Иллюстратор мамандығын таңдасаң…


Қазір әлемде иллюстраторларға деген сұраныс күн сайын артып барады. Біз күнделікті көріп жүрген көшедегі жарнама, интернеттегі түрлі сайттардың бет-бейнесі, телеарналардағы аралық жарнамалар, анимациялық роликтер, түрлі кітаптар мен газет-журналдардың беттері мен мұқабалары, мультфильмдер мен комикстердің дүниеге келуінің барлығын графикалық дизайн саласы қамтиды. Біздің елімізде осы салада танымал болып жүрген жастарымыздың бірі – Сатыбалды Рабиға Амантайқызы.

– Рабиға, оқушылардың бір бөлігі мектеп кезінен суретші болуды армандайды. Алайда осы саланы дамытып, ары қарай қалай алып кетудің жолын нақты білмейді. Суретші балаларға қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз? Иллюстратор деген кім?
–Бұл расымен ойланарлық мәселе. Ересектер сурет салу арқылы ертең өзіңді асырай алмайсың деп жиі айтады. Бұл қиындық бастапқыда менде де кездескен. Себебі қағазға салынған суреттер сол бойы ештеңеге жарамсыз болып қала беретін. Мәселе мұнымен шектеліп қалмауы керек. Егер бала сурет салуға қызықса, онда олар графикалық редакторлармен қазірден сурет салып үйрене бергендері дұрыс. Бұл – заман талабы. Қағаз бетіне сурет салу қандай қызықты болса, графикалық редакторда адамды солай баурап алады.
Иллюстрация – өте ауқымды сала. Қазір иллюстратор мамандар тапшы. Ал олардың компьютердік дизайн арқылы жасаған жұмыстары сұранысқа ие.
– Графикалық дизайнер саласына тоқтала кетсеңіз!
– Графикалық дизайн өте қызықты сала. Бұл салада нағыз жұмыстың рахатын сезінесің. Әрі үздіксіз біліміңді дамытасың. Ал қиындығы бізде графикалық дизайн енді ғана жолға қойылып келеді. Жаңадан дүние ойлап табу оңай емес. Тынымыз еңбек пен үнемі ізденіс керек. Мұнда негізгі талап графикалық бағдарламаларды дұрыс меңгеруің, ал қалған дүниелер тәжірибемен келеді. Компьютерде Illustrator немесе CorelDraw сияқты бағдарламаларды пайдалана отырып, сурет салады. Мен алғаш графикалық дизайнды оқығанымда, көпшілігі бізге қажет емес сала деген пікірлер айтты. Соған қарамастан, өз шаруамды жүргізуге бел будым. Иллюстрация тек балаларды ғана қызықтырып қоймай, әр түрлі жастағы адамдарды да тартуы мүмкін деген ой түйдім. Қазақстанға келгенімдегі 300-ден астам суретімнің барлығын ересектер қызығып салдырған болатын. Бұл саланы меңгергендер дизайнның барлық саласында жұмыс істей алады.
– Демек біздің аниматор, суретші боламын деген балаларға бұл салаға қорықпай келе берулеріне болады ғой. Иллюстратор болу үшін білімді қайдан алады?
–Маған өте көп суретші қыз-жігіттер хабарласады. Cалған суреттерін көрсетеді. Өте талантты балалар. Олар біздің суреттеріміз өзімізден басқа ешкімге керек емес деп айтып жатады. Менің оларға қайталаудан шаршамайтын кеңесім: иллюстрациялардың соншалықты сұранысқа ие болу себебі, олардың графикалық программаларда сала алатындығында. Соның өзі суретті құнды етіп шығарады. Ал, қолынан сурет салу келетін талантты балалар бұл бағдарламаларды үйренсе тіптен керемет болады емес пе? Олар еркін комикстер, белгілі бір тақырыптарға байланысты суреттерді салып тез дамиды.
Иллюстратор болғысы келетін балалар ең бірінші графикалық редакторлардың негіздерін өз бетінше үйренгені немес арнайы курстарға барғаны жөн.

– Бір суретті салуға қанша уақыт жұмсайсыз?
Алғашқы кезде өте қарапайым жолмен сызатынмын, соның өзіне 1,5-2 сағат кететін. Ал қазір күрделі тәсілмен, қатпарлы етіп салатындықтан ол біраз уақыт ұстайды. Күрделі суреттерді 3-4 сағатта бітіруге болады.
– Алдағы арманыңыз қандай?
– Мен қазір «Аrmanfly» дизайн студиясының арт-директорымын. Иллюстрация және логотиптер жасаумен ғана айналысып жүрген жоқпын, кітаптарға тапсырыс қабылдаймын. Бұл жұмыстан шын мәнінде рахат аласың. Балалардың осы бастан таңдаған саласына ден қойғандары жөн дер едім. Компьютер жасауға қызыққан балалардың дені қазір IT саласынан алыс кетпегенін байқаймыз. Графикалық саланың қыр-сырын меңгерген мамандар көбейсе, анимация, мультипликация саласы қарыштап дамитын еді.

Сұхбаттасқан – Гүлім Еркінбек

 

ПІКІР ЖАЗУ