«Туған ел — қыдырың, Тәуелсіздік — тұғырың» бәйгесінен фоторепортаж

Журнал оқырмандары арасында ұйымдастырылған бәйге жеңімпаздарын марапаттау наурыз айының соңында Алматы қаласында өтті. 

—Дәстүрлі бәйгенің Бас жүлдесін қағып алған Олжас ҚАСЫМ.
Ортадан суырылып шыққан қара баланы қарсы алған Қазақстан Журналистика Академиясының Президенті, тарих ғылымдарының докторы, прфессор ҚОЗЫБАЕВ Сағымбай аға Олжаспен сұқбатаса бастады.
—Олжас, қайдан келдің?
—Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылынан.
—Бәркелді! Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 40 жылдан астам уақыт оқытушылықпен айналысудамын. Журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқардым. Алла сенің журналистика факультетінің студенті болғаныңды көруді жазсын.
—Рақмет!
—Иә, батыр, нешінші сыныпта оқисың?
—Бесінші.
Сағымбай Қабашұлы, болашақта журналистиканы қалаған шәкірттерге Ұлттық Университет, оның журналистика факультеті туралы қысқаша әңгімелеп берді. Өзі басқарып келе жатқан Академияның атқаратын ісінен де хабардар етті.
—Балалар, мына баннерге қараңдаршы. Журналдың атауының қасында қандай сурет көріп тұрсыңдар?
—Жұлдыз ұстап тұрған адам.
—Бұл жай ғана жәдігер (сувенир) емес, еліміздің ең үздік басылымдарына тағайындалатын сыйлық. « Алтын жұлдыз» сыйлығы. Сендердің журналдарың республикадағы ең үздік балалар басылымы, 2006 жылы Алтын жұлдыз сыйлығын иеленді.

Марапаттау рәсімі осылай жалғасын тапты. Бәйгеге еліміздің барлық облыстарының мектеп оқушылар қатысты. Олардың ішіндегі ең үздігі арнайы сыйлықтарға ие болды.
—Қадірлі оқырман! Адамның қалыптасу кезеңі сендердей бала кезден бастау алады. Уақытты өздеріңе қажет емес, компьютер ойындарымен, ұялы телефонмен хат жазып, бір-біріңе лайк басумен өткізбей, мынадай бәйгеге қатыстыңыздар. Нәтижесі міне! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған бәйгеге қатысу үшін қаншама іздендіңдер. Яғни, қаншама кітапты парақтадыңдар. Газет-журналда жазылған деректерге сүйендіңдер. Зияны бар ма?
—Жо-о-қ!
«Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің Бас редакторы, журналист, жазушы АЙҒАЛИҰЛЫ Ертай ағаның сұрағына редакция ғимаратына лық толған балалар осылай деп жауап берді. Оларды ата-анасы мен ұстаздары да қоштады.
—Қадірлі оқырман! Жүлделеріңіз құтты болсын! Айтыңдаршы осы жүлдеге жету үшін кім көп көмектесті?
—Ұстазым!
—Ата-анам.
—Журналдан бәйге шарттарын оқыған соң, өзім ізденіп шығарма жаздым. Оны редакция почтасына жолдадым, — деді ІІ-орын иесі Кәусар ҚАСТЕРҚЫЗЫ
***
Танымал журналист, ғалым Ахмет АЛЯЗ ұл-қыздарын бәйгеге қатысуға көмектескен ұстаздар мен ата-анаға алғысын білдіріп, мұғалімдерге алғыс хат тапсырды.
—Балалар, «Мөлдір бұлақ» журналына жазылғанның артықшылығы бар ма?
—Ағай, мен айтсам бола ма?
—Әрине, болады. Мархабат. Өзіңді таныстыра отырсаң.
—Мен Рауан Олжабай, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Аралтөбе мектебінің 8-сынып оқушысымын. Кішкентай кезімде ата-анам журналды жаздырып берді. Содан бері доспын. Бәйгеге жылда қатысамын. Біздің мектептен 4 оқушы қатысты. Шығармаларым басылымда жарияланып тұрады. Ағай, «Мөлдір бұлаққа» жазылған бала оны ай сайын асыға күтеді. Өзім бір нөмірді бірнеше рет оқып шығамын.

—Біздің бала кезімізде бәйгелер өте аз өткізілетін. Бүгін балалар мен жасөспірімдердің талантын ашып, дарынын бағалайтын байқаулар көптеп ұйымдастырылуда,- деп «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС Бас директоры Серкан ХАСТҮРК марапаттауды әрі қарай жалғап кетті.
—Өткенде бір ата-ана телефон арқылы хабарласып, бәйге жайлы сұрады. Мен жеңімпаздар тізімінің журналдың сайтына жарияланғанын айттым. Ол кісі баласының аты-жөні бар ма, жоқ па оны сұрамады. Бірақ, өзі сыйлық алғандай қуанып:
—О-о-о, енді бір ай тойлататын болдық қой,- деп бүкіл шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі. Міне, сол ата-ананың қызы ТІЛЕК Ақерке, не ШӘКЕН Әсем болса керек,- деп III орын алған жүлдегерлерге сыйлығын табыстады.
***
Сұқбат негізінде өткен марапаттаудың «Ынталандыру» сыйлығына ие болған оқырмандарымыздың жүлдесі мен дипломын редакция қызметкерлері Айман ИСАЕВА, Мирас КЕСЕБАЕВ, Гүлім ЕРКІНБЕК, Тамила ИБРАГИМОВА жеңімпаздарға игі тілектерін арнап, тапсырды.
***
«Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы, журналист Жанастан Кучукова Бәйгеге қатысқаны үшін дипломына ие болған БАЙБОСЫН Диас, Бақытжанова Аяжан мен І орын иегері ШҚО, Үржар ауданынан келген АЛИПБАЕВА Аяулымды марапаттады.
Қызы ЖӘНІБЕК Айданаға жанкүйер болып келген әке Кеңесхан Ғаббасов, әнші Азамат Байтаев жеңімпаздарға арнап ән шырқады.
***
Немерелерінің жетістігіне қуанып, бірге келген зейнеткер ұстаз-әжелер АХМЕТОВА Рсалды мен ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ Шара оқырмандарымызға ақ батасын беріп, басылым жайлы пікірлерімен бөлісті.
***
Марапаттауды журнал Бас редакторының орынбасары, ақын Саят ҚАМШЫГЕР жүргізді.
Біздің оқырмандарымыз үшін Тәуелсіздік әжелердің немерелеріне айтатын тәтті ертегісі іспетті. Аппақ бұлттардың арасынан күлімдеп атқан Күннің алтын шапағымен нұрланған ертегідегі ғажайып ел. Егемендікке қол жеткізгенше ел басынан өткен қиыншылықтар, ат тұяғы даланы дүбірлеткен аласапыран соғыс, аштық, еңіреген Ана, жылаған бала бейнелері әркімнің көз алдынан елес болып, қылаңдауда. Бүгінге дейінгі 550 жылдық тарих таңбалы тастардағы жазулардай болып, ұрпақ жүрегінде өшпестей орын алды. Осындай жігерден, туған еліне деген кішкентай жүректен шыққан балғын ойлар, асқақ армандар, биік мақсаттар шығармада жазылған.

Ж. ТҰРЖАНОВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *