ЭКСПО көрмесіне тұңғыш қатысқан кім?

Бүгінмен есептегенде 100 жылға жуық уақыт бұрын Халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатысқан алғашқы қазақ – Әміре Қашаубаев екенін біреу білсе, біреу білмес. Қазақтың біртуар әншісі 1925 жылдың мамырында Францияның астанасы – Парижде өткен дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде «Балқадиша», «Ағаш аяқ» , «Бесқарагер», «Дудар-ай», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Смет», «Қараторғай» әндерін әуелетіп, күллі әлемді тамсандырған еді. Әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан Әміренің құдіретті дауысын тыңдағаннан кейін: «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсіндім?» деп таңдай қаққан екен.
Асқақ үнімен аспанды тербетіп, ерекше дауысымен Европаны таңқалдырған Әміре кім? Әміре Қашаубаев 1888 жылы Семей өңірінде дүниеге келген атақты әнші, актер, әрі музыкант. 12 жасқа толғанда Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, ол жас әншіні той-жиындарда ән салғызады. Әміре 1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 жылы осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, бас бәйгеге ие болды.
1925 жыл. Осы жылдың 25 мамырында Франция астанасы Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтеді. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде Әміре Қашаубаев кеңес делегациясы құрамында орыстың әйгілі әншілері Долива-Саботнаций мен Ковалева, өзбек өнер майталмандары: әнші Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, Әзірбайжан ән өнерін әйгілеуші Шавкет Мамедовпен бірге өнер көрсетеді. Әміренің әніне тәнті болмаған жан қалмайды. Бұрын-соңды мұндай әсерлі әнді тыңдамаған Париж халқы таң тамаша қалады. Қазақ әуенінің қуатына, әншінің таңғы шықтай мөлдір дауысына сүйсінген Францияның өнерсүйер қауымы байқаудың күміс жүлдесін Әміреге береді. «…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақышын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады». Әнші жайлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан асырып айту мүмкін емес. Ал Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков әншінің дауысын 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді. «Әдебиет және искусство» журналының 1949

жылғы 10-санында «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының ғажаптығын, үнінің сұлулығын саралап, Әміренің әнді сүйіп айтатынын, халық көп болғанда делебесінің қозып, асқақ даусымен жер мен көктің арасын жаңғыртқанына тамсанады.
Әмбебап көрме өткізілген тұста Мұстафа Шоқай Парижде жүрген екен. Кеңес одағынан келген делегация құрамынан қандасы Әміре Қашаубаевты көргенде, қайран Алаш азаматы қуанғаннан жылап жіберіпті. Көрме аяқталғанша Әміреге қолғабыс жасап, Парижді аралатып, көмектескенге ұқсайды. Тіпті, естелік ретінде Әміреге жақсы костюм де сыйлаған. 1934 жылы 7 қарашада ән атасы Әміре Қашаубаев ауыр сырқаттан қайтыс болады.
Жақында отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнінен шағын бейнероликтер көрсетіле бастады. Онда сахна шеберлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева мен еліміздің өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқады.

Ақпарат мына сайттан алынды: http://www.kostanaytany.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *