Шығармашылық шырқауында — Қуандық Рахым

Қуандық Рахым – аз уақыттың ішінде өзінің қоңыр дауысымен көрерменнің көзайымына айналып үлгерген жас әнші. Оның орындауындағы «Сенің күлкіңнен аумайды», «Болайық бірге», «Уайымдама», «Қалай да», «Кейіпкерімсің» секілді әндерін жұрт сүйіп тыңдайды. «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Қалдырма мені, анашым» фильмінің саунтрегін орындады. Қуандықтың сазгерлік қабілеті де бар. Бірнеше әндерін өзі жазған. Репертуарында 50-ден аса әнін жинақтап, альбом етіп шығару жоспарында. Оның төртеуіне бейнебаян түсірді.

Қуандық Рахым 1992 жылы 9 қыркүйекте Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Отбасы да өнерден құр алақан емес. Анасы Жезқазған өңіріне танымал әнші болған. Отбасында төрт ағайынды. Бала кезінен Сәкен Майғазиев, Досымжан Таңатаров сынды ағаларына еліктеп өскен Қуандық Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің түлегі. Қазір Құрманғазы атындағы концерваторияда білімін жалғастыруда. Өнердегі ұстаздары – Айгүл Жұмашқызы мен Ардақ Исатаева.
Қуандықтың үлкен сахнада жүргеніне 1,5 жылдай уақыт болды. Дәстүрлі әндермен қатар эстрадалық әндерді нақышына келтіріп орындайды. Қазақы қалпынан ажырамайтын Қуандық эстардада жүріп, өзінен кейінгі жастарға дәстүрлі әндерді де, насихаттап, бойларына сіңіргісі келеді. «Уайымдама» – Қуандықтың авторлық әндерінің алғашқысы. Бұрынғы продюсері Марат Балмырзамен шығармашылық байланыс орнатқаннан кейін, көптеген танымал әндері жарыққа шыға бастады. Қазір Қуандық Рахым Жанна Абуованың жетекшілігімен шығармашылығын ары қарай жалғастыруда. Бірнеше әндеріне бейнебаян да түсіріп үлгерді. «Музарт LIFE» жобасына қатысуы да оның шығармашылық жолындағы үлкен баспалдақтардың бірі болды. Қуандық домбырадан бөлек күйсандық пен қылқобызда ойнай алады. Болашақта бұл аспаптардың қатарын тағы да толықтырсам деген ниеті бар. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Өнеріне оң баға беріп жүрген жандардың жылы лебізі – шығармашылықтағы еңбегінің жемісіне берген бағасы деп біледі. Көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде Қуандық «Жыл таңдауы –2017» Ұлттық музыкалық жүлдесінің арнайы мүсіншесіне ие болды. Оның арманы – қазақ сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдыру.
«Қандай биікке жетсем де, қарапайымдығымды сақтап, адамгершіліктің жібін аттап кетуден сақ болуға тырысамын. Жетістікке жетудің формуласы өте оңай. Айқын мақсат, талмас еңбек, ең бастысы, үлкен сабырлылық қажет»- дейді жас әнші.
Қуандықтың жеке ән кеші Алматы қаласындағы Республика сарайында дүркіреп өтті. Кешке өнердегі аға-әпкелері мен дос-жарандары қатысты. Дәстүрлі, эстрадалық бағыттағы әндерімен қатар, жаңа әндердің де тұсауы осында кесілді.

Г. Еркінбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *