Соломон (Сүлеймен) патша

Соломон (Сүлеймен) патша біздің дәуірімізге дейінгі 961-922 жылдары өмір сүрген. Билік құрған заманында елде тыныштық орнап, соғыстан титықтап, қасірет шеккен халық бейбіт, мамыражай тірлікке көшеді. Ол бала кезінен айрықша қабілетімен дараланған екен. Ұшқыр ойлы, зейінді, аса сезімтал болып өсіпті. Осы қасиеттеріне тәнті болған әке көзінің тірісінде-ақ басқа үлкен балаларына жол бермей, оны тақ мұрагері етіп жариялайды. Сөйтіп он алты жасында патша болыпты. Төменде кемеңгер патшаның тарихтан жеткен сөздерін беріп отырмыз.

• Өзіңді-өзің мақтай берме — тоқташы!
Мықты болсаң, өзгелер-ақ мақтасын!

• Досыңды қолпаштайсың белсеніп,
Аяғына тор құрғаның ол сенің.

• Сөз — лүпілдеп соққан жүректің ұшқыны.

• Жеті қат аспанның тұңғиығындай,
Жеті қабат жердің тереңіндей,
Патша жүрегінің сыры тылсым.

• Төрт тамаша тіршілік иесі бар,
Мақтайтындай сөзімнің жүйесі бар:
Құмырсқа — кіп-кішкене, өзі әлсіз.
Жаздай тыным таппайды — қыста қамсыз.
Тау тышқаны қауқарсыз болса-дағы,
Бұзып-жарып жартасты ін салады.
Патшасы жоқ қаптаған шегірткенің,
Бір қимылмен жайпайды жүрген жерін.
Өрмекші өрмелеп-ақ, ақырында
Кіреді патшаның да шатырына.

• Аузын баққан жанын қорғайды,
Сумаң қаққан түбі сорлайды.

• Данышпан болам ғой деп дәметіп ем,
Сағымдай жеткізбейді — әлі өкінем.

• Әлсізді жақтап, әділ жолдан таймасаң,
Алтын тағың шайқалмайды ешқашан.

• Ақымақ жан түзелмейді — құр сенбе,
Ақымақтығынан арылмайды келіге сап түйсең де.

• Бәрі тозаңнан жаралып, тозаңға айналады.

• Көп сөйлеп ұятқа ұрынар кей кісі,
Аузын баққан — ақылдының белгісі.

• Құдайдың қолындағы істі адам біліп бола ма?

• Адамзат келер-кетер жаңғырық,
Тек қара жер мәңгілік.

• Дүниеге келмеген, мына өмірдегі зұлымдықты көрмеген адам қандай бақытты!

• Ұйқың қашар алтын жисаң құмартып,
Құдайдан қорық, қанағат ақыл — сол артық.

• Ерліктен ақыл артық деуші едім, бірақ кедейдің ақылын менсініп ешкім құлақ аспайды екен.

• Ор қазба — өзің түсесің, өрге қарай тас домалатпа — астында қаласың.

• Құдай адамды тура жүрсін деп жаратқан, ал пенде неше түрлі айла іздейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *