Тағдыры ұқсас жандар

Ардагерлер үйіне хабарласқанымызда:
— Біздегі ең белсенді де, ақылшы Айымторы есімді апамыз бар — деп ардагер жайлы мағлұматтар берді.
Апаймен хабарласып едік, бізді күтетінін айтты. Дереу жолға жиналдық. «Ай апа». Ол кісіні ардагерлер үйіндегі барлық жан осылай атайды. Бөлмесіне кіріп барғанымызда, тура ұзақ уақыт көріспей, сағынып күтіп отырған туысындай бізді құрақ ұша құшақтай алды. Бәріміз арқа-жарқа бола қалдық.
— Ай апа, сіз актриса емессіз бе? — дедім қимыл-қозғалысына қарап.
— Иә, балам, қайдан байқап қойдыңдар? — деп апа да сұрақпен жауап берді.
Сонымен, әңгімеміз жарасып сала берді.
ТАЙҒАРИНОВА Айымторы Каспийқызы, Ақмола облысының бұрынғы Ақмола ауданының «Шалқар» кеңшарында осыдан 78 жыл бұрын дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылықтан Ұлы Отан соғысына ұласқан ауыр жылдарда өткен. Ата-анадан ерте айырылған соң, аға-жеңгесі бауырына басады. Сабақты жақсы оқиды. Тағдыр тауқыметімен кешкі мектепке ауысады. Күндіз халық сотына іс қағаздарын тасушы (курьер) болып жұмысқа орналасады. Шапқылап жүріп, жұмыс істейді. Бала емес пе?
Қатты шаршаған күндері де аз болмапты.
— Баламын ғой, бірде сот процесі кезінде ұйықтап қалыппын. Сот аяқталғаннан кейін қанша уақыт қалып қойғанымды білмеймін, оянсам қасымда екі қарт отыр. Ерлі-зайыптылар екен. Үйлеріне әкеліп, тамақтандырған соң, апа әңгімеге тартты. Ешнәрсені жасырмай айттым.
— Қызым, қазір жазу мәшинкесінде сауатты, таза әрі жылдам басатын адам табылмайды. Мен саған осы жұмысты үйретейін, — деп таң атқанша мәшинке бастық. Ертесіне сағат 9.00-да сотқа келіп, мәшинке басатынымды айттым. Сараптан өтіп, жұмысқа орналастым.
1956 жылы Алматыға келіп, Алматы облыстық сотына орналастым. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым, — дейді өткенін еске алған Ай апа.
Тума талантын байқатқан оны М.Әуезов атындағы өнер студиясына шақырады. Халық әртісі Хадиша Бөкееваның үйінде тұрады. Театрда Нұрұхан Жантурин, Рахия Қойшыбаева сынды өнер саңлақтарымен спектакльде партнер — серіктес болды.
Театрда 15 жыл жемісті еңбек еткен Айымторы Қаспийқызы кезінде қаншама киноға түсті. Кейін де қарт ананың роліне шақыртулар алып тұрады.
Ардагерлер үйі дегені болмаса, мұнда жайлы, жылылық байқалады. Қарттар өте ұйымшыл, бір-біріне жанашыр.
(Өз тілшімізден)

Мұқабада:
Рано ТОҚТЫБАЙ, Самат АНДРЕЕВ, Айымторы апа ТАЙҒАРИНОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *