Мұрат Әуезов: Әкемнен көп үйрендім

1943 жылы 1 қаңтарда дүниеге келіппін. Әкем мені қазақ мектебіне қолымнан жетектеп алып барған еді. Билік басындағылар мен сол кездегі зиялылар балаларын тек орыс мектептеріне беруші еді. Алматы халқының 10 пайызы ғана қазақтар болатын. Ол кезде қазақ мектебі екеу-ақ болды. Біреуі — қыздарға, екіншісі — ұлдарға арналған. № 18 қазақ мектебінде оқыдым. Сауатымды сол жерде ашып, негізімді осы мектептен қаладым. 4-сыныптан бастап орыс мектебіне ауысуға тура келді. Бұл мектепке ауысар кезімде әкем маған қосымша екі мұғалім жалдады. Бір мұғалім ағылшын тілінен, енді бірі орыс тілінен дайындады. Соның арқасында жаңа мектепке, 4-сыныпқа жақсы дайындықпен бардым. Достарымның барлығы далада ойнап жүргенде, мені әкем кітап оқы деп үйде отырғызып қоятын.
Орыс мектебінде оқығанда қазақ тілінен еріксіз алшақтай бастадым. Бірақ әкем үйде қазақша сөйлеуімді қатты қадағалады. Бала кезімде інім Ернар екеуімізді алып әкем Ыстықкөлге қатарынан 3 жыл барды. Ол Ыстықкөлдің жағасынан үй салуды армандаушы еді. Әлі есімде, әкем бауырым екеуімізді ертіп алып, әйгілі манасшы Саяқбай Қарабалаевтың үйіне іздеп бардық. Ол кісі «қомыс» деп аталатын музыкалық аспабын қолына алып, «Манасты» «ырдады». Кішкене тыңдаған соң-ақ менің құлағым ашылып, жырды түсіне бастадым. Қуанғаннан әкемнің құлағына «мен түсініп отырмын» деп сыбырладым. Қырғыз тілі біздің тілге өте жақын екенін солай бала кезімнен-ақ түсінген болатынмын.
Әкеммен болашағым туралы көп сөйлесетінбіз. Бірде химик боламын деп шешіп, ардақты әке не дейтінін білгім келіп, ақылдастым. Себебі, мектепте химия пәнін жақсы көруші едім. Мектеп бітіруіме жарты жыл қалғанда райымнан тез қайтып, әкеме тарих пен әдебиетке деген құштарлығымның химиядан басым екенін айттым. Әкем де мені қолдады. Сөйтіп, Мәскеу университетінің шығыстану факультетіне оқуға түстім. Қытай тілін оқыдым. Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Бас директоры сияқты қызметтерді атқардым.
Егерде қазіргі уақытта кімде-кім баласының болашағын ойласа кейін қай тілде оқытса да, балабақшадан бастап кемінде 3-4 сыныпқа дейін қазақ тілінде оқыту керек. Бұл өз өмірімдегі тәжірибем және әкемнің ақылы. Бұл мәселеге әкем қатты мән берген. Келініме талап қойдым, қазақ әуендерін, ертегілерін тыңдат, немеремнің құлағына сіңсін дедім.

Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері — Алаштың ардақтысы,  жазушы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұлы, мәдениеттанушы, ғалым, қайраткер Мұрат Әуезов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *