Құрметті “Мөлдір бұлақ” танымдық журналының жас оқырмандары!

Қадірлі жас достар!
Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр жыр жампозы, қазақтың ақындық өнерінің туын биікке көтеріп, ауыз әдебиетінің ғажайып үлгісін дүние жүзіне танытқан ХХ ғасырдың Гомері ақын — Жамбыл Жабаев екені сіздерге мәлім. Тарих бетін парақтасаңыз асыл сөзді ақ алмастай жарқылдатып өткен бабаларымыз қаншама? Солардың бірі һәм бірегейі кестелі сөзбен көркем ойдың сұңғыла суреткері, суырыпсалма ақындық өнердің алдас-паны, жыр алыбы — Жамбыл Жабаевтың туғанына үстіміздегі жылдың 28-ақпанында 170 жыл толды. Ақынның мұрасын қайта жаңғыртып, әні мен күйін туған жер төсінде асқақтатып, Алатау алыбына Жәкең жырынан шашу шашып, болашақ ұрпаққа өнеге ету баршамыздың ортақ парызымыз. Бұл дәстүр халқымыздың ақындық өнерге деген құрметі, ұрпаққа рухани нәр мен тәрбие берудің қайнар көзі.
Ақын шығармаларындағы басты тақырып — өмір шындығы, елдік пен ерлік, ел бірлігі, достық. Ол осы өмірлік қағиданы арқау ету арқылы ұлттың рухын асқақтатып, мерейін тасытты.
Жас ұрпақтың бойына парасаттылықтың, адамгершіліктің, ізгіліктің асыл қасиеттерін дарытып, ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында аудан, облыс, республика көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Халық тарихында өшпес із қалдырған ақынның жарқын бейнесі біздің жас ұрпақ үшін аса қадірлі, аса қымбат. Ақынның жас буынға арналған әр сөзі ақыл мен нақылға толы. “Балаларға”, “Бесік жыры” атты жыр жинақтары өскелең ұрпақтың жан дүниесін байытады.
Жамбыл жырлары жастарымыздың тәрбиесіне, олардың еңбекшіл, талапшыл,
білімді, отансүйгіш болып өсуіне айрықша көмектеседі.
Жамбыл тойы — қазақ өнерінің тойы, қазақ мәдениетінің мерекесі. Ақыннан қалған мұраны, ақын рухын бүгінгі ұрпақ жадына жаттап өсуі тиіс. Жамбылды оқып, ой-өрістеріңіз кеңейіп, рухани нәр алыңыздар. Сіздерді адалдық пен әділеттілік, ізгіліктің жыршысы Жамбыл бабамыздың мерейтойымен шын жүрекпен құттықтаймын.
Сіздерді Жамбыл бабамыздың рухы қолдасын!

Құрметпен,
Жамбыл ауданының әкімі: Ж.Е.ДАЛАБАЕВ
Алматы облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *