Құлаққа күтім керек

►Құлақ – ағзаның есту мүшесі. Анатомиялық құрылымына қарай құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөліктерден тұрады. Құлық деген нәрсенің құлағымыздан шығатынын білеміз, ол арнайы бездерден бөлінеді. Оның негізгі қызметі — шаң-тозаң мен зиянды микробтарды ішке өткізбей қорғаныштық қызмет атқару. Есту мүшесінің негізгі күтімі тазалық сақтаумен байланысты.
►Құлаққа көбіне-көп негізгі зиян қатты дыбыстан келеді. 40-45 децибел шамасындағы дыбыстар есту мүшеміз үшін орташа қалыпты деңгей. Оятқыш қоңырау — 80 децибел, мотоцикл – 85 децибел, рок-концерт – 90 децибел, іске қосылған ұшақ қозғалтқышының қуаты 120 децибел дыбыс шығарады. Олардың жанында біраз тұрса, құлақтың естімей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құлақты қатты дыбыстан қорғайтын құлаққаптар, тығындар пайдаланған жөн. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда мақтаны майлап, құлақты тығындауға болады, бұл ағзаны жоғары децибел әсерінен сақтайды.
►Көлікте музыка тыңдауға әуес болмаған жөн.
►Ұдайы есту дәрежесін тексеріп тұру қажет. Құлаққа қолсағаттың дауысы естілуі керек немесе біреудің 6 метр қашықтықтан сыбырлап айтқан сөздерін қайталап көріңіз. Ести алмасаңыз, құлақ дәрігеріне көрініңіз.
►Қатты дауыс жағдайында жұмыс істейтін тоқыма, жол салу, бұрғылау өндірісінің жұмыскерлері лор дәрігерлерге жиі келеді. Қазіргі таңда олардың қатарына оқушылар мен студенттер де қосылып жатыр. Құлаққап арқылы музыканы көп тыңдаудан, әсіресе күн сайын бір-төрт сағат бойы үзіліссіз әуен тыңдаған адамның есту қабілеті төмендейді. Ол бірте-бірте кереңдікке апарып соғады.
►Жұқпалы аурулар да есту қабілетіне әсер етеді. Тұмау, паротит, қызылша сияқты аурулар құлақтың қабынуына соқтырады. Тұмауратқан болсаңыз, даусы қатты шығатын құрылғыдан аулақ болыңыз.
►Ғалымдар құлақтың шуылдауын («тиннитус») құлақ ауруларымен, ми атеросклерозымен, есту қабілетінің нашарлауымен байланыстырады. Сонымен қатар, медициналық препараттарды қолданудың әсерінен болады дейді. Ал 55 пен 65 жас аралығындағылардың құлағы жиі шыңылдайды екен.
►Мақта таяқшаларын пайдаланбаңыз. Біріншіден, құлық құлақтың жарғағын түрлі инфекция мен жарақат алудан сақтайды. Дені сау адамның құлағында міндетті түрде құлығы болады. Ал біздер мақта таяқшаларын пайдаланған кезде құлықты дабыл жарғағына қарай итереміз. Нәтижесінде есту қабілеті нашарлайды.
►Табиғи майларды пайдаланыңыз. Егер құлақ ішінде құлықтың көбейіп қалғанын байқасаңыз, оны табиғи майлардың көмегімен тазартып көріңіз. Ол үшін майға шыланған мақта тығынын құлақ ішінде 10-20 минутқа қалдырыңыз. Бұл әдісті аптасына бір рет жасау жеткілікті.
►Дәрігерге тұрақты түрде қаралып тұрыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *