Миллион алған шығармалар тобы

МЫСЫҚ пен ЖЫЛАН

Жаз шыға ауылдағы атасы мен әжесіне келетін әдетінен жаңылмаған Бекенай биыл да жайлауда еді. Мұнда еркіндік басым. Қаладағыдай «анда барма, мұнда ойнама» деген тыйым жоқтың қасы. Күнұзаққа даладасың. Көршінің балаларымен ойнайсың, қала берді үй маңында жүретін қошақандарға қарайсың. Ұзап бара жатса қайырасың, өрістен мал қайтар тұста көгендеуге көмектесесің. Көгендейтіндері – әжесі қой сауады. Сүті қою, шайдың ажарын кіргізеді. Құрты да керемет, ауызыңа салсаң тіл үйіреді.
Ауылға келгелі кеш тұруды әдетіне айналдырып алды. Ұйқыдан оянған сәтінде қаладағыдай «балабақшадан қалып қоясың» деп ата-анасы дігерлемейді. Рахат бір өмір.
Бүгін де мамыражай қалыпта көзін ашқанында атасы мен әжесін төсегінен таппай, мал қамымен тыста жүргендерін сезініп, алғашында киінуді ниет еткенімен ол ойынан тез қайтты. Өйткені, аяқ жақта пырылдап жатқан мысықты көрген.
— Әй, маубасым-ай! – деді ананың марғаулығына өзінше күйінгендей болып, — сен бұлай қамсыз жатқанда ши ішіндегі сүтке тышқан тисе қайтпексің? Әжем ұрсады ғой…
Бірақ мысық баланың сөзін елемеді. Бүк түскен қалпында жата берді. Енді Бекенай кәдімгідей назаланды.
— Тұр дедім ғой мен саған! Жалқаубектің нағыз өзісің сен. Ал жалқаулар әрқашанда өз несібесінен қағылады. Бүгін саған сүт берсем бе…
Көтеріп алды. Еркелетті деп ойлады ма, мысық басын баланың кеудесіне қойды.
Кенет… Бекенайдың денесі мұздап сала берді. Жел қағу үшін кигізі сәл көтерілген іргедегі торкөзден ирелеңдей өткен жылан керіліп-созылған қалпында бері беттеп келеді екен. Әкесінің үйінде жүргендей еркін.
— Жылан! – деді шошынған бала шыр ете қолындағы мысықты солай қарай лақтырып жіберіп. Мысық жыланның алдына барып топ ете түсті. Сол бетінде және қамсыз тұрмады. Артқы екі аяғымен көтеріле беріп, алдыңғы қос аяғымен ирелеңдеген пәлені қағып-қағып қалды. Анау да осал емес сияқты, тілін жылтың-жылтың еткізіп, шағып алмаққа басын қақшаң-қақшаң көтеріп қояды.
Екеуара теке-тірес біршамаға жалғасты. Ақырында мысықты ала алмасын ұқты ма, жылан келген ізімен кері кетуге мәжбүр болды.
Осы оқиғаны сырттан оралған атасы мен әжесіне айтқанда атасы қияқ мұртын ширата отырып:
— Ботақаным, — деді күлімсірей, — жылуыңды сезінсе жан-жануардың бәрі сені жат санамайды. Сондықтан айналаңа мейіріммен қарауға тырыс. Мейірім барда мерей аласармайды. Осыны ұмытпағайсың.
Сәл өткенде Бекенай жаңа сауылған сүттен мысық ыдысына сүт құйып тұрды.

 

АҚ ЛАҚ АҚЫМАҚ ПА?

Жайлау – оншақты отбасы тұратын жер аты. Әсем табиғат аясына орналасқан. Шығысын қызғалдақты қыр қалқаласа, сол қырдың етегінен өтетін өзен негізгі тұрақты бойлай оңтүстікке қарай жылымшылай ағып кете барады. Терең емес. Суы тізеден аспайды.
Мұнда ауылдың мал ұстайтын кілең үлкен адамдары жазда кигіз үй тігіп отырады. Төрт түлікке қолайлы болған соң сөйтеді де.
Жайлауға келгелі Бекенайдың тағы бір тапқан ермегі – есік алдынан кетпейтін лақты келемеждеу. Табалдырықты аттай бере: «Ақ лақ – ақымақ! Ақ лақ – ақымақ!» – деп басын бір жағына қисайта, тілін шығара мазақтайды да барар жағына жөнеп береді. Бірақ оны елең ететін лақ жоқ. Ол Бекенайдың әжесіне ғана үйірсек. Әжесі қайда барса соңынан қалмай салпақтап жүргені. Енесінен ерте қалып, еміздіктен сүт ішкенінің салдарынан, әрине.
Күндердің күнінде қызық оқиға болды. Ұйқыдан ояна сала түнде шешкен күртешесін таба алмай, ақырында әжесінің жеңіл камзолын иығына іле сыртқа шыққан. Жайшылықта селт етпейтін ақ лақ сол сәтте елең етіп, танауымен ауа қармай, ақырында мұның артынан ере жөнелгені.
Мынаны көргенде Бекенай қулыққа бекінді. Ойлап тапқаны: шилеуіт арасында адастырып жібермек. Сонсын айдалада жүрсін қаңғалақтап.
Өз тапқырлығына өзі риза қалыпта шилеуітке жетісімен кісі бойы өсімдіктердің қалқасын сыналай жүгіре жөнелді. Лақ болса әуелгіде ештеңе түсінбегендей сәл-пәл аялдағанымен, артынша ол да томпаңдап соңынан түсті. Бірақ, бала ілкімділік танытып әп-сәтте көзден таса болып үлгерді. Әріде қалыңдау түбірдің тасасына жасырына дем басуға мұрсат тапты.
Осылай қанша отырғаны белгісіз, бір шамада дәл жауырынынан әлдекім түйіп қалғандай етпеттей құлағаны жадында.
– Ата!..
Шошына дауыстай арт жағына көз қиығын тастағанда көршінің қоңыр қозысын байқады. Әлде ойыны, әлде шыны әлгі қозы қара жерді ойып жіберердей ойқастай секіріп бұған тағы жақындап келеді екен.
– Кет, әй, кет! – деді Бекенай көзін жұма, қолдарымен басын көлегейлей. Дегенмен екінші қайтара соққы тиген жоқ. Не болғанын білмекке көзін ашқанында арада тұрған ақ лақты көрді. Ол сүзісуге ыңғай танытқандай мойынын күжірейте түйіліп алыпты. Мұны көрген қозы жөніне кете барды.
Сол күннен бастап Бекенай ақ лақты мазақтамайтын болды.

ТОҚЫМҚАҒАР

Кезекті сауым үстінде желі басына барған. Атасы жадырай қарсылады.
— Балам, мына құлынға мінгің келе ме? – деп сұрады ол құлынды ноқтасынан тұқырта ұстап тұрған қалпында. Бекенайдың бойын қызығушылық жеңді.
— Мінгім келеді, — деді елп етіп.
— Әуп!..
Атасы бір қолын ноқтадан айырмай, екінші қолымен баланы белінен қапсыра құшақтай көтеріп, дік еткізіп құлын үстіне қондыра салды. Осыны көзі шалған көрші сонадайдан үн қатты.
— Бәрекелді! Балаңның нағыз жігіт болуымен! Енді тоқымқағарын ұмытпассың, ә?
Атасы саспады, ана кісінің ұсынысын мағұрлана қуаттады:
— Тоқымқағар деймісің? Е-е, жиған-тергеніміз биыл мектеп табалдырығын аттайтын осы азаматтың жолында ғой. Аянып қалмаспыз. Кешкілік жинала қалыңдар!
Сол-ақ екен үйде қарбалас көбейді. Мал сойылды, қазан көтерілді.
Қонақтарға табақ тартылғанда қойдың басын ұстаған көршідегі ата Бекенайды жанына шақырып алып әуелі: «Құлақтай тәтті ғұмыр жазсын!» — деп құлақ ұсынса, артынша: «Тіліңнен бал тамар шешен бол!» — деп тіл асатты.
Сыбағадан басқа балалар да құр қалмады. Қолдарына майлы жілік ұстағандар аулада қиқуласып отырды.
Иә, Жайлаудағы жарастықты күндер осылай жалғасып жатты.

 

Төкен Әлжантегі, жазушы: ЖАЙЛАУ ҚЫЗЫҚТАРЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *