«Қазгидрометтің» сырлары

Қадірлі оқырман!
«Қазгидромет» РМК — қауіпті және апатты табиғат құбылыстарына дауылды ескертулер жасайтын, кез келген ұйымды ресми ақпаратпен қамтамасыз ететін құқылы заңды орган.
Бүгінгі «Қазгидромет» РМК ішкі және сыртқы саясаттың негізгі мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысады. Сонымен қатар Қазақстан ДМҰ мүше-мемлекеттерімен бірге 21 ғасырдағы адамзатқа төнген табиғат қауіптерімен күресуге белсенді қатысуда.
Оқырмандарымызға кәсіпорын туралы айтып беруді «Казгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы УЛЖАБАЕВА Елена Николаевнадан (суретте оң жақта екінші) өтінген едік.

—Елена Николаевна, ауа райын болжаған ежелден ұлы дала төсіндегі ата-бабаларымыз ғой. Дегенмен, ғылыми негізде зерттеген кім?
—Елімізде гидрометеорологиялық қызметтің негізі ХІХ-ғасырдың елуінші жылдары құрылған. Оның құрылуына Семенов-Тяньшанский, Шоқан Уалиханов, А. Голубевтей ғалымдар қолдау көрсетіп, Верный бекінісіндегі В.Обух, К. Ларионовтай әскери қызметкерлер үлес қосқан. Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның климатын зерттеуде Шоқан Шыңғысұлының қандай қиындықтарды басынан өткізгенін қазіргі заманауи технологиялар пайдалану барысында елестету мүмкін емес. Сондай қиындыққа қарамастан, ғылыми зерттеуін нақтылау үшін Петербург Университетінің ректоры А.Н. Бекетовке: «Құдай үшін, Андрей Николаевич, қоғамнан (Орыс географиялық қоғамы) мен тұрған далаға барометр және психрометр, бірнеше термометр жіберуіне көмектесіңізші» -деп хат жазады.
Қазақ Метеорологиялық бюросының төрағасы Ораз Жандосов Қазақстандағы гидрометеорологиялық қызметтің 2 кезеңін атап өткен болатын. Біріншісі—табиғи факторларды үйрену зерттеу және экспедиция арқылы жүргізу. Мұндай жан-жақты бағдарлама ХҮІІІ-ғасырдың 30-жылдары басталған. Екіншісі—жер үстінен бақылау жүйелерін құру. Бұл -Қазақстан климатын тұрақты бақылауға алып келеді деп атап өткен.
— «Қазгидрометтің» тарихын қысқаша айтып өтіңізші.
—Алматыда алғашқы метеорологиялық зерттеулер 1859 жылдары басталғанымен, арнайы орын болмағандықтан, 1915 жылға дейін тұрақты жүргізілмеді. Сол жылы Бас геофизикалық обсерватория қаржысына ғимарат салынып, Верный станциясы көшірілді. Абай-Сейфуллин, Масанши-Сәтпаев көшелерінің қиылыстарында орналастырылды. Бүгінде аталған шаршы аймақтағы ғимарат заманауи техникамен жабдықталған, құрамында ондаған қызметкерлер еңбек ететін үлкен кәсіпорынға айналды. Бұдан басқа таулы аймақтарды болжау мақсатында 1912 жылы Есікте метеостанция ашылды. 1915 жылы Үлкен Алматы көлінде қар көшкінінің жағдайын зерттеу мақсатында ашылған станция күні бүгінге дейін жұмыс істейді. Ал, 1935 жылы Қазақстандағы ең биік станция Тұйықсу мұздығында ашылды. Халқымыз оны Мыңжылқы жазығы деп атайды.
—Мекеме мамандары қандай оқу орнында білім алады?
—Қазгидромет саласында әл-Фараби, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университеттерін тәмамдаған жоғары білімді метеоролог, ауа райын болжайтын, гидролог және эколог қызметкерлері еңбек етеді..
—Ауа райын болжаудағы біз біле бермейтін қырларын айтып бересіз бе?
—Бүгінгі күні РМК «Қазгидромет» құрамына Қазақстан Республикасы әр облысының және Алматы мен Астана қалаларының 14 еншілес мемлекеттік кәсіпорындары кіреді, онда 3,5 мыңнан астам жұмыс істейді. Елімізде 328 метеостанса, оның 83-і халықаралық мәртебеге ие және ғаламдық желіге кіреді. Осы стансаларда бақыланған ауа-райы әлемдік дерек орталығына беріледі. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК 307 гидрологиялық бекеттер бар, онда химиялық талдауға су сынамалары алынып, өзендер мен көлдердің су мөлшерлері есептелінеді. «Қазгидромет» РМК 192 мемлекеттердің Қызметтерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі және Жер атмосферасының жай-күйі мен мінезі, оның мұхиттармен өзара әрекеті, құрылатын климат және туындайтын су ресурстарын бөлу мәселелері жөніндегі БҰҰ жүйесінің беделді ақпарат көзі болып табылатын Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымға (ДМҰ) кіреді.
—Әңгімеңізге рақмет!
(Өз тілшімізден)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *