Жүрек жұтқан көкшетаулық ҰЛДАНА!

Әдетте, осы сөзді көзсіз ерлік жасаған жандарға арнайды. Көпшілік 8 жасар Ұлданаға оның батылдығы мен қайсарлығы туралы айтып, тамсануда. 3 — сыныпта оқитын кішкентай қыз түн ұйқысынан тұрып, жанып жатқан үйден екі сіңлісі мен інісін далаға алып шығып, құтқарған. Ұлдана Советтің айтуына қарағанда, түн ұйқысынан тынысы тарылып, тамағы жыбырлап оянып кеткен. Оянса, лапылдаған отты көреді. Дереу алдымен алты жасар сіңлісі мен бір жарым жасар інісін далаға алып шығады да, қайта жүгіріп үйіне кіреді. Түтіннен кішкентай сіңлісін таба алмай қалғанда саспайды. Қорыққан сәби төсектің артына тығылып қалады. Қараңғыда төсектің айналасын қолымен сипап жүріп, қабырға мен төсектің арасында отырған жерінен шығарып алады да есікке қарай жүгіреді.
Далаға шыққанда, бауырларының амандығын көріп жылап жібереді.
Алты баланың анасы кафеде аспаздың көмекшісі болып жұмыс істейді. Балалардың 4-і кішкентай.
—Балаларымның әкелері қайтыс болған. Жасы үлкен екі қызым-студент. Олар дәл 8 қараша күні әкелерінің жылын өткізуге Жезқазғанға кеткен. Мен балаларды бекітіп, жұмысқа кеткенмін. Жұмысым түнгі сағат 2-ге дейін созылды. Біреудің жазғы үйін жалдап тұрамыз. Екі сағат бұрын үйдің иесі әйелге телефонмен хабарласып, балалардың жағдайын сұраған едім. Ол бәрі тыныш, балалар ұйықтап жатыр деген болатын. Түнгі сағат 2-де үйдің өртеніп жатқанын айтып хабарласты,-дейді Алма Еркимбаева.
Биылғы жылдың 21-қарашасы күні Жастар форумында Ақмола облысы іскер әйелдер Ассоциациясы Ұлдана Советтің ерлігін айрықша атап өтіп, Ерлік дипломын, сыйлықтар мен ақшалай сертификатпен марапаттады.
Жүрегі мейірімге толы көпшіліктің көмегімен қазір Ақмола облысының орталығында басқа жалданбалы пәтерге көшкен. Көпбалалы ана отбасына қиын сәтте көмектескен барлық жандарға алғыс айтады.
Tengrinews.kz

ПІКІР ЖАЗУ