Футболдан Әлем Чемпионаты

Әлем чемпионаты төрт жылда бір рет болып тұрады. Оны бүкіл әлем күтеді, уайымдайды, елі ұтылса жылап жатады. Ұтса, қалпағын аспанға атады. Біреулер сегізаяқ (?) арқылы жорамал жасайды. Өкінішке орай, біз бұл сезімдерді бастан өткере алмаймыз. Әзірге. Себебі Қазақстан іріктеуден өте алмады.
2018 футболдан әлем чемпионаты (ӘЧ) Ресейдің 11 қаласында 14 маусым мен 15 шілде аралығында өтеді. Ал финал Мәскеудің «Лужники» стадионында ойналады.
Қазір чемпионатқа қатысатын 32 команда белгілі. Олардың топтары мынадай:
А: Ресей, Сауд Арабиясы, Египет және Уругвай.
B: Португалия, Испания, Марокко, Иран.
С: Франция, Австралия, Перу, Дания.
D: Аргентина, Исландия, Хорватия, Нигерия.
Е: Бразилия, Швейцария, Коста-Рика, Сербия.
F: Германия, Мексика, Швеция, Оңтүстік Корея.
G: Бельгия, Панама, Тунис, Англия.
Н: Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония.
Бір қызығы, Украина іріктеуден өте алмады. Украина билігі ӘЧ тікелей көрсетілімін ұлттық арнадан бермеу туралы заң қабылдады. Себеп: басқыншы (оккупант) елде өтетін ойын көрсетілмеуі тиіс.
Ресейде өтетін футболдан әлем чемпионаты кезінде арбитр қазылар егер нәсілдік сипатта қандай да бір әрекет байқаса, ойынды ортасынан тоқтата салуға құқылы болды.
Ойынның билеттері алдын-ала сатылымға қойылған болатын. Нәтижесінде бүкіл билет сатылып кетті. Күллі билеттің 51 пайызын ресейліктер сатып алса, қалғаны өзге елдердің үлесіне тиеді.
Италияның қақпа қорғаушысы Буффон футболдағы қызметтік мансабын жылап аяқтады. Оның жылайтындай жөні де бар. Себебі Италия Ресейдегі әлем чемпионатына қатыса алмайды. Олар соңғы ойында Швециядан жеңілген болатын. Біздің ойыншылардың ешқайсысы жыламаған да болар. Үйреншікті нәрсе емес пе жеңілу оларға?!
Таяқтың екі ұшы бар емес пе әрқашанда?! Елімізде әлем чемпионатын өткіземіз деп жолдама ұтып алған Ресей енді төрт қалада студенттерді жатақханадан шығармақшы. Әрине, уақытша. Өйткені сырттан қаншама туристер келеді, олардың бәріне қонақ үй тауып беру оңай емес. Ең жуас халық мұғалімдерден кейін студенттер емес пе, демек олар ойын кезінде жатақхананы тастап, көше кезуге мәжбүр.
Ресей халқының көпшілігі ішімдікке үйір екені әлемге әйгілі. Ішкен адам төбелеске құмар келеді. Бұл — туристердің ойынға келуіне кедергі келтіретін көп фактінің бірі. Осыны ойлап Калининградтың мэрі жергілікті халыққа «ойын көруге келген туристерді ұрып-соқпау» туралы үндеу жариялады.
Ресейде бір уақытта бірнеше стадионның құрылысы жүріп жатыр. Бір ғана «Самара-Арена» футбол алаңының құрылысына 2,6 млрд рубль жоспарланған. Өкінішке орай, сол ақшаның 2 млрд рублін жеп қойыпты. Енді, ойын далада өте ме???
Саясаттың араласпайтын жері бар ма?! Ол футболда да бар. Қырым Украинадан Ресейге күшпен өткелі, ол әлемнің қатулы қабағының астында қалды. ФИФА Қырымның тұрғындарына футбол әлем чемпионатының билеттерін сатудан бас тартты.
Жас дос, сен қай командаға жанкүйерсің? Сенің ойыңша, қай команда жеңіске жетеді? Финалда кімдер ойнайды? Меніңше, Германия жеңіске жетеді. Сен Мессиге сеніп Аргентинаға, Неймарға сеніп Бразилияға, Роналдуға сеніп Португалияға бүйрегің бұруы мүмкін. Ал, бірақ Германияда командалық ойын бар. «Жалғыздың шаңы шықпас». Португалияға алдыңғы жарыстағыдай сәттілік бұйырмауы мүмкін.

Мирас Кесебаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *