Жетім торы (әңгіме)

Қазақ ауылының сәні қашанда той ғой. Біздің отбасымыз ауыл адамдарын, алыс құда жекжаттарды шақырып бір той жасадық. Сол тойда бізге туыс болып келетін Күнесбай аға той шашуына деп бір жылқы атады. Арада 3-4 ай уақыт өткеннен кейін Күнесбай аға үйге келіп, әкеме:
—Ана жылқыны үйге әкеліп қойдым. Ноқта алып барып жетектеп, алып алыңдар, — деді. Әкем жылқыға естиярлауы деп мені жұмсады. Ноқтаны алып кешкісін алып келейін деп барсам, үй төңірегінде, қора жағында жылқы көрінбейді. Көзге түспеген соң үйге кірдім. Амандықтан соң: «-Аға, кешегі жылқыны алып кетейін деп келдім» дедім.
—Жүр онда, — деп ілестіріп, үйдің артындағы ағаш арасына ертіп келді. Тал арасында кіп-кішкене бір жетім торы тай жатыр. Өзі қотыр, әрі көтерем екен.
—Міне, осы тайды ноқталап, алып кет.
—Ой, аға, мынаны мен алмаймын. Керегі жоқ. Өзі өлгелі тұр,- деп көңілім толмай, ренжіп бұрылып кетіп қалдым. Үйге келіп әкеме: « Бір көтерем, өзі өлгелі тұрған тай екен, алмай кетіп қалдым.» -дедім. Ол кісі бетіме бажырая бір қарап, ештеңе айтпады.
Ертеңіне біздің үйге бір балаға торы тайды жетектетіп, Күнесбай аға өзі келді. Әкеме:
—Ана жүгермек неғылған кесір неме еді, тайды өзінше менсінбей тастап кетті, – деп базына өкпесін айтты. Әкем өзінің туысына ештеңе айтпады. Тек «Самат, мына тай сенікі, өзің қарап, өзің күтіп ал» — деген сөзді нығыздап айтты. Мен қарсылық білдіре алмай, үнсіз қалдым. Торы тай жетім қалып, әбден азып кетіпті. Енді жақсы күту керек. Бірден Қапшағайдағы әкпеме телефон шалдым.
—Тәте, көтерем жылқы малын тез оңалтатын дәрі беріп жіберіңіз». Өйткені жездемнің жақын бір жолдасы мал дәрігері еді. Ертесі Алматыдан ауылға қайтатын таксиден хат жазып, бір мөшек балықтың жемін беріп жіберіпті. Балықтың жемі ең жақсы құнарлы азық екен. Хатқа қанша көлемде беретін нұсқаулығын жазыпты. Сонымен жетім торы маған күнделікті ермек болды. Мектептен келе сала, осы тайды күтіп баптап бағамын. Балықтың жемі сұмдық әсер етеді екен. Тай жылдам оңалды. Біртіндеп ет ала бастады. Қотырын да жазып алдым. Уақытылы суғарып, күтіп арасында сылап-сипап үйретіп жатырмын. Үйретіп мінейін десем, көкке қарғып асаулық танытады. Үстіне ауырлық болсын деп екі мөшек тең артып қойып үйреттім. Ары мөңкіп, бері мөңкіп біраздан соң шаршап бастығады. Бірте-бірте көндіге бастады. Алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын теңестіріп, арқанмен байлап жорғалық жүрісін аштым. Күнде түстен кейін ауылдан алысыраққа барып, жорғасын шығарып жүгіртіп, суға апарып жуындырып тазалаймын. Менің оны жорғасын шығарып үйретіп жүргенімді ешкім білмеді, білуге құмарлар табылмады. Менің де оны айтқым келмеді. Осылай тайды ақырын баули бердім. Үйдің іші оны «жетім торы» деп атап кетті. Арада үш айдай уақыт өтті. Бір күні Жылысай ауылында бәйге болатын болды. Тай арасындағы жорға жарысы бар.
Жетім торыны жорға жарысына қосайын дегенім сол еді, үйдің іші тегіс күлді.
Әкем «өзің біл» деп қана айтты. Дайындыққа кірістім. Шешеме тайға жабу тіккізіп алдым. Күнде жаратып, желдіріп, терін алып баптадым. Бәйге атына отыруға алтыншы сыныпта оқитын інімді де баулымақ болдым.
—Менің салмағым ауырырақ болады, жетім торыға жеңілдеу сен мініп шық, — десем, — сенің жаман тайыңды мініп шығып, елдің алдында келеке болатын жайым жоқ. Аулақ, мінгіш болсаң қотыр тайыңа өзің мін, — деп тұра қашты. Амал жоқ, жарыста тайға өзім мініп шықтым.Тайға мінген балалар үшінші, алтыншы сынып оқушылары. Мен тоғызыншы сыныпта оқимын. Кішкентай тайға добалдай болып мініп алғаным, көп елге күлкі сыйлағаны анық болды. Амал жоқ, күлген ел күле берсін деп ішімнен ойлап қоямын. Қатарласа тізіліп тұра қалдық. Міне, сөреге келіп аттылы кісі жалауша сермеді. Жарыс басталды. Қарсыластарым қаздай тізіле жарыс жолымен жөңкіле жөнелді. Қырсық болғанда менің тайым қамшы басқаннан аспанға шапшып мөңкіді. Ондай шулы жерді бұрын көрмеген, басын тұқыртып алып мені лақтырып тастайын деп тырысып-ақ жатыр. Мен жармаласып болмаймын. Ел-жұрт күлкіге тегіс қарық болды. Тайым мені ары лақтырып, бері лақтырып ойнақтап біраз уақыт оздырып барып, болмаған соң жолға түсті. Қарасам, елдің арты менен 50 метрдей озып кетіпті. Кейбіреулер: «-Ей, Самат, қой, болды енді, доғар,- деп күдер үзіп, қол сермеген пысықайлар да шықты. Мен күлген кісілерге зығырданым қайнаса да, тайымды жеңіл ғана алақаныммен қағып қойдым. Енді жорғалағанда көз ілеспейді. Оны мына көпшілік білуші ме еді. Ал мен тайымның су жорға қабілетіне сеніп отырмын. Желіп отырып бірінші айналым біткенде, жарысушылардың бел ортасына келдім. Уақыт өткен сайын қуырып, біртіндеп шетінен оза бастадым. Екінші айналымда қарасам, алдымда екі ат қана бар екен. Соңғы айналым қалды. «Үшінші келсем де жетеді. Енді асықпай -ақ қояйын, тайды зорықтырмайын» деп басын тартсам, тайым езеуреп басымды жібер деп жұлқынып болмайды. Біреу: «Самат, басын жібер» айқай салды, кім екенін аңдай алмадым. Бар ынтам жарыс жолында. «Әй, не болса да басын жіберейін, нар тәуекел» деп тайымды амалсыз ырқына жібердім. Жарықтық, жорғалатып сызып келеді. Бір кезде екінші тайдан озып өте шықтым. Қарқын керемет, мәреге 100 метр қалған кезде, топтың алдына шықтым. Қуанып келемін. Қарқын одан ары үдей түсті. Мәреге жақындағанда елдің қиқуы үдеп кетті. Бәрі кереметке куә болғандарын сезіп, шұрқырап жатыр. Қызық болғанда Саматтың өзі қотыр, жетім торысынан мынандай кереметті күтпегені анық еді. Мәреге екінші болып келген тайдан 50 метрдей алдыда, жеке дара келіппін. Мәселе бәйгесінде емес, менің тайдың бағын ашқанымда еді. Осылай тайым екеуміз айды аспанға бірақ шығардық. Елдің сол күнгі бар әңгімесі торы тайдың қызығы болды
Ертеңіне Күнесбай аға келіпті. Әкеммен сөйлескен екен. Әкем «Мен білмеймін. Самат өзі біледі. Өзімен келіс» дегенін естіп қалдым. Күнесбай аға:
—Самат, торы тайды сен өзіме бер. Мен орнына бір ат берейін. Әйтпесе бір бие берейін. Қалағаныңды ал, –деді. Оған мен келіспедім. Ақыры келіспеген соң екеуін де берейін, тайды бер деп айналдырды. Мен екі бас жылқыға бергім келмеді. Өйткені торы тайды осы аралықта қатты жақсы көріп кеттім. Ақыры Күнесбай аға басын шайқап, үйіне кете барды.
Торы тай бүгінде үлкен жылқы болды. Талай жорға жарыстарында топ жарды. Екінші келу деген жоқ. Ылғы бірінші келеді. Бес автокөлік ұтып алдым. Оған әлі де құда түсушілер де көп. Джипке айырбаста деп жалынғандар болды. Бірақ мен келіспедім. Өйткені біздің достығымыз қымбат.

Сәрсенбай Болат
Алматы облысы, Райымбек ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *