Өрттен құтқарған бала

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылында көрші тұратын екі үй бар еді. Бірінші үйде бір-бірінен аумайтын 4, 5 және 6 жасар үш бала ойнап отырған. Әке-шешесі қаннен-қаперсіз есікті сыртынан құлыптап кете барған. Қараусыз қалған балалар ойланбастан сіріңкемен от тұтатып, ойнай бастайды.

«Ойыннан өрт шығадының» кері келіп, от лезде алаулап, олардың өмірлеріне қауіп төндіретін жағдайға жетеді. Күшейе түскен тілсіз жаудың жалыны терезеден шыққанын көрген тұрғындар әрекет жасамай, телефондарына түсіріп тұрыпты.
Осы кезде көрші үйде тұратын он төрт жастағы Ғалымжан қосымша сабақтан келе жатқан болатын. Болған жайтты дереу ұғынып, өрт сөндірушілер келгенше, бәрі кеш болатынын түсінді. Ішінен тез шешім қабылдап, жүгіріп барған күйі, жанып жатқан үйдің терезесін бұзып, ішке қойып кетеді. Үйде көздері жылтырап, көк түтіннен қақалып жөтеліп жатқан Нұрбол мен оның екі әпкесін көреді. Әрқайсысын сүйрелеп, арқалап, көтеріп, біртіндеп сыртқа алып шығады. Сонымен қоймай, оларды өзінің үйіне ертіп әкеліп, жылы көрпеге орап, алқынған жүректерін орнына түсіріп, қорыққан көңілдерін басады. Сол уақытта жұмыстан әкесі де келіп қалған екен, өрт сөндірушілерге хабарлап үлгеріпті.
Өрт сөндірушілер келгенде үй әбден алып отқа оранған болатын. Ғалымжанның шұғыл әрекеті болмағанда, үш бүлдіршіннің жағдайы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Жалын шыққан үйге жүрексінбей кірген Ғалымжанның да, құтқарылған балалардың да жағдайы жақсы. Дер кезінде алып шыққанның пайдасынан денсаулықтарына зиян келмеген.
Міне, бар-жоғы 8-сыныпта оқитын, бұғанасы әлі қатпаған он төрт жастағы жеткіншек Ғалымжан Күзембаев үлкендер жасай алмаған ерлікті жасап, үш балақайдың өмірін сақтап қалды. Үш балақай — Қазақстанның болашағынан ойып орын алатын үш азамат, үш отбасы емес пе!? Жерлестері Ғалымжанды «Батыр бала» деп атап кетті. Мектепте өзге оқушыларға үлгі болды. Өрт сөндірушілер тарапынан мақтау қағазын алды.
Сендер де бауырларыңды, достарыңды, ауылдас, көршілеріңе әрдайым көмек көрсетіп, жәрдем жасауға дайынсыңдар деп сенемін, құрметті Ғалымжанның замандастары. Ерлік кішкентай амалдарды жасаудан басталады.

Мирас Кесебаев

ПІКІР ЖАЗУ