Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым

   

— Мен боксшы болғым келеді… Қарашы, мен сондай арықпын. Боксшыға алдымен күш, күш керек! — деп, ол ұшып тұра қалып, әдетінше ауаны осқылап, бокстай жөнелді…

Мен ойладым, бұл әшейін баланың қызығушылығы деп. Сөйтсем, олай емес екен. Жандос футбол ойнағанды да жақсы көрді. Мектептің құрама командасының мүшесі болды. Жақсы жүгіретін. Жеңіл атлетикаға да қатысты. Бірақ мұның бәрі боксқа дайындық болып шықты.
— Апа, осы әртүрлі спорт түрлеріне неге қатысып жүрмін. Білесіз бе? — деп бір күні ол маған сұрақ қойды.
— Олардың бәрін жақсы көресің, жаның сүйеді. Шынында да, балам, олардың бәріне қаншама уақытың кетеді. Онан да тек боксыңа қатыспайсыңба? Бір күні зорығып құлап қаларсың, қара, бала! Өзің жауап берші, неге бәріне қатысып жүрсің?
Жандос тез жауап берді. Сірә, ол осындай сауалға жақсы дайындалған болуы керек.
— Боксты мен қатты зерттедім. Біріншіден, күшті, қарулы болуға тиіссің. Сенің жұдырығың ұрғанда темір сияқты болу керек. 
Мысалға, Тайсон өте күшті адам. Мен күшімді көбейту үшін әнеу үйдің алдындағы ауыр тастарды көтеремін. Белтемірге тартыламын. Жұдырығымды тастай етуге кірпішті олай-бұлай ұрамын. Үйдің алдында ілулі қабым бар. Көп пергілегеннен қайта-қайта жыртылады. Екіншіден, шаршамауың керек. Күнде таңертең жүгіріп жүргенім сол. Жеңіл атлетикаға, футболға, баскетболға қатысатыным осыдан. Үшіншіден, мысық сияқты епті болған жөн. Гимнастика мен акробатикаға қатысқаным өте пайдалы болды. Қызыл жолбарыс атанған Васиий Жировтың әке-шешесі, жаттықтырушысы оны күшті гимнаст болады деп үміттеніпті. Мұхаммед Әли балаларға өзіне тас атқызған. Бекзат аға нағыз желаяқ болған. Константин Цзю кішкентай болса да жұдырығы тастай, әрі өзіне соққы дарытпаған. Ермахан аға еңбекқорлығымен олимпиадада чемпион атанды.

— Апа, қараңызшы мына мықтыларға, — деп Жандос дәу альбомын алдымызға қойып парақтай бастады.
— Шіркін, осы боксшылар сияқты мен де даңқты болар ма екенмін? — деп, әдетінше ол ауаны осқылап-осқылап жіберді.
— Боласың, неге болмайсың! Қазақ «Талапты ерге нұр жауады» демей ме? Талабың бар. Тек бір Алла жар болсын, — деп мен оның басынан мейірлене сипадым.
Жандос боксты өмірден кеткенше тастамады. Арық, шибұт бала көз алдымызда бойы сорайып, денесі де сомданып келе жатты…

Үзінді жазушы Ертай Айғалиұлының «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым!» атты жаңа хикаятынан алынды.


Ертай Айғалиұлы
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. «Қазақстан Заман» газетінде Бас редактор. «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен саған ғашықпын» романдары, «Мен сені сағындым, әпке», «Ақбарыс, американ және Аспантау үңгіріндегі қазына», «Қара бала, адам-қасқырлар және мұз сарай» хикаяларының авторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *