Жаһан жаңалықтары

Компьютерді компьютерсіз үйреткен мұғалім

Компьютерді көрмеген балаларға оны қалай түсіндірер едіңіз? Экран, клавиатура, курсор, мһм, өшіріп қосатын жері бар… Ал, информатика пәнінен сабақ беретін ганалық ұстаз Ричард Акото мектепте компьютер жоқ болғандықтан, Microsoft Word сынды бағдарламаларды тақтаға суретін салу арқылы түсіндіріп келген. Сабақ барысында түсірілген суреттерді Facebook желісіндегі парақшасында бөліскен екен. Содан ол туралы ақпарат әлемді шулатты. Майкрософт компаниясы Акото сабақ беретін мектепке компьютерлер сыйлады. Ұлыбританиядағы Лидский университетінің қызметкері оқушыларға бір ноутбук жіберді. Мектеп оқушылары ноутбукты тек суреттерден көргенін айтады. Акотоның бұл мектепке жұмысқа тұрғандағы мақсаты: әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар балаларға информатика пәнінен ұлттық емтиханға дайындалуға көмектесу екен. Себебі, емтихан кезінде оқушылардың компьютермен жұмыс істеп көрген-көрмегені ескерілмейді.
Өзіңнің жағдайыңды осы балалармен салыстырып көрші, бала. Айфон икс телефоным жоқ, airmax кроссовкам жоқ деп ата-анаңның есін алып жүрген шығарсың. Басқа балалармен салыстырғанда бай да бақытты екеніңді білесің бе???

Неге конфет тісті бұзады?

Тісті тек сүйек деп қабылдауға болмайды. Ол миға хабар жібере алатын орган. Соған сай ми да оған келесі жасайтын бұйрықтарды береді. Мысалы, тіске зиянды, қатты, суық затты тістесеңіз, миға қауіп туралы ақпарат келеді. Бұл қызметті эмаль астына жасырынған жүйке талшықтарының рецепторлары атқарады. Рецептор мен эмальдің арасында тістің сыртын орап тұратын дентин деген нәрсе бар. Дентиннің ішінде қуыстар бар. Ол қуыстарда сұйықтық болады. Егер сұйықтықтың температурасы өзгерсе, ауру сезіледі. Яғни, тістің ауыру себебі химиялық реакцияның әсерінен.
Ауыз қуысында миллиондаған бактерия бар. Олар түскен тамақпен қоректенеді. Біз тәтті жегенде бактериялар сүт, құмырсқа қышқылдарын өндіреді. Олардың көп мөлшерде өндірілуі эмальдің қызметін бұза бастайды. Осылайша, тәтті эмальді әлсіретіп, тіс ауруын туғызады. Бактериядан құтылу мүмкін емес, бірақ аурудың алдын алуға болады. Қантты тағамдарды орнымен қолдана біліңіз және күн сайын екі рет 5 минуттан тіс тазалауды ұмытпаңыз.

 

«Нобель» алған жалғыз тарихшы

Екінші Нобель сыйлығын иеленген Теодор Моммзен ешқандай әдеби шығарма жазбаған. Бірақ, әдебиет саласы бойынша сол сыйлыққа лауреат атанған. Ол ежелгі тарих, археология, эпиграфия, филология, орта ғасырлар тарихы саласында шығармалар жазған. Онысы бір дәуірдегі бүтін бір буын қайталай алмас туынды. Моммзеннің «Рим тарихы» еңбегі әлемнің бірнеше тіліне аударылып, жеті рет басылған. Өзі аса талантты, бес аспап, сөзге өте шешен кісі болған. «Рим тарихы» шығармасы аса шеберлікпен жазылған әрі тілі де өте шұрайлы еді. Бәлкім содан болар, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ғалымдар арасында бірден жоғары баға алды. 1902 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына Теодор Моммзен лайық деп табылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *