүріп, он бес жасар Парасаттың қабағы бір ашылмады. Сүйікті ауылымның сиқы кетті деп қалың ойға кіріп кететін. Бұны қалай түзесе болады деп басы қататын. Күн сайын қойды қозысымен үлкен бұлақтың жанында өскен көк майсаға жіберіп қойып, су бетіндегі аспанның кескініне қарап отыратын. Ал ойында ауылдың қайғысы қайнап жататын. Көктемде судың ағысы қатты болып, көпірді бұзып әкеткен. Сондықтан кейбір жолаушылар алыстағы сау көпірге баруға ерініп, суды кешіп өтетін. Сондай бір жолаушы атай судың жағасына келді. Иығындағы қапшығын қойып, тереңдеу судан қалай өтуді ойлап, ары-бері қарап тұрғанда, Парасат жанына дереу жетіп келді. Мұндай жолаушыларға көмектескенді жақсы көретін. Үлкеннің батасын алу деген бір мәртебе ғой.
«Әкеліңіз, ата, мен өткізіп жіберейін» деп, амандасып болған соң қапшықты арғы жағаға өткізіп берді. Қарт кісі таяғымен жер шұқып, әупірімдеп өтті де, Парасатқа қарап: «Өркенің өссін, балам. Саған алғысым ретінде мына көзілдірікті сыйлайын. Мұның ерекшелігі — бір күн бұрын болатын оқиғаны көрсетеді. Ішіңді жеп жүрген бір ой бар екенін көріп тұрмын. Сол мәселені шешуге қолданарсың» деп, жолға түсіп кетіп қалады.
Парасат көзілдірікті киіп көріп еді, судың жағасы көмескіленіп, жаңа бейне пайда болды. Бейнеде бүгін түнде болатын ұрлықты бүге-шүгесіне дейін көрсетті. «Әп-бәлем, сен екен ғой ұрлап жүрген!» деп, өзі танитын баланы танығанда басын шайқады. Ендігі мәселе — ол баланы бұл ұрлықтан қалай тыйсам екен деген мәселе. Ойлана келе, ол кешке сол баланың, Тәйбектің үйіне барды. «Тәйбек, бүгін не істейсің?» деп сұрап көрді. «Ештеңе, сабаққа дайындалармын» деп жауап берді ол. «Тамаша, ендеше бірге дайындалайық, бүгін сенің үйіңе қонамын» деді.
Сол түні Тәйбек қанша қаламаса да, Парасат түннің бір уағына дейін онымен бірге біраз пәндік тесттерге дайындалды. Әбден қалжырап, ұйқы басып, екеуі де қатты ұйқыға кетті.
Келесі күні көзілдірікті қайта киіп көріп еді, келесі түнде екінші бір танысының ұрлық жасап жатқанын көрді.
Сөйтіп, Қайраттың үйіне барды. «Қайрат, бүгін кешке не істейсің?» «Ештеңе, боспын». «Маған мал қора тазалауға көмектесші, ақысын берем». «Ақысына не бересің?» «Үйдегі үлкен глобусты берем». «Келістік». Содан екеуі кешке
жақын тапжылмастан төрт сағат бойы мал қора тазалады. Шешесінің асқа шақырғанына қарамай, жұмысты бітіріп шықты. Үйге келіп, тамақтанып, глобусқа қарап қызықтап жатып, екеуі де ұйықтап кетті.
Парасат екі жолдасын ұрлықтан қайтарғанына мәз болып, көзілдірікті киіп көріп еді, бұл жолы жағасын ұстады. Бейнеден өзінің інісін көрді. «Бұл қиқар қашан үлгеріп жүр? Атамның үйіне кетем деп үйге қонбайтыны белгілі болды» деп, ол інісін шақырып алды. «Бүгін екеуміз қатты қағаздан күн жүйесін, ғаламшарлардың макетін жасаймыз. Оны географиядан беретін Сәуле апайға сатамыз» деді. Содан екеуі таңға дейін ұйықтамай, айтқан макетті жасап шықты. Ол өте әдемі жасалған, ғаламшарлары қозғалатын еді. Сәуле апайы бұларға әжептәуір ақша ұстатты. «Сенің алғашқы маңдай теріңмен тапқан ақың» деп Парасат оны інісіне берді. «Маңдай теріңмен таппасаң, ол неткен лас ақша болар еді, ия, бауырым» деп еді, інісі ұялғаннан қып-қызыл болды. Бұдан кейін ұрлыққа бармайтыны анық еді.
Парасат көзілдірікті тағы киіп көрді. Бірақ бұл жолы ешқандай ұрлық көрмеді. Ауыл тұрғындарының есіктеріндегі құлыптардың алынып жатқанын көрді. Көрді де қуанды. «Алақай! Бұл ұрлықтың тиылғаны қандай жақсы болды» деп, көзілдірікті шешіп, қоржынына салып қойды. Сосын есік алдындағы биік теректің ұшар басындағы кептердің ағаш ұясына салып, тығып қойды. Бұл жерден жан адам таба алмайтыны белгілі.

Мирас Кесебаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *