Балаларға ақыл

Бөлтірік ӘЛМЕНҰЛЫ (1771–1854 жж)

Бөлтірік ӘЛМЕНҰЛЫ (1771–1854 жж)

Бар дүниені шашпа,
Жоқ дүниені қума.
Шашқан шет болар,
Қуған ит болар.
* * * * *
Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиеті жоқты қадір тұтпа,
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
Кішілігіңді кемшіліктей көрер.
Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,
Кісілігіңді ерсіліктей көрер.
* * * * *
Тегі жаманды тең тұтпа,
Тілегі жаманды ес тұтпа.
Тегі жаманды ес тұтсаң,
Төріңе шығар.
Тілегі жаманды ес тұтсаң,
Төбеңе шығар.
* * * * *
Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.
* * * * *
Екпесең де,
Жерің болсын.
Ішпесең де,
Суың болсын.
Сулы жер — нулы жер,
Нулы жер — рулы жер.
* * * * *
Жақсы деген кісінің
Алды-арты бірдей жарық болар,
Жақсы деген ісіңнің
Бас-аяғы бірдей анық болар.
Жаман деген кісінің
Алды-арты бірдей жау болар,
Жаман деген ісіңнің
Бас-аяғы бірдей дау болар.
* * * * *
Ауру болар түбінде
Артық ішкен асыңыз.
Орта құрсақ жүрсеңіз,
Аман болар басыңыз.
Ашылып кетсе араның,
Аурудың түбі ас болар.
Ақылы жетпей кейбіреу,
Ақылдыға қас болар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *