Дина тәтей, балалар және мен

Ділдәр Мамырбаева — жазушы, журналист. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін аяқтаған. Алматы қаласында тұрады. Балаларға жазған шығармалары түрлі бәйге, байқаулардан жүлделі орындар алып келеді. Өздеріңе базарлық ретінде жазушының әңгімесінен үзінді беріп отырмыз.

Менің бір жаман жерім, білгенімді айтпаймын. Тілі кесілген мылқаудай болам да қалам. Іле-шала төплиі тықылдап Дина апай кірді класқа. Көзілдірігі бір жағына қисайып кеткендіктен, бір қасы төмен, бір қасы жоғары болып көрінеді. Сөйлегенде бетінің бір жағы қозғалмайды да, аузының бір жақ ұшы ғана ашылып, жабылады. «Сендер жүйкемді жұқартқаннан» деп түсіндірген бірде оны өзі. Күлгенде қатты білінеді, сондықтан ба екен, көбіне-көп ашулы жүреді. Бүгін де дүңк ете түсті.
— Ділдәбек, Хуфу пирамидасы туралы айт!
Орнымнан сөлбірейіп тұрдым. Бірінші рет естіп, таңданыспен тәтейдің жүзіне қарадым. Бірнәрсе айту керек, әйтпесе түтіп жейді.
— Фуфу пирамидасының биіктігі…
— Не?
— Оның биіктігі…
— Ненің…
— Фуфудың…
— Ха-ха-ха!
— Хи-хи-хи! — тұншыққан күлкіден тірсегім дірілдеп кетті. Қыздар күлкілерін жөтелмен жапқылары келіп ауыздарын қолдарымен қалқалап алыпты. Ажар менің білмегеніме өзі ұялғандай қызарақтап төмен қарап отыр.
— Жарайды, Хеопсты білмесең Фаросс мәрмәр тұғырына орнатылған Посейдон туралы айтшы.
Қазан-миымды қанша аударып-төңкерсем де ешнәрсе таппадым. Аяғымның астында ине жатқандай көзімді жерден алмаймын. Бойымдағы желік біткеннің бәрі сүмірейіп қалған. Елтең-селтеңі жоқ мүсәпір кейпіндемін.
— Коста-Риконың қалың тоғайында не бар?
Жауыр аттың арқасындай қиқаңдап тұрған иығымды тік ұстап:
— Ағаш!— дедім даусымды ашық шығарып. Дұрыс айтқаныма сенімдімін. Орманда ағаштан басқа не болушы еді.
— Сенің қапақ басыңдай домалақ-домалақ тастар, — деді тәтей шаршаған үнмен. Тәтейдің ашуы қатты болғанымен қайдан, қашан оқып алатынын білмеймін, көп біледі. Онысын біздер білсін деп, ұққанымызша жаны тыншымайды.
— Қапақ бастар-ау, біз анау қияндағы жердің тастарына, аспалы бау-бақшаларына қызығамыз. Мына өзіміздің іргеміздегі Ақыртастың астында көне мәдениет үлгілерін көп ғасыр бойы сақтап келген ғажайып музей бар. Ол өзінің сыртқы құрылысы жағынан сәнді де салтанатты сарайға ұқсап, жер астында жасырынып жатқан жоқ па? Сол музей-сарайға алып баратын тоннельді қай жерден табуға болады деп неге қызықпайсыңдар сендер? Осы бір немқұрайдылықтарыңнан түңіліп кетемін. Жоқ іздеген жолаушыдай сергек болуларың керек қой. Ғайыптан біреу келіп жоқтарыңды іздесіп, ауыздарыңа нан қылып шайнап береді деп күтіп жүрсіңдер ме?
Қызбаланып сөйлеп кетті. Дина тәтей мұндайда бойыңдағы қаныңды қыздырып жібереді. Қылығыңды қылға тізер қытымырлығынан да із қалмайды. Қайта ғасырлардың қойнауындағы бір дауысты естіп, сенің де соған құлақ түріп, тың тыңдағаныңды құптап, қуаттайды. Мұндайда мінезі мақпалдай жұмсарады.
Көкжелек кезіміз емес пе, ертесі Бопай, Икрам үшеуіміз Ақыртасты бетке алып сапарға шықтық. Арқалаған азық-түлігіміз мол-ақ. Ауылдан шыға салысымен-ақ ыңғайлы жерге аунай кетістік. Бөдене мен шегірткесі көп жер екен. Бұйығы бұлақтың көзі жылт-жылт етіп жәудірейді. Айнала тып-тыныш. Монтандай момын болып көрінетін Бопай тұтатқан шырпысын айналаға лақтырып, өз-өзінен екіленіп отыр. Тұтатады да шырпысын қураған шөптің ұйысқан жеріне лақтырып жібереді. От лау ете түседі. Өрт шығатынын біліп тұрып білмегендей қалып танытқанына шайтаным ұстап отыр.
— Қойсаңшы, өрт шығады! — деймін.
— Маған десе түгел өртеніп кетсін! — Тағы бір шырпыны тұтатып лақтырады. Бұлаққа жүгіріп барып, кепкамен су толтырып келемін де, енді бытырлап жана бастаған жерге су құямын. Бопай сіріңкені тұтатып, тағы лақтырады. Ауру адам секілді. Ол жердің шөбі де лау ете түседі. Шәпкімді қолыма алып бұлаққа жүгіремін.
— Сендей дуанамен неге ғана бірге шықтым деп өкініп отырмын, — дедім ызаланып.
— Хи-хи! Қыздар секілді сөйлейтін бопсың ғой. Қызтекесің бе? — Бопайдың танауы делдиіп, қызыққа кірісіп алған. Барып бөксе тұсынан теуіп-теуіп жібердім. Менің шын ашулы екенімді байқаған соң:
— Тыныштықты сақтағыш тымпылдағым-ай, — деп көңілдегі құйтырқы құйынын әзер өшірді де:
— Тұрайық, ерте-жарықта Ақыртасқа жетіп алайық, — деді.
Үнсіз-шыңсыз, елсіз-сусыз ен даланың дәл ортасындағы арқасына ақыр арқалап алған таудың бұлттары жап-жасыл. Мың бояумен боялғандай көркем. Етегіндегі бетеге, сұлыбас, жусан, ебелектер текеметтің жиегіндегі өрнегіндей көз суырады. Беткейге көтерілген сайын арса-арса бұтақтар бетіңе ажырайып таңдана қарайды. Долана мен итмұрын тасада сығалайды. Ақыртастың жұмбағына бұлардың да қатысы бар секілді. Тымпиып, сыр бермейді. Үшеуіміз де үнсізбіз. Менің көз алдыма жер астында жасырынып жатқан сан мың бөлмелері бар сәнді де салтанатты сарай елестейді. Шіркін, кіретін есігін тауып, ашып кеп жіберсем. Жасаулы керуен жолындағы әсем ғажап қала шыға келсе… жүк артқан атанға арқасын сүйеп отырған бабалар жайлап орындарынан тұрар еді. Осы уақытқа дейін жұмбақ болып келген Ақыртастың құпиясын Ділдәбек ашыпты деп ауыл, облыс, тіптен бүкіл Қазақстан шулар еді-ау.
Асхатты Дина тәтейдің ұлы болғандықтан ғана жақтырмайтын секілдімін. Сыртынан «тоқылдақ» деп долбарлап қоюшы едім. Ойым қате екен. Жаны елжіреп тұратын ақкөңіл бала. Сол Асхат мені мерген, епті етем деп о жағыма бір, бұ жағыма бір шығып жүріп садақ тартуды үйретті. Қолымның ебі келеді-ау деген кезде қайыңның қаңылтырмен бастырмаланған шыбығынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен тартып байлап, «саржа» садақ осы болады деп қолыма ұстатты. Білмеген кезде қиын көрінгені болмаса, қолың жаттыққан соң «зың, зың» еткізіп әр жердің топырағын бұрқырататын болдым. Тұра қалып, шіреніп кеп жебені жібере қалсаң қаңылтырланған ұшы кірш етіп, қарысқа жуық жерге кіріп кетеді. Қайта алып, қайта тартасың. Өзіңді болаттан құрсау киінген сарбаздай сезініп, оқ-жебені тарта бересің, тарта бересің.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *