Кенеден қалай қорғанамыз?

Көктемнің шуақты күнінде барлығымыз ата-анамызбен немесе достарымызбен табиғат аясына шығып, демалып келуге асығамыз. Көп адамдар тауға немесе орманға — көкке шығып жатады. Олардың көбісі демалыста еркінсіп, табиғат аясына шығудағы қауіпсіздікті сақтамайды. Табиғат аясына шыққанда ең алғашқы адамға зиян келтіруші, ол кене. Көктем айларынада кенелер өте көп болады. Олардың адамдарға зияны өте күшті. Сондықтан табиғат аясына шыққанда кенеден қорғану шараларын жүргізу керек. Кене шаққан жағдайда адам сал, немесе кей кездерде өлімге де алып келеді. Осы жағдайларды ескере отырып, кенеден қорғанудың мынадай тәсілдерін ұсынамын.
Алматы қаласының шет аумақтары кене энцефалиті бойынша эндемикалық аумаққа жатады. 2016 жылы алғаш кене шағу жағдайлары 29 наурызда тіркелді. Кенелердің белсенділігі ауа-райына байланысты. Көп жылғы мәліметтерге қарағанда, кенелердің белсенділігі сәуірдің 2-онкүндігінде басталып, мамыр айында шарықтау шегіне жетеді. Көктем, жаз маусымында кенелер аса қауіпті болады. Таңғы және кешкі уақыттарда кенелер белсенділігі арта түседі.

Кене шағу жағдайларынан қалай қорғану керек?

•Ашық түсті жеңі ұзын киім, жабық аяқ киім кию, көйлекті шалбардың ішіне салу, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, бас киім не байлауыш тағу керек.
•Дененің ашық жерлеріне және киімнің сыртына дәріханаларда арнайы сатылатын
кенеге қарсы аэрозоль, крем, лосьон сияқты реппеленттерді жағу.
•Әр 1,5 – 2 сағат сайын өзіңізді және басқаларды тексеру. Кене теріге бірден жабысып алмайды, кене өзіне ыңғайлы жер іздеп киімде не денеде ұзақ жүреді. Кене әдетте дененің бүгілетін жерлерін, қолтық астын, шапты, құлақтың артын, бастың шашты бөлігін таңдайды.
•Үйге келген соң денені, барлық киімдерді мұқият қарау керек;
•Даладан теріп әкелген гүлдерді, басқа да өсімдіктерді алдын-ала тексеріп, бөлмеге кіргізу керек;
•Ит және басқа да жануарлардың денесін мұқият тексеру керек;
•Кенені қолмен сығып өлтіруге болмайды, өйткені ауру қоздырғыштар дененің микро жарақаттары арқылы денеге өтуі мүмкін.

Кене энцефалитінің алдын алу шаралары:

•Кене энцефалитінің табиғи ошақтарында жұмыс жасайтын адамдар жоспарлы иммунизациялауға жатады. Кене энцефалитіне қарсы жоспарлы иммунизациялау медициналық ұйымдарда жүргізіледі;
•Табиғи ошақтарда жұмыс жасайтын жұмысшыларды қорғаныс киімдерімен, реппеленттермен (үркітуші заттар) және басқа да заттармен қамтамасыз ету;
•Кенеден қорғанатын арнайы қорғаныс заттары жоқ жұмысшыларға жұмыс жасауға рұқсат бермеу;
•Эндемикалық аумақтарға шығатын жұмысшыларға кене энцефалитінің алдын алу және жеке қорғаныс шаралар туралы нұсқаулықтар жүргізу.
Кене шағып алған жағдайда, уақыт өткізбей жедел көмек көрсететін бөлімшелерге қаралып, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алу керек.

Қондыбаева Асел Серікқызы,
Алматы қаласы, Алатау аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

ПІКІР ЖАЗУ