Данияр Ақылбаев: Кішкентайымнан кітап оқуды ұнатамын

Бар қазақтың мақтанышы, ақын, хакім Абай Құнан-байұлының бесінші ұрпағы болып табылатын Данияр Ақылбаев бүгінгі айдарымыздың қонағы.
Редакциядан.

Абай бабамның үлкен ұлы Ақылбайдан Әлімқұл туған екен. Әлімқұлдан Бағыфұр деген атам туыпты. Ол кісіден менің әкем Айдар дүниеге келген. Мен 1971 жылы туылғанмын.
Әкем 1970 жылдардың басында жас маман ретінде Маңғыстауға барып, мұнай кен орындарын барлау жұмыстарына қатысқан. Кішкене күнімнен Маңғыстау аймағында, Каспий теңізінің жағасында өстім. Кітап оқығанды жастайымнан жақсы көремін.
Пионерлер ол кезде ескі-құсқы қағаздар мен жарамсыз кітап-дәптерлерді жинап, қағаз қалдықтарын макулатураға тапсыратын едік. Бұл жұмысқа бел шешіп, бірден қызығушылықпен кірісуші едім. Бір күні сол үйінділердің ішінен «Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған анықтамалық» шығып, соны парақтап, оқи бастадым. «Ленинград гидрометеорологиялық институты» дегенді қарап отырсам, «мұхиттану факультеті» деген жазу көзіме оттай басылды. Сол кезде жетінші сыныпта оқып жүрген кезім. Жак Ив Кусто жайлы, теңіз тіршілігі туралы деректі фильмдерді қатты қызығып көретінмін. Содан осы институтқа түскім келіп, аңсарым ауды. Алдыма солай мақсат қойдым. Арманым орындалып, ақыры маған сол жоғары оқу орнына түсуді нәсіп етіпті.
Негізі ол оқу орнын әлемдегі ең жақсы институт деп санаймын. Бұл жерде өте мықты профессорлар мен ұстаздар қызмет етті. Жоғары математикадан Мәскеудегі Ломоносов университеті мен Петербургте дәріс оқитын Панизовский деген әйгілі ғалымға шәкірт болғанымды үлкен мәртебе деп білемін.
Мұхиттану — физика мен жоғары математикаға негізделген ғылым. Институттағы жылдарым әлі күнге есімде қатты сақталды. Институтты 1996 жылы аяқтап шықтым. Аспирантурада азғантай оқып, 1997 жылы Ақтауға оралдым. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында програмист болып қызмет еттім. Құрылыс мекемесінде де еңбек еткен кездерім болды. Програмист, тіпті кейде дизайнер болдым. Бірнеше жыл болды, Алматыға көшіп келдік. Үш қызым бар.
Менің атам Бағыфұр кезінде саяси жағынан айыпталып, репрессияға ұшырап, сталиндік лагерьлерде болған екен. Кейіннен елге оралған соң мені жанынан қалдырмай бірге алып жүретін. Бойымда жақсы қасиеттер мен өнерді дарытқысы келді. Атам да өлең жазушы еді. Бағыфұр атамның бірнеше қалың қойын кітапшасы бар болатыны есімде. Кейін оларды таппай қалдым.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *