Ата-ананың жұлдызы

Ұл-қыздарын ерткен ана кешкі салқында саябақты аралатып келеді. Балалары анасына сан түрлі сұрақтар қоюда. Анасы әр баласының сауалына байыппен, бала түсінігіне лайық жауап беріп, олардың көңілін көкке самғатып баяу аяңдауда.
—Ана, мына баққа қар жауса да келеміз бе?
—Иә, құлыным! Қар жауғанда саябақтың іші ақ көрпеге оранады. Тиіндерге жаңғақ береміз.
—Ақ көрпеге қалай оранады?
—Қалың қарды ақ көрпеге теңеп тұрмыз.
—Ана, сіз таудағы сырғанаққа барамыз деп едіңіз ғой.
—Иә, күнім! Әкең мықты шана сатып әкелгенде, қыста тауға барып сырғанақ тебеміз.
—Алақай! Қыс қашан болады?
—Жаз бітіп, күз болады. Күзден соң, қыс айы басталып, қар жауады.
—Ана, әкем де бізбен бара ма?
—Иә, жарығым!
—Қазір біздің қасымызда неге жоқ?
—Жаншуағым менің, әкең жұмыста. Еңбек етіп, ақша алады. Сол ақшаға тамақ, киім, шана сатып аламыз.
—Анашым, менің! Аспандағы жанып тұрған шамдар бізден неге алыс?
—Ол-жанып тұрған менің жұлдыздарым, сендерсіңдер ғой.
—Анашым, біз ертең өскенде, жұлдыз болып жанамыз ба?
—Иә, жұлдыздарым! Жер бетіндегі барлық бала ата-ана үшін жұлдыз.
—Анау дәрігер де жұлдыз ба?
—Иә! Ол — өз ісінің жұлдызы. Сол дәрігер болмаса, сендер ауырып қалғанда, басқа адам емдей алмайды.
—Қараңдаршы, қараңдар, ұшақ төбемізден ұшып барады. Қандай үлкен!
—Ана, ұшақ төбемізге құлап кетпей ме?
—Жоқ, балапаным, ұшақ құламайды. Оны басқарып отыратын ұшқыш бар.
—Ұшқыш жұлдыз ба? Жұлдызға жақын ұшады ғой. Қолы жете ме?
—Иә, ол да жұлдыз. Неге? Ұшақ кемесіндегі жолаушыларды баратын жағына аман-есен апарады және кері алып келеді.
—Анашым, құстар аспанда қалықтап ұшады. Олар жұлдызбен сөйлесе ала ма?
—Құстарды жаратқан Иеміз көкте ұшуға жаратты, сондықтан қанаты талғанша ұшады. Ұясына қонады, жерге қонақтайды. Жұлдызбен сен де іштей сөйлесе аласың.
—Анау балалар ше?
—Олар да өзінің ата-анасының жұлдызы.
—Анашым, біздің сыныпта өлең айтатын балаларды «Жұлдыз» дейді ғой.
—Қымбаттыларым менің, олар ән қанатында ерекшеленген балалар ғой. Сондықтан, оларды жұлдызға теңейді.
—Біз жұлдыз емеспіз бе? Жұлдыз болғымыз келеді.
—Балапандарым менің, сендер біздің жұлдызымызсыңдар. Сендер барда әкең екеуіміздің таңымыз да, түніміз де жарық. Әлемдегі барлық бала ата-ана үшін сөнбейтін жұлдыз ғой.
—Әй, анашым-ай! Сол екен ғой, сіздер бізді үнемі «жарық жұлдызым» деп еркелететіндеріңіз. Сіздер, қадірлі ата-анамыз, балалардың жұлдызы екенсіздер ғой. Өмірімізге шуақ, күнімізге нұр шашатын, қараңғыда шырақ болып жанатын, құлап қалсаң, аяғымызды жерге тигізбей көтеріп алатын, бұзылмайтын қорғанымыз— ата-анадай жұлдыз жерде болса, көктегі жұлдызға теңеу екен-ау!
Ж.Кучукова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *