Адам өзін бақытты қылады

«Бақыт». Осы бір сөздің мән-мағынасын іздейінші деп, мен бірде үйдегілермен ақылдастым. Алдымен жанымда еріп жүрген қарындасымнан сұрадым. Оның ойынша бақыт дегеніміз – «Адамның әрбір минут сайын қуануы» екен. «Дүниеде бақытсыз адам жоқ шығар, сірә!» – дейді дауысын көтере. «Бақыт – ол отбасының амандығы, қуанышы мен берекесі. Одан асқан бақыт бар ма? Адамды біреу емес, өзі бақытты қылады. Адам бойында адамгершілік, татулық, бірлік, достық, сыпайылық, әдептілік болса, онда ол адам сөзсіз бақытты. Кейбіреуі бай болсам бақытты болам дейді. Ол дұрыс емес. Бақытты біреуге бермейсің, не біреуден алмайсың. Ол тек әр адамның өзінде бар жан дүниесі» – деп күле қарады.
Мен бесінші сыныпта оқитын қарындасымның осы бір сөздеріне таң қалдым. Ол мұны қайдан біледі, кімнен естіді деген сұрақтар мазалады. Дегенмен, маған жақсы ой салды.
Бақыт – адамның өмір қызығы мен қуанышқа толы сәттері. Алайда, әр адамның бақыт жайлы түсінігі әрқалай. Мысалы, ата-ана үшін баласының амандығы, мүгедектер үшін – он екі мүшенің сау болуы, соқырлар үшін – дүниенің жарығын бір көру, тіпті біреуге бақыт деген байлық болып көрінуі мүмкін. Ал мен үшін бақыт – отбасымның амандығы, ата-анамның үмітін ақтап мектепті жақсы бітіріп, жоғары білім алып, өз бетіммен жұмыс істеп, еңбегімнің жемісін ата-анама таттыру. «Өзінің алдына үлкен мақсат қойып, оны орындауға барлық күшін жұмсай білген адам ғана бақытты бола алады» деген тағы бір ғұламаның сөзі менің ойымды дөп басып тұр. Егер адам мақсат қойып, көптеген игілікті істерді жүзеге асыруға ұмтылса, бақыттың нағыз өзін сезінеді.
Бақыт деген – балалық шақ, адал достарыңмен өткізген әрбір күнің, түнің. Бақыт деген – тәуелсіз Отанымызда, аспанымыздың ашық, бейбіт өмір сүргеніміз. Бақыт деген – біреуге қамқор болып, өзгенің қуанышын, қайғысын бірге бөліскенің. Бақыт деген – айналаңмен тікелей араласуың, жер бетінде тіршілік ететін тірі және өлі табиғатпен байланысың, өмірге құштарлығың.
Бақыт деген – өмірге келіп, жер басып жүргенім, болашаққа батыл қадамдармен аттануым, өмір сүргенім!
Мен әу бастағы қарындасымның ойы түзу, тұжырымы тұшымды болғанын мойындаймын. Оның «Бақытты біреуге бермейсің, не біреуден алмайсың. Ол тек әр адамның өзінде бар жан дүниесі» деген сөзімен толықтай келісемін. Рахмет саған, қарындасым! Мен бақытты жан екенмін. Себебі менде ойы терең, инабатты, ибалы қарындасым артымнан өсіп келеді. Құдайға шүкір!

Дастан СЕМЕЙҒАЗЫ,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *