Досбол би

Досбол Қорлыбайұлының ғұмырнамасы әлі анықтала қоймаған. Туған, өмірден қайтқан жылдары, қай жерде өмір сүргені де белгісіз. Бір аңызға қарағанда Жәнібек ханның замандасы делінеді. Ел арасында Досбол би айтыпты деген шешендік сөздер молынан кездеседі.

Бірде Досбол биге жаман мен жақсы жайлы айтуды өтінген жанға бірден көңілі қазына би былай деген екен:
Айсыз түндей надан жаман,
Аузы тұшығар арам жаман.
Ақылсыз болса балаң жаман,
Күншіл болса, жақын жаман,
Өсекші болса қатын жаман.
Өтпесе пышақ жаман,
Достық кеткен құшақ жаман.
Жүрмесе ат жаман,
Саудасыз болса сарт жаман.
Ауруда безгек жаман,
Адалсынған кәззап жаман.
Бүтін болса ел жақсы,
Сулы болса көл жақсы.
Құтты болса жер жақсы,
Жұртын қадірлеген ер жақсы.
Мінезді болса жар жақсы,
Еңбекпен тапқан мал жақсы.
Құста қаз жақсы,
Жылда жаз жақсы.
Жасқа қыз жақсы,
Асқа тұз жақсы.
Қойға серке жақсы,
Жаман әйелден көрпе жақсы.
Жүйрік болса тай жақсы,
Жылқыға сай жақсы,
Адасқанда ай жақсы.

***

Бір жиында топ ішінде отырған біреу Досбол биден:
Ханда қандай мін бар?
Биде қандай мін бар?
Байда қандай мін бар?
Жүйрікте қандай мін бар?
Жорғада қандай мін бар? – деп сұрапты.
Сонда Досбол би:
Хандарда бір мін бар —
Қарашасын жақсы көрмейді.
Билерде бір мін бар —
Әділ сөйлеп халыққа,
Төресін дұрыс бермейді.
Байларда бір мін бар —
Ескісін киген нашарға
Қолынан қайыр бермейді.
Әйелдерде бір мін бар —
Ажары сұлу болғанмен
Ақылы сәйкес келмейді.
Жүйрікте бір мін бар —
Қатарласып жорғамен,
Табандасып желмейді.
Жорғада бір мін бар —
Жал-құйрығын түйіп салсаң да
Бәйгеден сірә келмейді, — деп термелей жөнелген екен.

***

Досбол биден қалды деген мына бір сөз де ұрпаққа өнеге, ғибрат боларлықтай:
Алысқа сапар шекпеген,
Ат қадірін не білсін?
Жақсы тағам ішпеген,
Жайлы орынға жатпаған,
Жат қадірін не білсін?
Қыста соғым соймаған,
Қозы етіне тоймаған,
Ас қадірін не білсін?
Атасы би болмаған,
Ер қадірін не білсін?
Алыстан шетке шықпаған,
Жер қадірін не білсін?

Көп шаңды құлан көтерер,
Боранды тұман көтерер,
Екі оқты бұлан көтерер.
Арғымақтың белгісі,
Арығанын білдірмес.
Асыл заттың белгісі,
Қайғырса да бүгілмес.
Асыл нардың белгісі,
Бүйірінен қақ жарып,
Бүйрегін алса бақырмас.
Арыстанның белгісі,
Айналып артқа ақырмас.
Қас батырдың белгісі,
Қақ жүректен оқ тисе,
Демеуге досын шақырмас.

***

Тағы бірде Досбол биден: «Ердің азғаны неден білінер?» — деп сұрапты. Сонда би іркілместен төмендегі сөздерді лек-легімен толғаған екен:
Ер азарында есірік болар,
Адамда бір-бір кесірік болар.
Елдегі арам адал болар, Елдегі жақсы қазан болар.
Жігіт кеселші болар,
Әйел өсекші болар.
Елдің шынары болмас,
Үлкеннің ұғары болмас,
Кішінің тұрағы болмас.
Ел тозып, ығыр болар,
Ер қажып, тұғыр болар.
Баққаны базар болар,
Айтқаны азан болар.
Пәле түбі – тұт,
Жақсы мінез –құт.

***

Ертеде Ташкент ұлығы Нарымбет:
— Жылқыға қандай мақтау айтар ең? –деп Досболдан сұрапты.
— Сонда би тоқталмастан:
Жылқының үсті – жел, сүті – ем,
Мінсең – тұлпар, ұшсаң – сұңқар.
Жүрісі –бұлбұл, қылы – шылбыр.
Еті –бал, қазы, қарта, жал.
Терісі – киім, тұяғы – бұйым, — деп тақпақтай жөнелген екен.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *