Басқаға бұйырмаған бақыт

Ерлігі мұра, ұрпағына ұран болған, жаулары тұлғасын көргенде сескеніп кейін шегінген, бір өзінде арыстанның қайраты, Алла тағаланың берген мықты рухы бар батыр бабаларымыздың қайтпас қайсарлығы, батырлығымен дархан даланы қорғап қалған баһадүрлеріміздің ізбасары деп халқының қаһарман ұлы — Бауыржан Момышұлыны кеудемізді мақтаныш керней айтамыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университе-тінің (Біз оқыған жылдары С.М.Киров атымен аталатын) журналистика факультетінің бірінші курсын тәмамдап қалған кезіміз. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңы еді.
— Университеттің биология факультетінің мәжіліс жайына жиналыңдар, — деген хабарлан-дырудан соң сабақтан шығып, сол жаққа бардық. Мәжіліс жайы өте үлкен әрі кең екен. Курс жетекшіміз, қазір жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбаев ағамыз. Өте ақ көңіл, бала мінез тұлға. Бес жыл бойы бірде-біреуімізге дауыс көтеріп сөйлеген емес, сол қоңыр дауыспен бәрімізді баурап алатын.
— Бауыржан ағаларыңмен кездескілерің келетінін білем. Биология факультетінің мәжіліс жайына ертерек келіп, жай-ғасыңдар. Кешігу болмасын. Ағаларың темірдей тәртіпті жақсы көреді. Баукең автограф (қолтаңба) бермейді, қасына келіп, суретке түсеміз деп шулап, батырдың мазасын алмаңдар, — деп ескертті.
Бірінші курс студенттеріне ондай батылдық қайдан болсын? Дәл уақытында келіп, алдыңғы орындарға жайғастық. Университет студентеріне мәжіліс жайы лезде лық толды. Студенттер арасында есімі жиі аталатын жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов, факультет деканы, профессор Темірбек Қожакеев, бүгінде профессор, филология ғылымдарының докторы Намазәлі Омашев, елге танылмал ғалымдар, қаламы қарымды журналистер жинала бастады. Мәжіліс жайы құлаққа ұрған танадай. Батырды күтіп отырмыз. Бізге қозғалуға болмайды. Оқытушыларымыз құтты қонақты күтіп жүр. Сырттан:
— Келді! Келді! — деген сөзді естіген соң, сілтідей тына қалдық.
Дәл уақытында есік ашылып, оң қолын маңдайына қойып, әскери тәртіппен батыр ағамыз кіріп келді де:
— Мен халқыма қызмет етемін! — деді.
Алпамсадай тұлғалы, шашы бурыл тартқан, қыран қабақты, семсердей мұртты, сесті адам екен. Кездесу басталып кетті. Жоғары курс студенттері ара-тұра сұрақ қояды. Біздің көкейімізде сан сұрақ тұр, бірақ тіліміз байланып қалған. Деміміз ішімізде, тек тыңдаушы болып отырдық. Сол кездесуде Баукеңнің Ұлы Отан соғысында Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кіріп, жауды жеңіп, полк жауынгерлерін шығынға ұшыратпағанын білдік. Батыр сөзге шешен екен. Ақындығын да байқадық. Келбеті сұсты болғанымен, мейірбандығын, білімділігін өнеге етіп көрсете білді. Сол кездесуде батырдың:
— Мен ендігі жерде ақын да, жазушы да емеспін, жазатын адамға материалмын, — деп жиылған қауымға арнаған өсиеті 34 жылдан кейін ойыма оралып, естелікті жасөспірімдерге айтып өттім. Атағын арттырар іс қылмасам да, батырды көзіммен көргеніме марқаямын.
Нұрыш НАҚЫПОВА, журналист,
Қарағанды облысы, Нұра ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *