Мен әділетті болсам да…

Бірде Әділет сабаққа қатыспады. Үнемі мектепке барлық оқушыдан ерте келіп, сыныптың жұмыстарын бітіріп кететін оның келмегені ұстаздарды елең еткізді. Дереу ата-анасына хабарлап:
— Әділет сабақтан қашып кетті,- деген мұғалімнің сөзі ата-анасының үстінен жай түсіргендей болды.
—Құдайым-ай, ұлымыз бірнәрсеге ұрынып қалмаса болар еді,- деп алып-ұшып жүгіре жөнелді.
Олар бірден үйге барып, ұлынан сабаққа қатыспауының себебін білген жоқ. Мектепке барды да, ашуланып үйге беттеді. Қақпадан кіре ана мен әкесі абдырап тұрып қалды. Әділет сыныптастарының әділетсіздігінен тағаты таусылып, «Мен бұл мектепте енді өлсем де оқымаймын деп өзіне серт берді де» үн-түнсіз кетіп қалды. Үйіне келе төсегіне қисайып, ұйқыға кетпеді. Құлағына құлақ қап киіп алып, компьтердің алдында отырмады. Келе үй тіршілігіне кірісті. Аға- әпкесі үлкен шаһарда жоғары оқу орнында оқиды. Інілері кішкентай. Анасы оларға таңертең тамақ береді де, үйге қамап кетеді. Әділет келгенше далаға шықпай отырады. Мектептен келе оларды тамақтандырып, таза ауаға шығарып, бас-көз болады. Олар ұйықтап қалғанда сабағын оқып, үй тапсырмасын тап-тұйнақтай орындап алады да анасына көмектеседі. Бүгін аула тап-таза, шөптері шабылған. Қыстан қалған күл-қоқыс түгел бір орынға жиналған. Әр жерде жатқан заттар көрінбейді. Арқанда кірлер жайылып тұр.Табалдырыққа жақындағанда, тамақтың иісі бұрқырап кетті. Анасы мен әкесі бір-біріне қарады:
—Балалардың ата-әжесі келген ғой,-деп Әділет жайлы ұмытып кетті.
—Ау, үйде кім бар, қонақ келген бе?- деп әкесі айқайлай үйге кірді.
—Әке, тыныш, інілерім ұйықтап жатыр,-деп Әділет ас үйден шықты.
Үйде жүрген Әділеттен жай сұраудың орнына ата-анасы бірден бас салды. Оларды әбден тыңдап болғанша, ұлы үндемеді. Көзіне бұрынғыдай жас та алмады. Өйткені, жасы 13-тен асып барады.
—Сіздердің де сыныптастарымнан еш айырмашылықтарыңыз болмады ғой. Жақсы, мектеп бітірген соң, сыныптастарым жан-жаққа кетеді. Олардың кейбірін мүлде көрмеуім мүмкін. Ал, сіздер ше? Маған сабақ оқы, мектептен келген соң мынаны істе, мынаны жаса дегеннен басқа қандай мейірімге бөледіңіздер. Рас, сіздер маған барлық жағдайды жасап жатырсыздар. Мен де оның қайтарымын қайтарып жатқан сияқтымын. Менің бар білетінім, үй-мектеп-үй. Сабақ оқу, үйдің жұмысына көмектесу. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға қатысу. Иә, бұл менің міндетім.
Мен көңілсіз жүремін. Кейде асқа тәбетім болмайды. Бір рет:
—Ұлым, жағдайың қалай? Не мазалап жүр. Бір жерің ауырып тұр ма?-деп сұрадыңыздар ма?
—Енді, сен бізге ақыл үйретейін дедің бе? Неге сабақтан қашып кеттің?
—Міне, әке қараңыз. Ұлыңызға тап беріп, мені жек көріп тұрсыз. Сіз әке ретінде бір рет болса да:
—Ұлым сені басқалар ренжітіп жүр ме?- деп сұрадыңыз ба? Басқалардың әкесі сияқты бір рет келіп, мені сабақтан алып кеттіңіз бе? Қалам-дәптерім бір рет емес, осы уақыт ішінде қаншама рет жоғалды. Оқулығым жыртылды. Спорт киімім ұрланды. Ұялы телефон тағы ұрланды. Жағам жыртылып, төбелесіп келдім.
— Сен адам болмайсың, бәленшенің баласы бесіктен белі шықпай жатып, төбелесті деп бетіме басатын болды. Ой-бай-ай, көшеде қайтіп жүремін деп намыстандыңыз. Бірақ, не үшін төбелестім, себебін сіз де, анам да сұрамады.
— Сабақты өте жақсы оқығаным үшін ұстаздар мақтайды. Соны көре алмаған сыныптастарым, басқа да ұлдар қызғанып:
— Сен не, «крутойсың ба» деп намысыма тиеді. Мен солардың қатарына қосылмаймын. Сондықтан, мен ұлдардың ойынша «жәбірленуім керек». Мықтысыз ба, сол ұлдардың әкелерімен сөйлесіңіз.
— Мен сабақтан қашқан жоқпын, кеттім. Ертең директор шақырсын, сонда бар шындықты жайып саламын. Одан кейін ісім сол ұлдармен болады. Мен енді үндемей қалмаймын,-деп кесіп айтты.
Ұлының айтқандарынан кейін оның ата-анасы қатты ойланып қалды. Қаршадай ұлдың ақыл-парасаты асып түскеніне қуанды, өздерінің бала тәрбиесіндегі кемшіліктерін іштей мойындап, мектепте болып жатқан істің ақ-қарасына қанықпақ болып, үшеуі жолға шықты.
Әділеттің өте батыл бала екенінен бейхабар ұлдар болса, бір-біріне меңзеп:
—Әділет бізден қорқып, тығылып қалды,-деп мәз-мейрам. Алайда, олардың ешқайсысы бейкүнә сыныптасына жәбір көрсетіп, қаншама күнә арқалап жатқанын елестетіп те көрмеді. Өйткені, әділетсіз жасаған әр күнәсі мен артықшылығы күні ертең алдынан шығатынын әркім ойласа екен…

Жанастан КУЧУКОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *