Айдын АЙЫМБЕТОВ:«Арманым ғарышқа самғау еді…»

Айымбетов Айдын Ақанұлы, қазақтың үшінші ғарышкері. 1972 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген.1989 жылы Талдықорған қаласындағы № 20 орта мектепті алтын медальға бітірген соң, Авиацияның Бас маршалы П.С.Кутахов атындағы Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсіп, оны 1993 жылы «командалық, тактикалық жою авиациясы» мамандығы бойынша бітіріп, ұшқыш-инженер мамандығын алып шығады. 2009 жылдың 15-желтоқсанында А.Айымбетов Мемлекеттік Ант қабылдап, «Қазғарыш» басшысының кеңесшісі болады. Содан кейінгі жылдары осы агенттікте бөлім басшысы, департамент басшысы сияқты бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. 2014 жылы оған ҚР Әскери-әуе күштерінің полковнигі атағы берілді.

— Айдын Ақанұлы, қай баланы алсақ та, ғарышқа сапар шегуді армандайды. Жақында бір студент қыздың ғарышкер болуға дайындалып жатқанынан хабардар болдық. Қазақ ғарышкерлері көптеген баланың өнеге тұтар тұлғасына айналды, Сіз бала кезде кімдерге ұқсағыңыз келді?
Айдын Айымбетов: — Менің бала кезімде халқымыздың қаһарман ұлдары мен қыздарының ерлігі мен өрлігі менің батыл да табанды болып есейуіме жетеледі. Айтар болсам, Ұлы Отан соғысының батырлары Әлия мен Мәншүк, Валерий Чкаловтың майдандағы қайтпас қайсарлығы таңқалдырды. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыздың шығармаларын оқыған сайын ерліктің шапағаты жаныма қуат берді. Жасы тоқсаннан асып, дүниеден өткен, кеңестік кезеңде ерлігі үшін екі мәрте Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов ағамыздың өмір жолы мені қатты қызықтырды. Менің ұшқыш болсам деген арманым сол батырдың өнегесінен басталды.
— Сіз де бала болдыңыз. Мектепке бардыңыз. Адам өмірінің ең тәтті де алаңсыз шағы балалық қой.
Айдын Айымбетов: — Иә-ә! Адам қанша есейсе де балалық шағына жиі оралады. Өзіміздің алдымызда балаларымыз өсіп келе жатса да, оларға біздің бал дәурен шақтың қызығын айтып тауыса алмаймыз. Сыныптастармен сөйлесе қалғанда, бала күнгі достарымызды сұрастырып, сол сәттегі қызықтарды айтып бір күліп аламыз. Мектепте оқып жүргенде жазғы демалыс сауықтыру орнына баратынбыз. Түнде, тынығу сағатында ұйқымыз келмегенде, көрші топтағы балаларға барып, тіс пастасын біріміздің бетіне біріміз жағып, шек сілеміз қата күлетінбіз.
— Азаматтық және әскери авиация ұшқышы ғарышқа ұша ала ма? Ұшқыш пен ғарышкердің айырмасын балаларға түсіндіріп беріңізші?
Айдын Айымбетов: — Ұшқыш ұшақты, басқа да ұшу аппараттарын меңгерген. Ал, ғарышкер ғарышқа ұшу кезінде ғарыштық техниканы сынақтан өткізетін әрі оны пайдаланатын адам; адамның ғарышқа ұшуынан кейін (1961) пайда болған мамандық. Алғашқы ғарышкерлер әскери ұшқыштар мен ұшқыш-сынақшылар қатарынан таңдалып алынды. Өйткені ғарышқа ұшуға қажетті қасиеттер (ұшу шеберлігінің жоғары деңгейде болуы, апатқа ұшырау жағдайында жылдам шешім қабылдауы, шу, діріл, үдеу, т.б. әр түрлі факторларға төзімді болуы, бақылау жұмыстарын жүргізіп, оны қорытындылай білуі, т.б.) осындай мамандыққа лайықты болуы қажет. Ғарышкер жерді айнала ашық ғарышта да, сондай-ақ, ғарыш станциясы бортында да зерттеу жұмыстарын жүргізе алатын
маман. Ғарышкер болуға кез келген бала ұмтылға-нымен, оған қойылар айрықша талаптары бар. Білімді, әсіресе физика, химия пәнін өте жақсы білетін, денсаулығы ерекше мықты, физикалық дайындығы күшті адам ғана ғарышқа ұшып, зерт-теулер жүргізуге қабілеті жеткілікті болғаны абзал.
— Журнал оқырмандарына, еліміздің бар баласына айтар тілегіңіз қандай?
Айдын Айымбетов: — Қай мамандықты таңдасаң да, мысалы ғарышкер, спортшы, саясаткер, ғалым, дәрігер болсаң да алдымен ата-ана мен үлкен адамның ақылын тыңдап өс. Алға қойған мақсатыңа жету үшін көп ізден. «Талапты бала қанатты құстай» деген даналықты жадынан шығарма.
— Сұқбатыңызға рақмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *