Бейімбет Майлин:«Жаса, балалар, жаса!»

«Мектеп Бекберген атында. Мектеп үйінде Бекбергеннің суреті ілулі. Мұнша ардақталған бұл не қылған Бекберген деген ойға қаласың… Тағы Бекберген? Бекберген кім? Жұмбақ. Енді сұрамай, анығын білмей, не ғып шыдарсың?
— Бекберген дегендерің кім еді? — десең, жұрт бетіңе ажырая қалады.
Бет әлпеттері: «Бекбергенді білмей жүрген бұл кім өзі?» дегендей болады.»

«Ауылдың қотанындағы дөңеске ұзыншалау салынған ағаш үй бірден көзге түседі. Ағашы жаңа төрт терезесі бар. Бірақ бала көп: бықып жатыр, қайнап жатыр; біреу кіріп, біреуі шығып жатыр. Мәз-мейрам боп ойнап жатыр; өздерінше қуанышты, шаттық тойын тойлап жатыр…
— Бұл не қылған үй? — деп сұрасаң, сельсовет мүшесі Қали желбейін көтере түсіп, көкірегін жоғары көтеріп:
— Бұл Бекберген мектебі! — дейді.
Қалиды жаныңа ертіп қатарласа отырып мектепке барсаң, жас балалар ойынын тоқтатып, алдыңнан шығады. Көздері жаудырап, тесіле қарайды. Кім екеніңді білгісі келген секілденеді. Айтқаныңды ынтамен тыңдағысы келген секілденеді. Жан-жағыңнан қамалаған жаудыраған көз, өзіңді де ерітпей қоймайды: ерисің, тұла бойың шалқиды, көңілің көтеріледі, ыржыңдап күле бересің… Әрі-бері тұрған соң, неге айтқаныңды өзің де білмей:
— Жаса, балалар, жаса! — дейсің».

«Бір күні жазғытұрға салым, Бекберген ауылға келді де, бәрімізді жинап алды:
—Мектеп керек пе? — деді.
—Керек! — деп шу ете қалдық.
—Керек болса, — деді, — мектеп осы ауылға орнайтын болды. Сәлімді мұғалімдіктен шығарттым. Мектеп салдыру үшін үкімет ақша берді, — деді.
Ойпырым-ай, мұндай қуанбаспыз. Айқай-ұйқаймен ауылды басымызға көтердік…
Жұмысқа кірістік. Қазан басына ағаш тасыдық. Бір жыл дамыл көрмей жүріп, осы мектеп үйін қалқиттық. Сонда салынған мектеп еді-ау, — деп Қали сөзін аяқтағандай болып, кідіріп тоқтады.»

Үзінділер Бейімбет Майлиннің «Бекберген мектебі» әңгімесінен алынды.

ПІКІР ЖАЗУ