Аңсаған МҰСТАФА, суретші: Суреттерім шынайы өмірден алынған

Аңсаған МҰСТАФА – жастар арасында өзінің ойлы, терең мағыналы суреттерімен танылған қылқалам шебері. Аңсаған ханымның идеясымен жүзеге асқан ұлттық нақыштағы өңіржиек, тұмар, алқа, т.б суретпен безендірілген киімдерді бүгінде көпшілігіміз мақтанышпен киіп жүрміз. Аңсаған Мұстафаның арманы – артынан ерген жастарға ұлттық тәрбиені насихаттау.

– Аңсаған апай, әңгімемізді балалық шағыңыздан бастасақ. Сурет мектебіне келуіңіздің де қызық себебі болыпты. Сол жайында айтып беріңізші.
– Үшінші сыныпты аяқтайтын кезімде әкем велосипед әперемін деп, шашымды тақырлап алып тастады. Демалыстың кезінде мұғаліміміз барлығымызды сенбілікке шақырды. Ойымда ештеңе жоқ, тақыр басыммен мектепке бара салдым. Сыныпқа кірген бойда, балалар ду күлді. Ұялғанымнан жылағым келіп, сыртқа жүгіріп шығып кеттім. Үйге келіп әке-шешеме ренжіп, оқыған мектебіме енді қайтіп бармайтынымды кесіп айттым. Жаңа оқу жылы басталғанда әкем маған қазақ мектебін іздей бастады. Сөйтіп көркемсурет колледжі жанындағы мектепке апарды. Сурет салуды сол жерде үйрендім. Ұстаздарымыздың барлығы өте мықты еді. Оларға алғысым шексіз.
– Сурет салу бір қарағанда оңай сияқты көрінеді де, өзің сала бастағанда қиын екеніне көз жеткізесің. Мықты суретші болу үшін туа бітті талант болуы керек пе, әлде еңбек етіп шыңдалу қажет пе?
– «Табыстың 99 пайызы еңбек, 1 пайызы таланттың арқасында келеді» деген. Таланты жоқ адам болмайды. Бір адамның қолынан келгенді екінші адам да істей алады. Қолымнан келмейді деу қате. Тек оған көп уақытыңды бөліп, үйрену керек. Үнемі ізденіс пен тынбай еңбек ету арқылы кез келген істің шебері болуға болады. Бастысы – ниет.
– Сіздің салған суреттеріңізден әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретініңізді білеміз.
– 11 жасымда анам «Ақ босаға» деген газет ашты. Анаммен бірге еріп жүретінмін. Жұмысында ешкімге кедергі келтірмей, сурет салып отыра беретінмін. Сондағы журналист аға-апайлардың ұсынысымен әңгімелерге арнап сурет салып жүрдім. Кейіннен есейе келе қоғамдағы оқиғаларды, әлеуметтік мәселелерді көріп, жастарға ой салсам деген мақсатпен түрлі тақырыптарда сурет сала бастадым. Әлеуметтік желі пайда болғанда жастардың көбі кітапты аз оқып, телефонға көп уақытын жұмсайтынын байқадым. Олардың сол уақыты босқа өтпей, әлеуметтік желіден суреттерімді көргенде ой түйіп, жақсылыққа үйір, жамандықтан аулақ болуына кішкене болса да септігім тисе дедім. Суреттерімнің барлығы шынайы өмірден алынған. Әлеуметтік желіде жарияланып тұратын суреттерді жинақтап, Астана қаласында алғашқы көрмемізді өткіздік. Кейін көрмелерім еліміздің барлық қалаларында өтті.
– Қандай тақырыптарға жиі ораласыз? Не себепті?
– Ана мен бала деп ойлаймын. Қыз балаларды жақсы көремін. Олардың өмірлерінде бәрі жақсы болса екен, қателеспесе екен деймін. Салып жатқан суреттерімнің көбі қыздарға арналған. Осы тақырыпта салынған суреттеріме әсіресе шетелдіктер көп қызығушылық білдірді. Хаттар толассыз келіп жатты. Ішінде бразиялиялық, италияндықтардың «сіздің салған суреттеріңіз ерекше әсер етті, көп рахмет», «мен осы суретті көріп ояндым» деп жазылған хаттар көп болды.
– Аңсаған апай, бүгінде көпшіліктің сұранысын тудырған ұлттық нақыштағы футболкаларыңыз жайында айтсаңыз. Тағы қандай киімдерге сурет салу ойыңызда бар?
– 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын естіп қатты қуандым. Суретші ретінде осындай дүбірлі тойға мен де өз үлесімді қоссам деп армандадым. Жастарымыз ұлттық нақыштағы футболкаларды киіп жүрсе керемет емес пе? Алғашқы суретті салып, ұнатқандар фотосалондарға барып өздері жасатып алса деп әлеуметтік желіде бөлісіп едім, көпшіліктің көңілінен шықты. Кейін жазға дейін осындай футболканың 55 түрін жасадым. Суреттерде салт-дәстүрден бастап батырларды, кемеңгер тұлғаларымызды қамтуға тырыстым. Қазір күртеше, көйлек т.б киімдерге сурет салып жатырмын. Бізде дәл қазір 700 түрлі дизайн бар. Киетін халық болғаннан кейін, көпшіліктің талғамына, ұсынысына сай етіп жасау – міндетіміз.
– Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Басты жаңалығымыз – қазір магниткалар дайындап жатырмыз. Бізде әлі ұлттық нақыштағы магниткалар жоқ екен. Шетелдіктер елімізге қонаққа келгенде естелік ретінде алып кететін кішігірім сыйлық. Магниткаларды жасау футболкаға сурет салудан күрделі. Ұзақ уақытты алады. Алдымен жақсылап ойластырып, суретін салып аламын. Кейіннен сазбалшықтан нобайын жасаймын. Бұл жұмысты ары қарай жасауға қыз-жігіттер көмекке келеді. Қыштан құйып, оны он күндей кептіреміз. Сосын түрлі-түсті етіп бояймыз. Ең бастысы сапалы әрі әдемі дүние жасап шығарғымыз келеді.
– Суретші болсам деп талаптанып жүрген балаларға қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз?
– Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Армандаудан жалықпау керек. Алдыңа мақсат қойып, соған жету үшін талпыныңдар. Суретші болсам дейтін балаларға айтарым, сурет салудан жалықпаңдар, ізденіңдер. Сонда уақыт өте келе шыңдаласыңдар. Жан-жақты болыңдар. Көп еңбек етсеңдер, жемісін көресіңдер.

Сұхбаттасқан –
Гүлім ЕРКІНБЕК

ПІКІР ЖАЗУ