Футболдағы есеп: 50 де 37!

Ауыл шетіндегі шаңы бұрқыраған айтақыр — футбол алаңы. Бұл жерге қай жылы, кімдер әкеліп қадағаны белгісіз тот басқан темір қақпа. Әу баста екеу болған болуы керек. Себебі, футбол алаңында бір емес, екі қақпа болатыны бесенеден белгілі ғой.
Бірақ, оның біреуі… Қайда кетті деп сұрасаңыз, қазір ешкім де есіне түсіре алмайды. Бәлкім, біреу түн жамылып келіп, темір арамен кесіп әкетіп, өз үйінің қорасына тіреуіш етіп қойған болар. Әлде, ауылға темір-терсек жинаушылар келгенде, осындағы көп көкелеріміздің біреуі өткізіп жіберіп, азын-аулақ нәпақа тапты, кім білсін. Әйтеуір, футбол алаңында қазір бір-ақ қақпа қалған қалқиып.
Торы жоқ. Торы болмаған соң, қақпаға енген доп та қаңғырып далаға кетіп жатады. Кейде тіпті, гол болған-болмағанын да байқамай, улап-шулап, таласып қаламыз. Әсіресе, қамыт аяқ Ғалымжан секілді тепкен добына көз ілеспейтін мықты ойыншылардың бір голы есептелсе, бір голы есептелмейді. Оны шамамен, көз алдыңызға былай елестетуге болады; жалғыз қақпаның алдында екі жақ опыр-топыр боп жатқанда кенет біреудің аяғының ұшы дөп тиеді де, доп зу ете қалады. Бірақ, ол бағананың арғы жағынан өтіп кетті ме, әлде бергі жағынан өтті ме, ешкім білмейді.
Әйтсе де, допты соққан жақ:
—Го-о-ол! — деп шу ете түседі.
—Жо-оқ! Гол емес! — деп айқайлайды екінші жақ.
—Қалай?
—Міне, былай… қақпаны жанап өтті!
—Өтірік айтпа! Ішінен кірді!
—Жоқ. Сыртынан!
—Өй, сенің… көзің — көз емес, без бе?
Міне, осылай екі жақ қызылкеңірдек боп айтысып, кейде тіпті жұдырық сілтесіп қалатын кездері де жиі қайталанады.
Мұндайда бізді ажыратып, тәртіпке шақыратын жан болмайды. Өйткені, төреші жоқ. Бәрі ойыншы.
Футбол алаңында екінші қақпа болмағандықтан, біз көбіне бір қақпаға ойнаймыз. Бұл, шынын айтқанда, екі қақпаға ойнағаннан әлдеқайда тиімді. Біріншіден, ұзаққа жүгіріп шаршамайсың. Екіншіден, қақпашы да екеу емес, біреу ғана болады.
Ал енді біздің ойынның нәтижесін, яғни, есебін білген кісінің екі көзі бақырайып, шарасынан шығып кете жаздайтыны сөзсіз. Себебі, мұндай нәтиже дүние жүзіндегі ешбір футбол алаңында тіркелмеген.
Айталық, 50-37 (елу де отыз жеті) деген есепті көрген жан бар ма екен? Әрине, жоқ. Мұндай есеп, тіпті, күндіз-түні доп қуудан жалықпайтын бразилиялық балалардың да қаперіне кірмейтін болар.Міне, бүгін де солай, бір қақпаны нысанаға алған, ірі есепті, шиеленіскен қызу ойын өтіп жатыр. Біздің ойыншылардың форма деген нәрсені өңі түгілі, түсінде де көрмегені анық. Кәсіпқой боксшылар секілді бәріміз белімізге дейін жалаңаштанып, шешініп тастағанбыз. Қарсыласың кім, жақтасың кім? Оны айыру бізге түк те қиынға соқпайды. Себебі, біріміз Бразилиядан, біріміз Португалиядан, енді біріміз Түркиядан келіп жатқан жоқпыз ғой…

Үзінді Қазыбек Қашқабаевтың «Балалық шақпен қоштасу» хикаятынан алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *