Екі баланы құтқарған жас батыр

Көктем келіп, күн жылынып, жер беті бусанып, көк шығып, қыс бойы сіресіп қатқан көк мұздар еріп, еріген қар суы жылғаларды қуалап, Алматы облысы, Қаратал ауданын бойлап ағып жатқан Қаратал өзеніне құйып жатыр. Жылдағы жағдай сол, өзен су арнасына сыймай ағып, долданып, арнасына түскендерді доптай домалатып әкетеді. Судың асау ағынына қызықтап қараған Бейбарыс пен Бекарыстан жағаға біртабан жақындай түсті. Бұлар 3 және 5 жастағы бүлдіршіндер еді.

Абайсызда кішісінің аяғы тайып, суға күмп етіп құлап түседі. Інісінің суға батқанын көріп, ағасы құтқармақ болып, артынан секіреді. Алайда ағыны қатты Қаратал өзені оны бұта құрлы көрмей ағызып әкетеді. Асау толқындар қалқып шығып тұрған екі басты суық суға көміп, ары қарай тереңге тарта берді…
Мадиярдың жасы биыл 14-ке келді. 8-сыныпта оқиды. Өзін ересек сезініп, үйдегі біраз шаруаны атқаруды өз мойнына алған. Бүгін де күндегі әдетінше өрістен қайтқан малдың алдынан шыққан. Көпірді жағалап келе жатып, бірінен соң бірі суға түсіп кеткен екі бүлдіршінді көреді. Қас-қағым сәтте шешім қабылдаған Мадияр судың суықтығы мен көпірдің биіктігіне қарамастан жалма-жан шешініп, ойланбастан өзенге секіреді. Екі балаға дейін жүзіп барып, долы өзенмен арпалысып жүріп, екеуін де құтқарып, жағаға шығарады.
Үй ауласында ойнап жүрген екі баласынан көз жазып қалғандығын анасы да білмейді. Бір қараса, екі баласын көтеріп алып, киімінен суы сорғалап Мадияр келе жатыр. Бейбарыс та, Бекарыстан да малмандай су. Аздап су жұтып қойған екі ұлын көргенде анасының зәресі қалмайды. Бүлдіршіндердің анасы Айгүл Мадиярдың ерлігіне аналық алғысынан басқа айтары жоқ.
Достары Мадиярды мақтан тұтады. Өмірде момын, қарапайым, ал спортта алғыр екендігін айтады. «Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік. Біз Мадияр сияқты досымыз болғанын мақтаныш етеміз» дейді олар.
Мектеп үшін де, ата-ана үшін де Мадиярдың батылдығы өнеге тұтарлық.

PS: Міне, балалар, ерлік жас талғамайды екен. Байқасаңдар, мұндай ерлік жасайтындар көбіне спортта алғыр. Спортпен дос болғандардың денесі шымыр, рухы өжет, жүректері түкті келеді. Ендеше, сендер де спортты сүйіңдер. Таңда оянғанда жаттығу жасап, жүгіріп, күрес, бокс, футболға қатысып, салауатты өмір салтын ұстаныңдар. Кім біледі, мүмкін болашақта олимпиада жеңімпаздары сендерден шығып қалар.

 

Ескерту:
Балалар, жалғыз өздерің суы терең көл, өзен, су қоймаларына бармаңдар. Үлкендерден суға малтып жүзуді үйреніңдер. Біреу суға кеткен жағдайда айғайлап, дереу үлкендерге хабар беріңдер.

 

Мирас Кесебаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *