Сараның сара жолы

4bet_f1Тастанбекқызы Сара (1878-1916) айтыскер ақын. Туған жері — қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы.

Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы — тым ауыр да күрделі. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі — немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады. Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады.

Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады. Осылайша қаршадайынан басы дау-шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдында онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпе-кернеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп, ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсыларымен бірге Сара да барады. Ұлы ақынмен көрісіп, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді. Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен, теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы-мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады. Сара Тастанбекқызының Біржансалмен айтысы — ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», «Жайлауда», «Әбіштің әруағына», «Аққу», «Шымылдық», «Қош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.

Ашындым
Ашулы, арманы арта түскен Сара,
Ой — улы, қиял — қышқыл, жүрек — жара.
Аттандым ашындым да, белді байлап,
Болудың мағынасы жоқ енді бала.

Аралап өмір сырын ойым сергек,
Саралап алды-артымды, ақыл тербеп.
Арман мен ақ сырымды өлең қылып,
Ән салу домбырамен болды ермек.

Аңырап ақ домбыра боз інгендей,
Наз-мұңым қос шектен шығады еңірей.
Той, жиын, шілдехана болса қайда,
Сайрайтын болдым енді даусым сембей.

Қызымын Тастанбектың атым Сара,
Жасымнан жылап өскен мен бір бала.
Он үште өміріме ор қазылып,
Жүрекке өшпестей боп түсті жара.

Жетпеген балапандай темір қанат,
Жан едім жасы балғын, жаңа талап.
Арман боп ақ жүрекке қадалды оқ,
Қандайлық атты екен жау сығалап.

Қуансам ән салар ем саңқылдатып,
Азынаған ақ домбыраны аңқылдатып.
Айрылған балапаннан қоңыр қаздай,
Қоймаса қарт анамды қаңқылдатып.

Дүниеге неге туып, неге келдік,
Көретін болсақ өңкей қорлық, кемдік.
Жетімдік, жеткіліксіз шерлі өмірдің
Дүниеде болған ба тек бәрі мендік.

Бұғаудан босанудың кілтін таппай,
Іздеймін, халқым сенен тұрмай, жатпай.
Көрінбей көп ішінде кетсем деймін,
Жайыннан жаны қалған ақ шабақтай.

Қамығып, — дейді көбі, — күшіңді алма,
Ашылып, ойнап-күліп көңілді алда.
Өзіңдей он үшімде өңменді үзіп,
Мені де берген, — дейді, — жұртым шалға.

Жыладым, жалбарындым, амалым жоқ,
Сатылып кете бардым алған малға.
Қылғынта көгендеген ақ тұсақтай
Қалыңнан қыз құтылып қалған бар ма?

Өмірін өрістетпей өре салып,
Тұқыртқан тұрмыс талай бағландар да.
Әйелге бұл заманда атқан таң жоқ,
Не өнеді айтып бәрін зарлағанда?

Мұны айтып апаларым кеңкілдесіп,
Еске алып ескі арманын еңкілдесіп.
Жаны ашып, жұбатады мен сорлыны,
«Қайтейік, әйел солай еншің» десіп.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *