ӨРМЕКШІ МЕН ТИІН

«Балдәурен» атты сиқырлы да ғажайып шаһардың ханзадасы балаларды қатты жақсы көретін. Себебі балалардың сыңғырлаған күлкілері мен таза пейілдері оның көңілін көтеріп, әрқашан қуаныш сыйлайтын. Ол балаларға кітап оқып беруді, балық аулауды, топпен ойындар ойнауды, жауынгерлік жаттығуларды үйретуді, түрлі әңгімелер мен аңыздар айтып беруді, жалпы олармен жақсы уақыт өткізгенді ұнататын. Сондықтан да ол жаз мезгілінде он бес, қыс мезгілінде жиырма күнге созылатын балаларға арналған үлкен мерекелік демалыс жасайтын. Бұл мерекелік кездесуге жан-жақтағы патшалықтар мен хандықтардан жас балдырғандар қуана келетін. Дегенмен, ханзаданың бұл әрекетін ұнатпайтын және көре алмайтын өзге ел патшасы болды. Ол қалайда ханзаданың бұл әрекетін тоқтатпақ болды. Сөйтіп ол ханзаданы өз патшалығына қонақ ретінде шақыру айласын ойлап тауып, тұзаққа түсірмекші болады. Ал оның шаһарын өзі жаулап алуды көздейді.
Оның шақыруын еш күмәнсіз қабылдаған «Балдәурен» ханзадасы жолға аттанады. Бірақ оны шақырған патшаның арам ойын ханзада оның патшалығына келгенде ғана біліп қояды. Сол патшалықта ханның әділетсіздігіне әбден ыза болып, шыдай алмай жүрген адамдардың бірі, өз балаларын асырау үшін күні-түні тынымсыз кесте тоқитын Жақан кемпір болатын. Ол өз патшасының арам ойын біліп қалған еді. Сондықтан ол «Балдәурен» ханзадасын бұл ажалдан сақтап қалмақшы болып, жағдайдың барлық егжей-тегжейін айтып түсіндіреді. Оны естіген «Балдәурен» ханзадасы аман-есен құтылып, өз шаһарына оралуға бел буады. Ол жолға аттанарда Жақан кемпір оған бір қорапша сыйлайды да оны басына үлкен қауіп төнген жағдайда ғана ашуын өтінеді. Бірақ оны қонаққа шақырған патша ести сала ханзаданың артынан бас уәзірінің басқаруымен жасақтарын жібереді. Қуғын үш күн, үш түн бойы жалғасады. Ханзаданы енді қолға түсіреміз-ау деп келе жатқан жауынгерлер «Балдәурен» патшалығының жеріне жақындап қалғанын байқайды. Егер ханзада тау баурайларына еніп кетсе, оны іздеп табу қиынға түсетінін олар анық білді. Сондықтан екі есе күш салып, тезірек жүруді ұйғарады. Ал ханзада болса әбден шалдығып, күші таусылуға айналады. «Біткен жерім осы» деп аяғынан шалынып құлай жаздайды. Бірақ қасындағы тасқа сүйене кетеді. Басын көтеріп айналасына дұрыстап қарағанда бұл тастың үңгір екендігін байқайды. Осы үңгірге кіріп, тығылайын деп шешеді. Ал қуғыншылар болса үңгірге таяп қалған еді. Осы кезде ханзаданың есіне Жақан кемпір берген қорапша мен айтқан сөздері есіне түседі. Ол қорапшаны ашқан кезде қорқып кетіп, қорапшаны жерге түсіріп алады. Оның ішінен алақандай өрмекші жорғалап шығады. Дәл осы сәтте сырт жақта ат шаптырымдай жерде келе жатқан қуғыншылардың күбір-күбір дауыстары естілді. Өрмекші келе жатқан қауіпті сезгендей үңгірдің аузына барып, тор тоқи бастайды. Ханзада шығуға қамданып, торды ашуға кірісті. Бірақ бұл тордың қалыңдығы соншалық сырт жақтан біреу ашуға көмектеспесе іш жақтан ешбір қарусыз ашу мүмкін емес еді. Ханзаданың көңілі түсіп, үмітін үзе бастаған сәтте бір дыбысты естіді. Әлдекім торды сырт жақтан тарқатып жатқандай көрінді. Бірер минуттан соң ханзада тордың арғы жағынан торды шешіп жатқан тиінді көрді. Жаңа тапқан достарымен ханзада туған шаһарына аман-есен оралады. Ал ханзаданы өлімнен арашалап қалған үш минут пен он бес секунд «Балдәурен» сарайының ұмытылмас ерекше дәстүрі болып қалады. Ал бұл өзге аңызға барып ұласады… .

Кульмагамбетова Алтынай,
Кажкенова Айнаш,
«Балдәурен» РОСО-ның ағылшын тілі және тарих пәндерінің мұғалімдері

ПІКІР ЖАЗУ