Атыраудан түлеп ұшқан қыран қыз

Халқымыздың батыр ұл-қыздарының бірі Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысы кезінде майданда ерекше ерлігімен танылған өжет қыз ұшқыш болатын. Өрімдей жас қайсар қыз Хиуаз Отаны үшін отқа да түсуге дайын еді. Сондықтан да әскери тапсырмаларды орындауға еш қаймықпастан батыл аттанатын. Ол мектепте оқып жүріп, авиация үйірмесіне қатысып, осы салаға ден қояды. Аспанда ұшақпен қалықтау оның балаң қиялының ең биік арманы еді. 1940 жылы орта мектепті бітіргенде ол орта біліммен қатар аэроклуб курсын аяқтап ұшқыш деген куәлік алып шығады. Енді ол үлкен мақсатына жету үшін Мәскеуге сапар шегіп, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына оқуға түсуге талпынады. Алайда сәті түспей осындағы медициналық институттың студенті атанады. Өте білімге құштар, спортты жаны сүйетін, ашық мінезді студент қыз бірінші курсты аяқтаған жазда соғыс басталып кетеді. Хиуаз кеңестер елінің өзге де жастары сияқты Отан қорғау жолында майданға сұранады. Мәскеуді қорғау жұмыстарында бола жүріп, майданның алғы шебіне баруды ойлайды. Ол әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естіп, ақыры осы полкке қабылданады. Саратов қаласындағы әскери әуе училищесінде штурмандар даярлайтын арнайы курста оқиды. 1942 жылдың көктемінде әйелдерден құралған тұңғыш авиаполк майдан шебіне жіберіледі. Бұл түнгі мезгілде жауға әуеден шабуыл жасайтын ерекше авиация еді. Хиуаз апа кейіннен өз майдан жолынан естелік жазбалар қалдырды. Көптеген елдердің аспанында шайқасқа кіріп, жеңіспен кері оралған сәттерін жазды. Әлденеше рет жараланса да саптан қалмады. Украина, Солтүстік Кавказ, Беларуссия, Польша, Германия елдерінің төбесінде сұрапыл ұрыстарды өткерді. Штурман қыз жау құрамаларын түнгі аспанда дәл тауып, бомбалап, көп техника күштерін жойды. Аспанда кейде әуе айқасы да болып қалатын. Қарша бораған оқ астында Отаны үшін осылайша жан беріскен сәттерде ол жаудан еш уақытта қаймыққан емес. Оны полкте шебер ұшқыш деп үнемі мақтайтын. Ол 300 рет ұшағымен аспанға көтеріліп, жауапты тапсырмаларды орындап, ерлікпен оралды. Оның дәлдігі мен ұшақты басқарудағы шеберлігіне құрбылары сүйсініп, айтып отыратын. Әскери-штурман Хиуаз Доспанова ерлігі үшін соғыс кезінде көптеген ордендермен, медальдармен марапатталды. Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталғаннан кейін елде лауазымды қызметтер атқарып, бейбіт өмірдің жетістігіне де көп үлесін қосты. Хиуаз Доспановаға Отан алдындағы борышын адал, ерлікпен атқарғаны үшін Тәуелсіз еліміздің «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Батыр апамыз жасы ұлғайып барып 2008 жылдың мамыр айында өмірден өтті. Атырау облысының «Құрметті азаматшасы» Хиуаз Доспановаға қалада ескерткіш орнатылып, спорт мұз айдыны сарайына есімі берілді. Көк әлемінде қырандай қалықтаған батыр қыздың даңқы елімен бірге мәңгі жасай береді.

Светлана Муньянова,
Атырау қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ