Дұрыс тамақтана білесің бе?

Дұрыс тамақтану – адам денсаулығын сақтаудың бірден-бір қалыпты ережесі. Бұл ереже бұзылса ағзадағы зат алмасу процесі бұзылып, айналадағы зиянды, қауіпті вирустарға қарсы тұру қабілетін жоғалтады. Дене және ой еңбегі нашарлайды. Семіздікке әкеп соғады. Бұдан да басқа толып жатқан зияны бар. Кейбіріміз сырттан самса, дөнер жей саламыз. Үзілісте чипсы, криешкиге жүгіреміз. Шөлдесек газды сусындарды алуға асығамыз. Майлы, ащы өнімдерді шамадан тыс қолданамыз. Ал мұның бәрі адам денсаулығына зиян. Дұрыс тамақтану дегеніміз ағзамызды қажетті дәрумендермен нығайтып, құнарлы тағамдарды пайдалану.

1) Тамақтану уақытының тәртібін бұзбау. Таңғы, түскі, кешкі асты уақытылы ішіп үйрену керек. Таңғы асты тастап немесе кешкі асты ішпей қоюға болмайды. Кешкі асты жатардан екі сағат бұрын ішкен жөн.
2) Мөлшерден көп жемеу. Шектен тыс тамақтану – ағзаға ауырлық түсіріп қана қоймай, оның бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан тамақты аз-аздан, жиі жеп тұрған жөн. Хадисте айтылғандай: асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, қалған үштен бір бөлігін бос қалдыру керек. Сонда жеген тамағыңыз сіңімді, пайдалы болмақ. Сондай-ақ, тәтті, ащы, майлы тағамдарды аз тұтыну керек.
3) Тамақ құрамында ақуыз, май, көмірсу сияқты қоректік заттар мен қосымша микроэелементтердің болуын қадағалау. Натрий, калий, фосфор, магний ағзамызға ауадай қажет болса, цинк, марганец, хром, кобальт, молибден, селен т.б. аз мөлшерде қажет. Түрлі дәрумендер мен микроэлементтер жеміс-жидектер мен көкөністерде, теңіз және сүт өнімдерінде көп болады.
4) Тамақтану кезінде гигиенаға мән беру. Таза жерде тамақтаныңыз. Тамақтануға отыратын кезде қолыңызды сабындап жуыңыз. Жемістер пен көкөністерді жақсылап жуып жеңіз. Тұтыну мерзімі өтіп кеткен тағамдарды пайдаланбаңыз.
5) Суды көп ішу. Күніне 1,5-2 литр су ішуді әдетке айналдырған дұрыс. Газды сусындарды табиғи таза суға алмастырсақ, пайдасы көп. Ескеретін нәрсе, тамақтанып отырып немесе тамақтанған соң, су ішуге болмайды. Суды тамақтанудан бір сағат бұрын не кейін ішеді. Мұздай суды ішпеңіз. Қалыпты температурада болғаны жөн.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *