Бегім Ана

Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімінің қатарына енген киелі орындардың бірі – Қызылорда облысындағы Бегім ана мұнарасы. Ел аузында ұлы ойшыл, дін қайраткері Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу туралы деректер мен аңыз әңгімелер, хисса-дастандар көп. Қылқалам шеберлерінің туындылары да бір төбе.

Бұл жерде «аңыз бен тарихи дерек аралас» деп отырғанымыз, аңызда аты-жөндері аталған адамдардың өмірде болғандығын дәлелдейтін деректердің молдығы. Мысалы, Қарабура әулиенің Қожа Ахмет Яссауимен бірге өскендігі, Арыстанбаб пен Хамаданиден дәріс алғаны, кезінде әкесінің Бұхарадан шақыртып алып, ел билеу үшін Сайрамда таққа отырғызғаны, селжұқ сұлтаны Санжардың 1130 жылы Қараханиттер әулетін биліктен біржолата тайдырғаны, Санжардың өз астанасын Хорасаннан Сыр бойындағы Жанкент қаласына көшіргені, аңызда айтылғандардың бәрі тарих сахнасынан шығып қалмауына себеп болып отыр.
Келесі бір дерек көзі, яғни, Әбубәкір Диваевтың жазып қалдырғанына қарағанда, Қарабура әулиенің Әнуар бибі атты бір қызы Қожа Ахмет Яссауидің талантты шәкірттерінің бірі, «Бибі Мария», «Ақыр заман» атты дастандардың авторы, атақты ақын хакім ата Сүлеймен Бақырғаниға тұрмысқа шыққан деседі.
Жалпы, Бегім Ана мұнарасы – махаббаттың, пәктіктің белгісіндей, қызғаныш пен өсектің, өктемдіктің бетіне басылған қарғыс таңбасындай болып, он ғасыр бойы сақталып тұр. Ескі наным-сенімдерге сай, бұл ескерткішке ер адамдар бара бермейтін көрінеді.
Бегім ана мұнарасы – шамамен X-XІІ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданында орналасқан. Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылған, екі қатар күйдірілген кірпішпен (23х26х6) қапталған. Биіктігі 10,5 м. Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегізқырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен. Орта деңгейге (шамамен 5,5–6 м) дейін мұнара бағанасы тұтас, одан жоғары бөлме бар; бұған шығыс жағындағы аркалы ойық арқылы кіруге болады. Мұнара ескерткіш үшін де, не әлдебір белгі беруге, қарауыл қарауға арналып салынуы да мүмкін деген болжам бар. Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар (Ұзын там, Сараман қоса) көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ, “Мұнаралы кесене” деген атаумен белгілі (XІІІ-XІV ғасырлардан кейін) мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзірбайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланысты болуы мүмкін. Мұнара сәулет өнерінің қайталанбас ескерткіші ретінде мемлекеттің қорғауына алынған. Бегім Ана – діни ескерткіш емес. Осыдан тоғыз жүз жыл бұрын салынған архитектуралық, ою-нақышы ерекше, қайталанбас өнер туындысы.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
«Алматы ақшамы» газетінен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *