Ел бақыты – бірлікте!

Ұлы Дала!
Ұлық мекен сыр тұнған,
Даналықтың нәрін көрдім жұртымнан,
Арыстардың намысымен қайралып
Кеудемдегі от жүрегім бұлқынған.

Тұран далам!
Қалған ғұн мен сақтардан,
Түркістаным жер жаһанға мақталған,
Ер түркілер атой салып ұрандап
Дүбірлетіп жауларына аттанған.

Бабалардан қалған ортақ мол мұра,
Үн қосқанда ән-жыр менен домбыра,
Бірге соғар туыстардың жүрегі
Әуел бастан еншісі бір тағдыр, ә!

Көңіліміз тапсын енді жарасым,
Бір арнаға тоғысқандай жаңа шын,
Тұрған кезде ұлы достық көпірі
Жалғастырар тату елдің арасын.

Шаттық түнеп, кеудемізге күн көшсін,
Құзар шыңдай арманымыз үндессін,
Тірлік басқа болсадағы тілек бір
Жүрегіміз жүректермен тілдессін.

Алтын Орда!
Алаш орда рух берген,
Қайсар қазақ қырғын менен жұт көрген,
Көгімізде қыран қалқып қанатты
Төрімізге берекемен құт келген.

Шаттан елім!
Шалқы көңіл шүкірде,
Ырыс қонған ел іргесі бүтінде,
Тәңір берген тыныштықты ұлықтап
Алданбайық күмәнді оймен күпірге.

Отан-ана!
Алтын бесік ардағым,
Перзентіңмін ойлап жүрген ар қамын,
Терем саған маржан ойдың асылын
Көрем талай даңғыл жолдың тармағын.

Көк байрағым!
Көк аспанмен таласқан,
Елдің даңқы мұхиттардан ары асқан,
Алашыма күн туғанда мерейлі
Ұлыстардың ынтымағы жарасқан.

Бірлік- тұғыр!
Жаса мәңгі тыныштық,
Төзімімді келем дәйім құрыш қып,
Жусан өскен жұпар далам бақ сыйлар,
Алтынқазық атамекен тым ыстық.

 

Дильназ БАЙЕКЕНОВА,
Семей қаласы, Шәкәрім атындағы гимназияның 10 -сынып оқушысы. Халықтық «Ой-сана» ақындар орталығының шәкірті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *