Кәдірбек Сегізбайұлы: Апамның ыстық құшағын-ай!

«Он бес күн оқыдым ба, жоқ әлде жиырма күн оқыдым ба, ол жағын білмеймін, әйтеуір, мен үшін сағынышқа толы жылға бергісіз біраз уақыт өтті ғой. Үйге келемін, тамағымды ішемін де, ұжымшар орталығында тұратын жергілікті балалармен ойнаймын. Содан ымырт үйіріліп, ел орынға отыра сүйретіліп мен де жетемін. Әрине, ойыннан әкем өлген жоқ, оны жақсы білемін. Бірақ ойынға айналғанда апамды, үйді аз уақыт болса да ұмытып кететін сияқтымын.»

«Кешкі алагеуім шақта да өзіміздің құбақан ғана төрт қанатты киіз үйді бірден таныдым. Үй жанында бұзауын емізіп, қызыл қасқа сиыр тұр анадай жерде. «Е, апам сиырын сауып болған екен ғой». Үй сыртындағы белегірден тау басында қыстан қалған қардай аппақ болып атамның отары көрінеді. Бәрі де көзімді жұмып елестете алар таныс сурет, таныс көріністер.
— Міне, үйіңе де келіп қалдық, Ақтан батыр, — дейді Сәт ағай.
Әлде кешкі ала көлеңке ме, әлде көзіме жас тығылды ма, жанарым тұманданды.»

«Шіркін, апамның ыстық құшағын айтсаңшы. Тұмсығыңды қарнына тіреп қойып, тұра қалғаныңда, осы бар ғой, жүрегіңді балқытып жіберетін ғажап бір иіс бар. Әй, ондай хош иіс ешкімнің де апасында жоқ шығар, сірә!
Апам мені тік көтеріп алып, кеудесіне басты. Кеудесіне тұмсығымды тығып, он жыл бойы қамауда жатып келген кісідей айырылар емеспін. Өзім боздап тұрмын.»

«Кейінгі кезде апама атам қосылды. «Оқисың да оқисың». «Оқымасам, өзім теңдестер мектепке кеткенде қойдың құмалағын сана-а-ап жүреді» екенмін. «Оқымасам, ағайым Сейдіннің атына кір келтіріп жүретін жаман бала» екенмін. Оқымасам, «Марқұм Сейдін ағайымның аруағы да мазасы кетіп, мәңгі мекенінде тыныш жата алмайды» екен. «Келер жылы Серік мектепке барғанда ұялмай-қызармай «өгіздей» боп соның қасында бір сынып-та оқиды» екенмін. Қойшы, әйтеуір, қара аспанды төндіріп болмаған соң,
амалымның құрығанынан «тым болма-са бір-екі жыл сауат ашып, қара тану үшін, сонан соң өскенде қыздарға хат жаза алу үшін» ғана «жарайды» дедім.»

«Қанша ынжық болсам да, менің де өзіме тән намысым бар азаматпын ғой, апайдың мына қылығы, ол аздай былтыр өзіммен бірге оқыған балалардың жолыққан бір-екеуінің: «Тағы келдің бе-ей, миғұла?!» деген сөздері өзімді де атамның алдында әбден жермен-жексен ғып тұрған. «Көрсетермін, сендерге кім екенімді, тек алғашқы сабақтан бастап-ақ дұрыстап тыңдап отырармын. Иә, оқымысты Сейдін ағайымның аруағы қолдап, жебеп-желей гөр!» осыны ойладым да, сенімді түрде атама уәде бердім.
— Енді жақсы оқимын, ата! Үйге де қайтпаймын, тек апамды жіберіп тұр, иә!»

«Күндер өтіп жатты. Бұрынғыдай емес, алғашқы тоқсанда-ақ үлгілі оқушы санатына қосылдым. Екінші тоқсанның басында Ержан ағай мені класком қойсын. Адамға бақыт қонайын десе оңай екен ғой. Содан өзіме деген сенімді ақтау үшін барымды салайын. Әйтеуір, сол кезден ең озат, былайша айтқанда, «бестігіңізден» басқа бағаға пысқырып та қарамайтын оқушы болғанбыз. Сәл бір қиындау есеп, болмаса балалар білмей қалған тақырып болса да менің, яғни Сейдінов Ақтанның шығара алмауы немесе жауап бере алмауы өте сирек оқиға екеніне Ержан ағай мен бір сыныптағы жиырма екі оқушының көздері баяғыда жеткен. Оларды былай қойғанда, өзім де аса дарынды әрі білімдар шәкірт екеніме көп күманданбайтын болғанмын.»

«Сөйтіп тағы бір жазды өткізіп, күз келгенде бұрынғыдай емес, мектепке өзім даярлана бастағанмын. Тіпті шулы ортаңды, балаларды сағынады екенсің. Оның үстіне биыл жалғыз емес, қасымда Серігім бар. Өзінің жаратылысы солай ма, әлде «әке-шешені қия алмау» деген сияқты сезімдер ол саңылаусызда жетілмей қалған ба, әйтеуір, барамын да оқимын деп, құлшынып тұрған біреу. Мектепке келгенде де көп тосырқамай, сабағына кірісіп кетті. Әрине, оны мен сияқты класком сайлай қойған жоқ, бірақ ол да алғыр, зерек болып шықты. Бір ғажабы, қасында мен жүрген соң ба, бір оттың басында екеуден-екеу болып шошайып қалған атам мен апамды сағынбайтын. Енді мен, әй, осы бәледе шынында сағыныш сезімі дейтін жоқ болар деп күдіктене бастағанмын. Әлде сағынса да, білдірмей ме екен? »

«Жоқ, мүлде олай емес екен. Сағынбайды деген жай сөз екен. Алғашқы күзгі бір апталық демалысқа барғанда, біресе апамның қасына, біресе атамның қасына жатып, бәлемнің есі шықты. Бар болғаны ол маған қарағанда шыдамдырақ шығар деп ойладым. Бекер обалы қане, ол бірінші сыныпты маңдайында оттай жанған Елтаңбасы бар «Мақтау грамотасымен» бітіріп, атамның тағы бір той жасамасына қоймады.»

« Кей күндері Серік екеуіміз Мұқатай ағалардың үйіне барып, ауласын сыпырып, отындарын жарып дегендей қол ұшын беріп, көмектесіп қоямыз…
— Әй, біздің Зекеңнің екі ұлына жетер бала жоқ, бірінен-бірі өтетін қайырымды, елгезек, — деп көрші-қолаңдарына, тіпті мұғалімдерімізге де үнемі мақтап жүреді.
Жақсы сөзді кім жек көрсін, мектепте мұғалімдерім, интернатта тәрбиешілерім, тіпті Мұқатай ағаларға дейін мақтаған соң әр ісіммен өнеге көрсетуге тырысамын. Өзім ғана емес, Серіктің де дәл мендей болуын қатты қадағалаймын. Мақтаншақтық жағынан менен асып кетпесе, бір сүйем кейін қала қоймайтын інім көзі от шашып, кез келген іске құлшына кірісер еді.»

Үзінділер жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Жап-жасыл әлем» атты хикаясынан алынды.

ПІКІР ЖАЗУ