Әр елдің балалары қандай ойын ойнайды?

  «Айдаһардың құйрығынан ұста» (Қытай)

Қатысушы саны: көп болған сайын қызықты
Не қажет: ештеңе
Ойын шарты: барлығы бір қатарға тұрып, бір-бірінің белінен не иығынан ұстап тұрады. Алғашқы бала — айдаһардың басы, соңғысы — құйрығы. Ары қарай қызық басталады. Айдаһардың басы өзінің құйрығын аңдиды. Құйрық жақта орналасқан балалар әрі-бері бұрылып қашып, ұстатпау керек. Бірақ айдаһардың басы құйрығын ұстамақ болғанда, қатар үзілмеуі керек. Ендеше, бас, байқа! Құйрықты ұстау оңай емес.

 

«Апельсинмен төле!»
(Гана, Африка)

Қатысушы саны: 3-4 адамнан тұратын 2 команда
Не қажет: әр қатысушыға 4 апельсин керек
Ойын шарты: 10-15 м қашықтықта екі сызық сызылып, екі команда бір-біріне қарап тұрады. Әр ойыншы өзінің алдына апельсиннен пирамида тұрғызады, яғни, үшеуін қойып, үстіне біреуін тұрғызады. Командалар кезегімен қарсыластың пирамидасын апельсинмен атқылайды. Егер тигізіп шашса, барлығын өзіне алады. Егер тимей қалса, тимей қалған апельсинді қарсыласы алып қояды. Апельсиндер саны 4-ке жетсе, атқылауға арналған жаңадан пирамида құрады. Бір команданың бүкіл апельсині таусылғанша, ойын жалғасады. Сол команда жеңілген болып саналады. Апельсиннің орнына доп, кубик немесе ойнауға келетін заттармен ойнауға болады.

 

«Кабадди» (Үндістан)

Қатысушы саны: ойыншы саны жұп болатын екі команда
Не қажет: жақсы көңіл күй және өкпемен мықты демала білу
Ойын шарты: ойын алаңы екі командаға арналып, екіге бөлінеді. Ойынды бастаушы команданың шабуылшысы қарсыластың алаңына жүгіріп барып, қарсылас ойыншыға қолы не аяғымен тигізуі қажет. Ең қиыны: шабуылшы бөтен алаңға кірмес бұрын терең демалып, сосын үздіксіз «кабадди! кабадди! кабадди!» деп айтып жүруі керек. Ауа біткен кезде өз алаңына қашуы керек, әйтпесе қарсыластары ұстап алады. Ол үшін өз алаңына қолы не аяғымен тисе жеткілікті. Егер үлгерсе, онда ол тигізіп кеткен қарсылас ойыншылар ойыннан шығады. Егер ұсталып қалса, ол да ойыннан шығады да, шабуылды қарсылас команда бастайды. Қай командада көп ойыншы қалса, сол ұтады.
Үндістанда пайда болған бұл ойыннан қазір әлемдік жарыстар өтеді.

 

Дайындаған: Мирас Кесебаев

ПІКІР ЖАЗУ