Құстың тілін білетін бала

Бейсен балық аулауды жақсы көреді. Демалыс күндері оны көлдің жағасынан табасың. Қармағын суға салып қойып, қалтқыдан көз алмай отырады. Қалтқы дір етіп, су бетінде діріл пайда болса бітті, ол міз бақпай, қармақты қос қолмен сығымдап ұстап, кірпік қақпай тұрады. Қалтқы суға бата салысымен, басынан асыра құлаштап лақтырып, сауыры қызыл сазандарды шетінен ұстап жатады.
Бір жолы қызық оқиға болды. Тып-тыныш жағада суға телміріп отырған. Құлағына шиқылдаған құс даусы естілді. Алғашында мән бермеген. Бірақ жалынышты құс даусы үдеп барады. Қармағын қалдырды да, қалың камыс өскен тұсқа келді. Дауыс осы жерден шығып жатқандай. Қамыстың арасына кіруге «жылан бар болуы мүмкін» деп жүрексініп тұр. Құстың зары жақын жерден естіледі. Содан аяқ астын абайлап басып, қамысты жапырып, ішке енді. Дауыс шығып тұр, бірақ таба алар емес. Сөйтсе, қалың жапырақ арасында ескі балық торына шырмалған, балшыққа былғанған денесі шөкімдей құс қозғалып жатыр. Бейсен торды жыртып, қамысты жұлып, құсты шығарып, алақанына салды. Көзі ғана жылтырап тұр.
Таза жерге шығып, қауырсындарының балшығын сүртіп, көк шөпке қоя берді. Құс бірден ары-бері ұшып, қамыстың арасына сіңіп жоқ болды. Бейсен соңынан аздап қарап тұрды да, қармақ есіне түсіп, бұрыла берген.
Таяқ тастам жер жүрген еді, ысқырықтың даусынан селк етіп тоқтады. Артына қараса, ешкім жоқ. Жан-жағына қарады. Тым-тырыс. Тағы ысқырық ойнады. Бейсен өз көзіне өзі сенбеді. Жуан жыңғылдың бұтағында әлгі құс қонып тұр. Тұмсығында қамыстан жасалған сыбызғы бар. Ол құсқа таман барды. Құс секең етіп, алыстау бұтаққа қонды, ал сыбызғы жерге түсіп қалды. Бейсен сыбызғыны алып, ысқырып көріп еді, құс қайта ұшып келді. Мынау қызық екен дегендей, тағы ысқырып еді, бірнеше құс ұшып келді. «Бұлар мына ысқырыққа ұшып келіп жатыр ма, қалай?» деп ұзағырақ ысқырып еді, жиырма шақты құс пыр етіп, жыңғылдың үстін жауып кетті…
Балық жайына қалған. Бейсен сыбызғыны сындырып алмайын деп, төс қалтасына салып қойған. Сәлден соң қайта алады. Ысқырайын деп ойлайды, бірақ құс ұшып келетінін ойлап, қайта салады. Әуре қылмайын дейді. Ұстаған балығын алып, үйге қайтты.
…Бейсеннің әкесі жұмыстан көңілсіз оралды. Әкесі егінші болатын. «Әке, жұмысыңыз қалай?» деп сұрады.
— Мына шегіртке бәле болды. Егінге жақындап келеді. Бір түссе, дым қоймайды. Бәрін жейді. Күллі еңбек желге ұша ма деп уайымдап жүрмін, балам.
— Дәрі сепсе өлмей ме олар?
— Дәрі әсер етпей жатыр ғой сол. Көп дәрілеп жіберсек, егінге де зиян болады. Мынау көрші ауылдағы диқан дәрімен улаған екен, бірақ шалажансар күйінде жей береді дейді.
— Басқа жолы жоқ па?
— Білмеймін, балам. Қазір қайта жұмысқа кетуім керек.
Бейсенге әкесінің уайымы қатты әсер етті. Мен не көмек ете аламын деп ұзақ ойланды. Интернеттен шегіртке жайлы мәліметтер іздеді. Құстар шегірткені жейтінін білгенде, мұның қуанғанын көрсең!
Қолына сыбызғысын алып, далаға жүгіріп шықты. Әкесінің егістігі бұл балық аулайтын көлдің арғы жағасында болатын. Жанындағы биіктеу дөңнің үстіне шығып, сыбызғысымен ысқыра бастады. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, Бейсеннің бетіне салқын леп білінді. Кекіл шашы тербеле бастады. Үлкен көлеңке төбесінен төніп келеді. Артына қараса, ат шаптырым жерден қап-қара бұлт секілді шоғырды көрді. Жүз мыңдаған қараторғай суылдап ұшып келеді.
Бейсеннің бір қуанышы, бір қорқынышы қатар келіп, аузы ашылып қарап қалды. Топ құстар Бейсенді жанай ұшып, егістік жаққа бет алды. Егінге жақындап қалған шегірткелер көшіне таяп, қона бастады. Бір демде бүкіл егіс қап-қара болып кеткендей. Шегірткелерді шетінен тістеп, дымын қалдырмай ұстап, көкке қайта көтерілді. Бейсен дөңнің үстінде қос қолын бұлғап, қуанып секіріп тұр еді. Ал қолынан сусып түсіп кеткен сыбызғысы аяғының астында мыжылып жатқан…
Кешке әкесі шай басында сондай көңілді отырды. «Бұл бір ғажап дерсің. Бір ай уайымдатқан шегірткеден бір минутта құтылдық. Қайдан келгені белгісіз, құстардың бәрі ұшып келіп, бәленің бірін қалдырмай жеп кетті. Егін бітік шығатын болды» деп, терлеп-тепшіп, жастыққа жантайып алып Бейсеннің басынан сипап қойды.
Ауыл адамдары құстардың бұл қылығын көпке шейін айтып жүрді. Ал Бейсен сыбызғысын жойып алғанына мойымай, «егер құсты басқара алатын бір құрал жасасам, онда шегіртке мәселесін шешуге болады екен» деген ұйғарымға келді.

Мирас Кесебаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *