Әлі сахнада жүргендей

Елімізде, жүз емес, ғұмыр жасы одан асқан қарттарымыз бар. Жүздесу сәті Хабиба апаға түсті.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің жары Хабиба апайға телефон шалдық. Тұтқаны дауысы ашық, жайдары апа алды.
— Сәлеметсіз бе! Әнші Жүсіпбек Елебеков ағамыздың шаңырағы ма?
— Дәл түстің, құлыным. Әдетте әртіс апамды іздеген адамдар бірден: «Хабиба Елебекованың пәтері ме?» — деп сұрайтын. Сендер үй иесінің есімін атадыңдар, Алла жар болғай.
Бір күн өткен соң, жүз жасаған кейуананың есігін қақтық. Кеше сөйлескен апай бізді ескі танысындай қарсы алды.
— Япырай, десеңші! Апам ешкімге сөйлесуге рұқсат бермеп еді, «Мөлдір бұлақ» балаларға арналған журнал деп едім, елең етіп қалды.
Хабиба апаның бөлмесіне кіріп, сәлем бердік. Тік отыр.
— Қарақтарым, қазіргі заман тамаша заман! Барлығы бар, соған шүкіршілік етейік. Менің балалық шағым ашаршылық жылдары өтті. Отбасындағы ата-анам, бауырларым аштықта көз жұмды. Менің Дәлила Оңғарбаева есімді әпкем болған. Әнді тамаша айтатын. Мәскеуге барып, ән салған. Қалибек Қуанышбаев, Жүсіпбек Елебеков сынды өнер адамдары ауылдан таланттарды іздеп шыққан екен. Мен солардың сынынан өтіп, 1935 жылы 19 жасымда М.Әуезов атындағы драма театрына әртіс болып орналастым. Кейіннен Жүсіпбек аталарыңмен шаңырақ көтердік. Төрт перзент сүйдік. Қазір Естай есімді ұлым бар.
ЕЛЕБЕКОВА Хабиба Қарақбайқызы, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Томар деген ауылында 1916 жылы 16 шілдеде дүниеге келген.
Театрда 100-ден астам рольдерде ойнаған. Осы өнер ордасымен 95 жасында қоштасқан. 60 жылға жуық уақытта қаншама шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды Хабиба апамыздың ізін басып келеді. Жас кезінде келіп, қанаттын қатайтып, тамаша қырынан көрініп жүргендері қаншама!
Ана жүрегі бүгінгі жастар үшін алаңдайды. Жасы келген адам, көп сөйлетпеуге тырыстық. Бірақ, ғасыр жасы бар ана басылымға байланысты да сұрап қояды. Өзінің балалық шағына қайта-қайта оралады.
— Бала кезімде көрген қиындықтарымды айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, осы күнге дейін әр сәті көз алдымнан кетпейді, — деп құдды бала кезіндегідей көзіне жас алады.
«Таң атпаймын десе де, күн шығады» деген. Хабиба апамыздың бағы өнерде жанды. Заманында актриса сомдаған рольді көру үшін қаншама өнер сүйер қауым театрда жиналды. Сүйсінді, әртіспен қосылып жылады, қуанды, бақытқа бөленді. Х.Елебекова Аллаға мың да бір шүкіршілік етеді.
— Көп сөйлесем шаршап қаламын, балалар, апаларыңды айыпқа бұйырмаңдар, — деп қалжыңдап қояды.
Апамен біраз отырып, әңгімелестік. Кей сәттерінде анамыз театр сахнасында тұрғандай әсерде болдық. Дауысы әлі сахнадағыдай. Әңгімеміз жарасымын тапқанын байқадық. Соған қарамастан, қайтуға ыңғай білдірдік. Мұны сезген Хабиба апа қолын жайды. Біз де қол жайдық.
— Балалар, бақыт бастарыңнан кетпесін. Жамандық сендерден айналып өтсін. Қайда жүрсеңдер де Құдайым сендерге жар болсын. Әумин! — деді.
Еліне адал еңбек сіңіріп, аңызға айналған қос өнер саңлағының дастарханынан нан ауыз тиіп, Хабиба апамызға денсаулық тілеп, кері қайттық. Күтушісі Рахима дәл телефонмен тілдес-кендей жарқын жан екен.
Жанастан Кучукова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *