Өрмекші

Бүгінгі әңгімем күнделікті көріп жүрген өрмекші туралы. Тарихқа көз жүгіртсек, пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі болсын) Медине қаласына көшіп бара жатып, Хира үңгіріне жасырынған кезде, Алла Тағала қысқа уақытта өрмекшіге әмір етіп, тор тоқытқызады. Мүшіріктердің із кесушісі іздеп келіп, сол үңгірдің аузына тоқылған өрмекшінің торын көріп, ішіне кірмей кеткен болатын. Оның артынан қарулы әскерлер де ат басын бұрып, өрмекшінің торын көріп, «мұнда көптен бері ешкім келмеген екен» деп кетіп қалады.
Қазіргі заман ғалымдары өрмекші жібінің беріктігі мен сапалығы жөнінде көп айтып жүр. Темір болатпен салыстырғанда, 6 есеге қатты екенін дәлелдеген. Дүниеде өрмекшінің 3000-ға жуық түрлері бар. Олардың ішінде адамның алақанындай үлкені де, көзге әрең шалынатын кішкентайы да, тор тоқымайтыны да кездеседі. Мысалы: Оңтүстік Америкада тышқан, торғайды ұстап жейтін түрлері, сондай-ақ шақса адам өлтіретін түрлері де бар екен. Өрмекшілердің жақын туыстарының бірі — «тарантул». Оны қазақша бүйі дейді. Ол да өрмекші тәріздес, алты аяқты, сегіз көзді және жергілікті табиғатқа бейімделген.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Ғанкабут» (Өрмекші) сүресінің 41-аятында «Алладан өзгені ие тұтқандардың мысалы бейне бір өзіне тордан ұя салған өрмекшіге ұқсайды. Анығында, ұя біткеннің ең осалы — өрмекшінің ұясы» — деген. «Құран Кәрімнің 114 сүресінің сырлары» деген кітапта: «Кімде-кім «Ғанкабут» сүресін ақылынан алжасқан біреуге оқыса, дауа табады» — делінген.
Аяттағы «ғанкабут» сөзі ұрғашы өрмекшіге айтылады. Жануарлар мен жәндіктерді зерттеу барысында, өрмекшінің торын ұрғашысы тоқитыны анықталды. Міне, ғажайып! Қасиетті Құранның ғылымға ишарат беріп тұрғандығын байқадыңыз ба!
Екінші бір қызық нәрсені баяндайын. Жалпы жан-жануарлардың басым көпшілігінде аталықтары аналықтарына қарағанда ірі әрі күшті болып келеді. Ал, өрмекшілерде керісінше аналықтары аталықтарынан екі есе үлкен. Көптеген жануарлар үйлерін ыстықтан, суықтан, дұшпаннан, әртүрлі зиян келтіретін нәрселерден қорғану үшін салады. Ал, өрмекшілер болса керісінше зиян тигізу, қақпан құру, үйлеріне қателесіп кіріп кеткендерді өлтіру үшін салады. Сондықтан да үйлердің ең сенімсізі өрмекшінің үйі. Тіпті өрмекшінің ұясы өзгелер үшін ғана емес, еркек өрмекші үшін де сенімсіз. Егер аталық өрмекші жұптасқаннан кейін қашып құтылмаса, аналық өрмекші оны ұстап жеп қояды екен. Құран өрмекшінің үйінің осалдығын айту арқылы осы бір шындықты білдірмек болған. Бұл біздің дамыған заманымыздың зерттеп тапқаны ғана, ал, зерттелмеген қырлары қаншама?
Өрмекшінің адамзатқа тигізген пайдасы Шис пайғамбармен байланысты оқиғада баяндалады. «Пайғамбарлар тарихы» атты кітапта Шис пайғамбар жүн иіріп, одан киім тоқып кимекші болады. Бірақ жіпті иіргенімен, киім тоқуға өнері жетпейді. Төзімі таусылған соң қолындағы жіпті шимайлап лақтырып жібереді. Сосын қолын жайып: -Уа, Алла, маған киім тоқу ілімін үйретші, — деп жалбарынады. Ұлық Алла жаңағы лақтырып жіберген жіпті өрмекшіге айналдырады. Ол ағашқа өрмелеп шығып, өрмек тоқи бастайды. Шис пайғамбар оның әрекетіне қарап киім тоқуды үйреніп алады.
Осыдан бастап адамзат тарихында ұршық иіру мен киім тоқу дәуірі бастау алады.
Адамзат жануарлар, жәндіктерге қарап, үлгі алып, тұрмысына қажетті көптеген нәрселер ойлап тапқан. Өрмекшіге қарап тоқуды үйренсе, инелікке қарап тікұшақ жасауды үйренді. Олардың құпиясы ғылым, білімде жатыр, достар!

Азат СӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,
Төле би мешітінің
найб имамы,
Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *