Ел бірлігін сақтаған татулықты айт

«Мөлдір бұлақ» журналының редакциясы Жыр алыбы Жәкеңнің туғанына 170 жыл толуына орай Жамбылдың жыр жолдарындағы «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деген ұлағатты сөзіне сүйене отырып, оқырмандары арасында өткізген шығармашылық бәйгенің жеңімпаздарын марапаттады.
Балалар басылымы ұйымдастырған бәйгеге мыңға жуық шығарма келіп түсті. Шығарма проза, поэзия жанрында жазылып, сурет түрінде ақынның бейнесі салынып жіберілді. Ең үздік жазылған шығармалар иелері жеңімпаз деп табылды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Жеңімпаздарды Нағашыбек Қапалбекұлы, Ертай Айғалиұлы, Бақыт Жағыпарұлы, Нұрдаулет Ақыш, Кеңес Оразбекұлы сияқты қаламгерлер, Анарбай Бұлдыбай, Темірхан Тебегеновтей ғалымдар, Қазақ Мемлекеттік Қыздар университеті ректоры Динара Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның атынан Ермек Иманбаев, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ермекбаева Гүлнар және Жамбыл бабамыздың шөберелері Мұратхан мен Бекмұрат Жамбылов марапаттады. Марапаттауды «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС Бас директоры Серкан Хастүрк қорытындылады.
«Жыр алыбы Жәкең» дегенде ең алды-
мен көз алдымызға Алатаудай асқақ бейнелі абыз қарт келеді. Оның өлең жолдарын мұқият оқығанда, кемел келе-шекке сара жол салып кеткенін бүгінгі ұрпақ, біз, таңдана, тамсана айтамыз.

Ақындарымыз есімін жырына қосса, жас ақындарымыз «Жамбыл мектебінен» тәлім алуға ұмтылады. Өткір, өршіл өлеңдерінен еліміздің азаматтары ғана емес, Жамбылды таныған шетелдіктер де тағылым алады. Айтысқа шыққанда, қоңыр дауысқа сала отырып, қарсыласын отты тілдерімен ора салатыны, бүгінде осы өнерде жүрген айтыс ақындарының ұраны деп мақтана айтамыз. Жырлары, хисса-дастандары ғасырлардан — ғасырға ұласатын ұлағат. «Тыңда дала, Жамбылды» — деп жырлаған жыр алыбының өсиетін байтақ еліміздің ұрпақтары өзінен кейінгі жетпіс жылдан бері жоғалтпай, қастерлеп келеді. Оның рухына тағзым етіп, Құран-дұға бағыштайды. Жыры әлемді шарлаған ғасыр ата, жыр ата өз заманында лайықты бағасын алды. Бүгінгі ізбасарларымыз бен келер ұрпағымызды Жамбыл атамыздың рухы қолдасын деген тілек айта келе Еліміз үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін шынайы тер төгіп, адал қызмет ететін ұл-қыздарымызға Жәкеңнің өнегелі өмірі мен ғұмыры ғибрат болғай деп тілейміз!
Марапаттауға «Қазақстан» және «Хабар» Ұлттық телеарналары ақпараттық қолдау көрсетті. Телеарналар басқарма басшылары МҰХАМЕДЖАНОВА Нұржан Жалауқызы мен ҮКІБАЙ Айдос мырзаға оқырмандар мен олардың ата-аналарының, ұстаздардың Алғысын білдіреміз.
Журналдың шығармашылық ұжымы.

Редакциядан:
Арнайы марапаттауға келе алмаған Алматы қаласы, Алмалы ауданы, № 36 мектептің оқушысы Жанель Маратова, Түрксіб ауданы № 115 мектептің оқушылары Аяла Ешмұхамбетова мен Шәкәрім Әбілғазыға сыйлықтары кейіннен тапсырылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *