Арал теңізіне барасыздар ма?

—Сәлеметсіздер ме! Арал теңізіне бара аласыздар ма?
—Апай, сіздер барлық ауылдарға барып, оқушылармен кездесу өткізеді екенсіздер ғой.
—Иә, облыстың аудандарына барып, оқушылармен кездесіп, жүрегінде жалын оты жарқылдап, білімге талпынған достарымызбен жақыннан танысамыз.
—Мен «Мөлдір бұлақпен» саяхатқа қызығамын. Өзім де журналист болып, елімнің ғана емес, бүкіл әлемді шарлағым келеді.
—Бәрекелді! Талабыңа…
Сәлеметсің бе, қай өңірден телефон шалып тұрсың?
Телефонмен хабарласқан оқырманымызбен әңгімелесіп тұрғанымызда, байланыс үзіліп кетті. Қайта хабарласуын күттік, хабарласпады. Сөйтіп, оның еліміздің қай мектебінен, аты-жөнін біле алмадық.
Шығармашылық ұжымның кезекті іссапары Қызылорда облысы болатын. Сөйтіп, «Алматы— Арал теңізі» бағытын бетке алдық.
Таңғы сағат 10-нан кете поезд Аралға тоқтады.

Теңізге жол түспеді

Мүмкіндік болса, Аралды жақыннан көрсек деген ниетпен, теңізге баратын көлік іздедік. Жергілікті адамдардан:
— Арал теңізіне баратын көлік қайдан жүреді,-деп сұрадық. Олардың айтуымен жан-жаққа хабарластық. Алайда, жағалауға баратын жол талғамайтын көліктер құмда жүре алмайды. Екі-үш бұрын жаңбыр жауып, құм су деген ақпарат алдық. Аудандық орталық кітапхананың балалар кітапханасы бөліміне келіп, тарихи материалдармен таныстық.

Аралдың жаңа бейнесі

Сөйтіп, Арал ауданының орталығындағы мектептермен кездесуімізді бастап кеттік. Қаланың Т.Шевченко, ақын Жарасқан Әбдірәш атындағы №13, №62 және №220 орта мектептерін аралап, оқушылармен әңгімелестік.
—Біздің жас достарымыз, аудан тарихы туралы не білеміз? Айтып беріңдерші.
—Арал теңізі, Кайнозой дәуірінің орта шетінде, яғни бұдан 21 млн. 1200 жыл бұрын Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұған теңіздің терістік бетіндегі қазіргі Сарышығанақ, Ақеспе тұсынан 80 метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген қызыл балықтың, ірі ұлудың, киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған күйінде табылуы дәлел болмақ. Бұл теңіздің кезінде мұхитпен қосылып жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ Арал маңынан акуланың тісі мен сүйегі табылды. ХІХ ғасырдың орта кезіндегі Арал-Каспий ойпатының пайда болуы жөніндегі болжамдардан Арал бассейнінің геологиялық ерте кезеңде Жерорта теңізімен тұтасып жатқан су айдыны екенін, оның кейінгі Альпілік дәуірлерде жер қыртысының көтерілуіне байланысты ұсақ су айдындарына бөлінгенін білеміз. Сондай-ақ, Арал теңізінің көлемі жайлы, Арал теңізі жайлы ұғымдар сонау ерте дүние әдебиеттерінде де кездеседі.
—Бәрекелді! Батырлар мен тума таланттарды айта аламыз ба?
—Мен айтсам, журналға жазасыз ба?
—Әрине, жазамыз.
—Аралдан Арал мен Ақтан батыр, Жанқожа батырларымызды атаймыз. Батыр балаларымызға арнайы Ескерткіш орнатылған. Жыршы Тұрмағамбет Ізтілеуов, 2 Ұлы Отан соғысының батыры, 16 адам Еңбек Ері атағын алған. Мемлекет қайраткері Шапақ Артықбаев, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, жазушы, ақын Зейнолла Шүкіров, актер Құдайберген Сұлтанбаев, ҚР Тұңғыш Үкімет басшысы- Ұзақбай Қараманов.
—Апай, Арал туралы тағы айтсам бола ма? Арал теңізі жайлы нақты деректі мәліметтердің жиналуы, яғни арнайы зерттеулердің басталуы ХVІІ-ХІХ ғасырлардың еншісіне тиеді. Өйткені бүгінгі Арал деген атау сол ХVІІ ғасырдан бергі жерге берілген. Яғни 1740-1741 жылдары Сырдария мен Арал маңын зерттеуге алғашқылардың бірі болып, Иван Мурауин қатысып, тұңғыш рет Арал теңізінің шығыс жағалауларын өте дәлдікпен арнайы түсірілімге түсіріп, карта жасаған. Сондай-ақ бұған дәлел ретінде Арал тарихынан белгілі сол 1592 жылдарға дейін қазіргі табылған қала орны яғни, «Барсакелмес» аралының батыс беті құрлықпен бірігіп жатқан көрінеді.

«Мақтан тұтам Қазалымды»

Қазалы — Қызылорда облысының ауданы. Орталығы — Әйтеке би кенті. Оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Сырдарияның оң жағалауында орналасқан. Кейбір деректер бойынша елдімекен аты «қаза» деп аталатын балық аулау жабдығы атынан шыққан делінеді. Басқа деректер бойынша, мұнда әділ қазылығымен халыққа жаққан бір адамға байланысты «Қазы» атанып, кейін Қазалы болып өзгерген дейді. Ал енді бір аңызда, ертеде осы өлкеде шалқыған көл болған. Көл беті жүзген аққу мен қаздан көрінбейді екен деседі. Осыған байланысты «Қаз елі» атанған дейді. 1853 жылы Ресей әскері бекініс салған. 1867 жылы қала мәртебесін алғанша І- Форт атанған. Арал флотының негізгі айлағы Қазалыда орналасты.
Аудан аумағында Х-ХІ- ғасырлардағы Оғыз қағандығының орталығы Жанкент қаласының орны бар. Мұнда Орақ батырға, Жанқожа батырға кесенелер, тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер орнатылған. Қазалы ауданы жерінде Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Ашабай мен Сырлыбай, Жылқыайдар мен Жетес, Үмбет пен Ерімбет, Ғани Мұратбаев Роза Бағланова мен Мәдина Ералиевадай танымал әйгілі батырларымыз бен би-шешендеріміз, өнер қайраткерлері дүниеге келген. Ал қазірде көптеген еліміздің дамуына үлес қосып жүрген аға-апаларымыздың көбісі сол қасиетті жерден. Мысалы мақтанышпен айта кететін болсақ, Жақында тағайындалған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Шөмішбай Сариев, Кеңес Дүйсекеев, Өмірқұл Айниязов, Алихан Дүйсенбай, Нұрдаулет Махамбет, Марина Вольнова сынды танымал өнер қайраткерлерін дүниеге әкелген жер.

Жалаңтөс баһадүр ауылы

Жалаңтөс би Сейітқұлұлы (1576-1656 жылдары өмір сүрген). Қолбасшы (ертедегі шығыс елдері баһадүр деп атаған) . Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған. Жалаңтөс бидің ата-тегі қазақ шежіресінде былай таратылады: Жанарыстан Алшын одан Әлім, Байұлы, Жетіру.Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Қараштан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейітқұл туған. Сейітқұл бабаның сегіз ұлы болған. Оның бәйбішесі — Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша. Ақшадан Бәйбек одан атақты Әйтеке би туған. Екінші әйелі — Қара кемпірден — Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян туған. Бұларды «Сегіз Сейітқұл» дейді екен ел. Сонда Әйтеке би мен Жалаңтөс бір әке Сейітқұлдан болып шығады.
Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі. Жалаңтөс Сейітқұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілді. 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.
Туғанына 441 жыл толған баһадүрдің ауылында еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде озаттар қатарынан түспей, КСРО Жоғарғы кеңесіне үш рет депутат болып сайланған Қашақбай Пірімовтың есімімен аталатын №103 мектептен жаңа достар таптық.
Қазалы ауданы мектептерінің бір топ кітапханашылары: СЕЙСЕНОВА Нұргүл, СӘДУ Қалдыгүл, ҚАНАТ Лида, БЕКБАЕВА Аймира, ЖЕТКЕРБАЙ Жания, ҚОҢЫРБАЕВА Закира, САДЫҚ Мира, Иембергенова Наушан және аудандық білім бөлімінің маманы ЖАЛҒАСБАЕВА Ақбота.
Іссапар барысында Әйтеке би кентіндегі №216 Қ.И. Сәтпаев, №226 Б.Мергенбаев, №234 Ж.Жабаев, № 165 С.Сейфуллин атындағы мектептерді араладық.

ПІКІР ЖАЗУ