Ермек Смадияров, жылыту жүйесінің инженері: Инженерлер жұмыссыз қалмайды

1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Асық Ата кентінде дүниеге келгенмін. Бала кезімде әскери адам болуды армандаған едім. Сол арманым арнайы әскери оқу орнына түсуіме де жол ашты. Ол жерде оқып жүріп денсаулығыма байланысты оқу орнымен қоштасуға тура келді.
Негізі басқа салада қызмет еткен едім. Бүгінде «Алау-терм» компаниясында инженер болып еңбек етіп жүрмін. Германияның «Будерус» компаниясының жылыту қазандықтарын сатумен, орнатумен, сервистік қызмет атқарумен айналысатын маманбыз. Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ түлегі Азамат Қожамқұлов осы компанияны бірнеше жыл бойы басқарып, көптеген тұтынушыларымыздың ризашылығына бөленіп, алғысын алып келеді. Біз жұмыс істейтін салада өз ұлтымыздың мамандары өте аз кездеседі. Сондықтан да болашағы зор осы мамандықты інілеріміз, балаларымыз игеруге талпынуы керек дегім келеді.
Соңғы кездерде түрлі-түрлі жеке үйлер салына бастағаннан бастап ол жерді қалай жылыту керек деген мәселе пайда болды. Халық жекеменшік үйлеріне жылыту қазандықтарын қойып, үйлерінің ішін үнемді түрде жылытуға көп көңіл бөле бастады. «Жылу — үйдің жүрегі» деген сөздерді біз жиі естиміз, көп айтамыз да. Кейбір кездерде арнайы мамандардың көмегіне жүгінбей үй иелері жылу жүйелерін өздері орнатып алып жатады. Одан соң қанша газ жақса да бөлмелері жылынбай, үйдің ішінде қалың киініп алып жүреді. Жылу жүйесінің өзіндік өлшемдері, схемалары бар. Біз сол бойынша есептеп береміз. Инженер жылыту қазандықтарын қай жерге қою керек екенін, қандай материял қолдану маңызды екенін бірнеше нұсқамен көрсетеді, ұсынады. Тұтынушы үй иесі дұрыс деп өзі таңдаған материалдармен біз жұмысқа кірісеміз.
Жылыту қазандықтары шойын, темір болып бөлінеді. Қабырғаға ілінетіндері жеңілдеу болады, жерге орнатылатындары ауырлау келеді. Неміс технологиясында қиын мәселе жоқ. Ол құрал-жабдық, құрылғылардың барлығы өздерінде сыналған, халықтың сеніміне ие болған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қалай қолдану туралы нұсқаулықтары бар. Сол бойынша орнатылады, тұтынушыларға да сол бойынша қолдануды үйрететін жайымыз бар.
Алғашқы кездерде мұндай ақылды пештерді көргенде таң қалған едім. Белгілі бір температураға қойып қойсаң соған сай ашылып-жабылып, бір қалыпты реттеп тұрады. Үйдің ысып кетпеуі үшін, не салқындап қалмауы үшін өте қолайлы. Мен алғаш осы мамандыққа ат басын бұрарда арнайы курстарға қатыстым, білімімді жетілдірдім. Кейіннен тіпті Германияға барып оқу да нәсіп болды.
Инженердің жұмыстары үнемі физикамен байланысты. Физикалық заңдылықтарды жақсы білу керек. Жұмыс барысында бұрын оқығандарыңның көп септігі тиеді. Инженер болғысы келетін жас ұрпақ физика мен математиканы, химияны зер салып оқулары тиіс. Бұл мамандықты игергісі келетіндерді Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен Энергетика мен байланыс университетінде даярлайды. Менің ойымша, техника мамандықтарын игерген адам жұмыссыз қалмайды.

Әңгімелескен — Саят Қамшыгер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *